Ұрпағын ойлаған ел ұстазын ұлықтайды

Уақыты: 28.09.2017
Оқылды: 1258
Бөлім: ТҮПСАНА

Әрбір шәкірттің өзі қалап, жылдар бойы тәлім алған білім шаңырағы, ұстаздарының аяулы бейнесі жүрек түбінде сақталуы заңдылық. Сондықтан да, бүгін ой-өрісі жоғары, зерделі, парасатты, ұрпақ тәрбиесіне елеулі үлес қосып, шәкірттері мен ұжымының ыстық ықыласына, сый-құрметіне бөленіп жүрген ұстаздарым, 45 жылдық тарихы бар оқу ордам, оның ішінде қаржы кафедрасының тыныс-тіршілігі туралы тілге тиек еткім келеді.

2009-2010 оқу жылында білімнің қара шаңырағы атанған І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің қаржы мамандығының 1-курс білімгері болып студенттер қатарына қабылданып едім. Онда тәжірибелі де білімді, өз мамандығының хас шебері, кәсіби оқытушылардан білім алдым. 2012-2013 оқу жылында ғылыми және педагогикалық бағыт магистранты атандым. 2014 жылы магистратураны аяқтап, үлкен өмірге жолдама алғанмын. 2016-2017 оқу жылынан жоғарыда аталған білім шаңырағында аяулы да ардақты ұстаздарымызбен қатар қызмет етудемін. Мен арманымның іргетасын өзімнің ардақты ұстаздарыма қарап қалаған болатынмын. Ұстаздарымды ұлықтау міндетім деп білемін. 
Алдымен, кафедраның тарихына тоқталып өтсем, ол 1999 жылдан бастау алады. Осы жылы қаржы және несие мамандығы бойынша алғаш рет студенттер қабылданған болатын. Алғашында кафедра «Есеп және қаржы кафедрасы» деп аталыпты. Құқық және экономика факультетінің қаржы кафедрасы жеке құрылымдық бiрлiк ретінде 2008 жылдан жұмыс істей бастады. 2011 жылдан бастап қаржы мамандығы бойынша бейіндік, сонымен қатар ғылыми және педагогикалық бағыттардағы магистратура білім бағдарламасы бойынша мамандарды даярлайды. Мамандық түлектеріне келесі академиялық дәрежелер беріледі: «5В050900-Қаржы» – экономика және бизнес бакалавры; «6М050900-Қаржы» (кәсіби бағыт) – экономика және бизнес магистрі; «6М050900-Қаржы» (ғылыми және педагогикалық) – экономика ғылымдарының магистрі.
«Қаржы» кафедрасының қызметі Болон процесі қағидаларын қанағаттандыратын білім берудің барлық сатысында ғылыми ізденіске, үзіліссіз кәсіби білім беруге негізделген. 2015 жылдың наурыз айында ACQUIN Аккредитациялық Кеңесінің шешімімен «Қаржы» кафедрасының бакалавриат және магистратура білім бағдарламалары халықаралық аккредитациясынан өтті.
Кафедраның дамуына елеулі үлес қосқан, әр жылдары кафедраны басқарған, э.ғ.к., доцент Б. Қажы-Кәрім, профессор К. Блеутаева, аға оқытушы З. Ахметова,  доценттер А. Ағымбай, С. Абдибеков, профессор Д. Қалдияровтың есімдерін ерекше айта кеткім келеді. 2016 жылдың маусым айынан бастап осы күнге дейін кафедраны э.ғ.к., доцент Г. Лухманова басқарып келеді. 
Жоғары ғылыми және ғылыми-педагогикалық әлеуеті бар кафедра ұжымы білім беру аясында белгіленген стратегиялық міндеттерді жүзеге асыруға үлкен үлес қосып келеді. Кафедрада білім беру қызметін білікті оқытушылар құрамы жүзеге асырады: Атап айтсақ, олар – э.ғ.к., доцент, кафедра меңгерушісі Г. Лухманова, профессорлар К. Блеутаева, Д. Қалдияров, 2016 жылғы «ҚР Жоғарғы оқу орындарының үздік оқытушысы» грантының иегерлері – Б. Шомшекова, М. Сейсекенова, магистр, аға оқытушылар – З. Ахметова, Н. Сыздықбаева, В. Бурнашева, А. Нұртаева, А. Бастаубаев,А. Беделбаева, магистр, оқытушылар – С. Абдықалық, О. Лемещенко.
Ендігі кезекте, кафедраның оқу-әдістемелік қызметі туралы айта кетсем, 2013-2016 оқу жылдары аралығында кафедраның оқытушылары біліктілігін жоғарылатты. Осы мақсатта «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығында «Жоғарғы оқу орындары оқытушыларының біліктіліктігін арттыру» тақырыбы бойынша        А. Беделбаева, З. Ахметова,      А. Нұртаева Дюссельдорф қаласындағы менеджмент және технологиялар INTAMT Халықаралық академиясында «Германия университеттерінде инновациялық әдістер және оқыту технологиясы» тақырыбы бойынша В. Бурнашева, MSU Малайзия «Кадрларды басқаруға даярлау бойынша Көшбасшылардың бағдарламасы» негізінде Д. Қалдияров біліктілікті арттыру курстарынан өтті. 
