Алаш идеясын жүзеге асыратын кез жетті

Уақыты: 25.09.2017
Оқылды: 1591
Бөлім: ТҮПСАНА

Сайын сахараның әр өңірінде жанартаудай жарылған жалын жүректі Алаш арыстары арман - мақсатын бір арнаға тоғыстырды.  Олар сан салада жүрсе де  ізгі мұраттары – ел көсегесін көгертумен ұштасты. Мұнармен бүркелген қараңғы қоғамды қысастық пен құсалықтан құтқарған арыстар халыққа білім шырағын ұстатып, жүрегіне сенім ұялатты. Сол сенімнің себезгілеп нұр таратар тұсы Алашорда үкіметінің құрылуымен сабақтасты.

Сынаптай сырғымалы уақыттың жүйріктігіне дау бар ма?! Осыдан бір ғасыр бұрын иісі қазақтың бақытты болашағы үшін бас қосқан арыстардың қозғалысы бүгінгі таңда ел тарихының елеулі тарауына айналды. Ал қабырғалы қайраткерлердің сол кездегі ерліктері бүгінгі ғалымдар мен тарихшылардың том-том кітаптарында көрініс тауып, рухты сөздеріне арқау болып келеді. Оған дәлел – Алаш қозғалысының 100 жылдық мерейтойына орай және Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын іске асыру мақсатында Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде өткен республикалық ғылыми-практикалық конференциясы. 
 «Алашорда қозғалысының ұлт тарихындағы орны мен маңызы» атты ғылыми конференция арыстардың өмірі арқау етілген бейнефильммен басталды. Одан кейін ақын, композитор, ҚР Мәдениет қайраткері Төлеужан Ғұмар рухани шараның тізгінін ұстап, арыстардың арқасында бүгінгідей азаттықтың ақ самалына кеуде тосып, арайлы күн шұғыласына бөленіп келе жатқандығымызды жеткізе келе, шара қонақтарын таныстырып өтті.
Басқосуда Алаш қозғалысын зерттеуге ширек ғасырын арнаған белгілі ғалым, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің академик Т. Садықов атындағы Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді алғашқы болып сөз алды.
– Алаш қозғалысын зерттеу барысында Мәскеу сынды бірнеше қаланың және НКВД архивтерін ақтарып, тарихи құжаттарды саралап, оның халыққа қажетті тұсын айшықтап көрсетіп жүргеніміз көпке мәлім. Соның негізінде «Алаш қозғалысы» атты 2 томдық монографиялық кітабым жарық көрді. Кезінде Алаш арыстарының атын атай алмайтын күнді басымыздан өткерсек, бүгін қайраткерлердің ерен ерлігінің арқасында өзге халықтармен тең дәрежеде ғұмыр кешіп жатырмыз. Жер жаннаты атанған Жетісудың төріне келгенде Алаш қозғалысы туралы көңілде жүрген көп дүниенің басын шалғым келеді. Әуелі, ел ішінде «Алаш қайраткерлері ақталды» деген сөз дүркін-дүркін айтылып жатады. Бұл не сөз? Шындығына келсек, ақталатындай кімнің алдында кінәлі еді? Ал арыстар несімен жазықты? Біле білсек, бұл кезіндегі коммунистік партияның шығарған байламсыз пікірі. Осы орайда әр уақытта айтып жүрген сөзімді қайталағым келеді: біз Алашты жоқтап болдық, енді жоқтай беруді тоқтатып, олардың идеясын жүзеге асыруды қолға алуымыз керек, – деді профессор. 
Кешегі кеңестік империяның солақай саясаты салдарынан қазақ халқының саны күрт кеміген болатын. Мәселен, бір ғасыр бұрынғы санақ бойынша өзбек ағайындар 3 миллионға жетер-жетпес күйде болғанда, қазақ халқы 6 млн. 300 мыңға жеткен. Алайда, қолдан жасалған аштық пен солақай саясаттың озбырлығынан қазақтың 40 пайызға жуығы жер құшқан. Салыстырмалы түрде алар болсақ, бүгінде өзбектер 32 миллионға жетсе, біз қысастық пен қырғын салдарынан 11 миллионнан әзер астық. Сөз арасында осы деректі жеткізген ғалым Мәмбет Құлжабайұлы мектеп қабырғасында алашордашылар қаншалықты насихатталып, оқытылып жатқандығын дөп басып айта алмайтындығына алаңдаулы екенін ашып айтты. Сөз соңында жаңадан жарық көрген «Алаш қозғалысы» монографиялық еңбегінің екінші томдығын университет кітапханасына табыс етті.
Өз кезегінде сөз алған «Арыс» қорының президенті, филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Әнес «Х. Досмұхамедұлының оқулықтары – мәдени-педагогикалық мұра» тақырыбында баяндама жасады. Ғылым докторы Халел жайлы тың деректерді алға тартып, оның қайраткерлігі мен күрескерлігін баяндады. Сонымен қатар, Әлімхан Ермековтің математик, Мұхамеджан Тынышпаевтың теміржолшы, Халел Досмұхамедұлының дәрігер болғаны, олар сан салада жүрсе де ұлт намысы сынға түскен шақта бір мақсатқа жұмылғаны сөз етіліп, бүгінгі таңда арыстардың өмірі және атқарған ісі тек гуманитарлық саладағы жандарға ғана керек болып қалғаны ашық айтылды. Ғалым Алаштың сан салада жүрген барша баласы бабалар бастап кеткен ұлы идеяны жүзеге асыруда мейлі, ол технолог, мейлі, ол гуманитарлық маман болсын, біркісідей атсалысуы керектігін алға тартты.
Рухани шара барысында Түркия мемлекетінің тумасы, бүгінгі таңда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде оқытушылық қызмет етіп жатқан, аталмыш жоғары оқу орнының Қазақстан тарихы кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының докторы Осман Кабадайы сөз алып, Алаш тарихына түрік халықтарының қызығушылығы жоғары екендігін атап өтті. Сонымен қатар, Әлихан Бөкейхан бастаған арыстардың өмірі мен шығармашылығы жайлы танымдық-тағылымдық мақалалар Түркия мемлекетінің баспасөз бетінде дүркін-дүркін жарық көріп жатқандығын мақтанышпен атап өтті. «Бізді дос мемлекет деп айтады. Бұл қате пікір, қазақ пен түрік – дос емес, одан да жақын бауыр. Сондықтан да тарихы мен тамыры бір халық болғандықтан, алашордашыларды зерттеуді біз де қолға алдық. Тіпті, Мағжан Жұмабаев сынды ақын-жазушылардың шығармасын түрік тіліне аударып, біртуар қаламгерлердің бал тұнбасынан рухани шөл қандырып келеміз», – деген   О. Кабадайы екі елдің тарихына алтын көпір орнатты. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Шамек Тілеубаев «Алаш қайраткері – Ыбырайым Жайнақов» тақырыбында баяндама жасап, Алаш ардақтысының тұлғалық болмысын, тағдыр талайына жазылған сүрлеу мен сол сүрлеуде арқалаған елдің жүгін мейлінше айқын айшықтап өтті.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