Қаржы кафедрасының профессорлық-оқытушы құрамы әдістемелік семинарлар және біліктілікті жоғарылату курстарына белсенді қатысады. Соның нәтижесінде 2013-2014 оқу жылында қаржы кафедрасының профессорлық-оқытушы құрамы 27 сертификат, одан кейінгі оқу жылында 25 сертификат, 2015-2016 оқу жылында 27 сертификат иеленді. Кафедра үшін үлкен жетістіктердің бірі – 2016 жылы кафедраның оқытушылары үш электрондық оқулыққа авторлық құқық иеленуі. Олар – «Инвестицияны қаржыландыру және несиелеу» бойынша          Д. Қалдияров, Н. Сыздықбаева, «Инвестициялық жобаларды талдау және бағалау» негізінде Д. Қалдияров., А. Беделбаева, «Налогообложение в РК на современном этапе» тақырыбы аясында Д. Қалдияров, В. Бурнашева. 
Кафедраның 2016 жылдың 9 айындағы ғылыми-зерттеу қызметінің қорытындысы бойынша профессорлық-оқытушы құрамы халықаралық және республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдарына 30 мақала, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті бекіткен басылымдарда және РИНЦ журналдарында 18 мақала жариялады. Соңғы үш жылда кафедра бойынша жеті мақала импакт-факторы бар SCОPUS базасына енетін журналдарға жарияланды.
Кафедра академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша 2012 жылдан бастап белсенді жұмыс атқарып келеді. Бұл орайда бірқатар жоғарғы оқу орындарымен сыртқы және ішкі академиялық ұтқырлық туралы келісімшарттарға отырған. Сол іс-шараның дәлелі ретінде айта кетсем, 2013-2014 оқу жылында Омск гуманитарлық академиясында 2014 жылдың сәуір айының 13-і мен 27-жұлдызы аралығында оқытушыларымыз ғылыми тағылымдамадан өткен болатын.
Қаржы кафедрасының жоғары ғылыми-педагогикалық әлуеті мен заманауи материалдық-техникалық базасының арқасында облысымыздың индустриялды-инновациялық дамуына үлесін қосатын жоғары білікті кадрларды даярлауға мүмкіндігі зор. Оқу шаңырағы аудиториялық қормен, компьютерлік және оқу лабораторияларымен, оқу және спорт залымен қамсыздандырылған.
Жалпы қаржы мамандығының білімгерлері университеттің қоғамдық өміріне, облыс, қала көлеміндегі барлық мәдени іс-шараларға белсене қатысып, облыс әкімінің, ректор гранттары мен Алғыс хаттарын иеленуде.
Кафедра түлектерінің басым бөлігі ірі салалар мен бөлімдердің басқарушылары болып елге қызмет етуде. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Е. Алпысов, Қапшағай қаласының әкімі Т. Қайнарбеков, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі жұмыстары жөніндегі Комитет төрағасы     Д. Тұрлыханов, «Казкоммерцбанк» АҚ Талдықорған қаласы, филиалының басшысы Е. Хан, «БН Капчагай» ЖШС директоры Л. Лян, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Р. Алпысбаев бар. Кафедра түлектері барлық салада, кәсіпорындар, қаржылық органдар мен сақтандыру ұйымдарында, банктерде, ипотекалық, лизингтік, факторингтік, брокерлік, зейнетақылық, инвестициялық компанияларда, бағалы қағаздар нарығында еңбек етуде. Сонымен қатар, өз ұстаздарының жолын жалғастырып, жоғарғы оқу орындарында оқытушы болып жүрген А. Бастаубаев,         В. Бурнашева, А. Адамов, Ф. Гаджиев, Д. Бабаш,  А. Дайырбекова, А. Дуйсебаева,  М. Абдикримова, Ж.  Бейсенбаева,  С. Абдықалық, О. Лемещенколар сынды түлектеріміз біз үшін зор мақтаныш. 
Өскелең ұрпақты тәрбиелеп, білім берудегі қосып отырған еңбектері елеулі ұстаздар қауымы жайындағы айтарымыз қаншалықты көп болса, жасалынып жатқан игі істері де телегей-теңіз екені айқын. Қай заманда болсын, ұстаздарға құрмет жоғары болған. Бүгіннен немесе кешеден ғана ұлы мамандық иелеріне құрмет көрсетіліп келе жатқан жоқ, ықылым заманнан бері ұстаздықтың шоқтығы биік. Білім берумен қатар, ғылым жолында да үлкен үлес қосып келе жатқан жандарға ілтипат таныту – адамгершілігіңнің ілгері басуының бір қадамы. Өйткені ұстазға құрмет көрсету – білімді асқақтатумен бірдей. Білімді құрметтемеген, ұстазын қадір тұтпаған шәкірттің ғылымда нәтижеге қол жеткізе алмайтындығы, қол жеткізсе де, тиісінше кәдеге асыра алмайтындығы анық. Ақырын жүріп анық басып, Алатаудың қарындай ғасырлар бойы жинаған адами бейнесін жоғалтпай, өскелең ұрпаққа тәрбие мен білім шуағын төге, өз мамандығының ыстық-суығына көне, ешкімнен еш нәрсені талап етпей, ақылының кеңдігімен білімгердің көңілін баурап алатын қасиеттеріңіздің алдында қарыздармын.
Ұстаз – тіршіліктегі шырақтың сөнбес ошағы тәрізді. Сондықтан да, ұстаздарым салған сара жолды сарқылмас қазынадай көріп, жалғастыру біздің міндет деп сөзімді түйіндегім келеді. 


Самал Абдықалық,
І. Жансүгіров атындағы ЖМУ қаржы кафедрасының  оқытушысы, магистр.