Мерейтой мектебінде басталды

Уақыты: 30.09.2017
Оқылды: 2063
Бөлім: ТҮПСАНА

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты  мақаласында туған жерге қатысты айтылған тағылымды тұжырымдар әсіресе руханият саласында еңбектеніп жүрген зиялы қауымға ерекше әсер етті. Бұл орайда ұлт мүддесіне қалам қарымымен қызмет етушілердің алар орны айрықша. Солардың бірі Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Президентінің баспасөз саласындағы грантының иегері, облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Нүсіпбай Әбдірахым Жетісу жұртшылығына журналист, ақын, жазушы ретінде танымал. Өңірдің баспасөз саласын заман талабына сай дамытуға елеулі үлес қосып, ұзақ жылдан бері журналистиканың қара қазанында қайнаған қаламгер биыл алпысқа толады. Жуырда ол өзі туып-өскен жұртына арнайы барып, жерлестерімен жүздесті.

«Жырдың қара жорғасы» атанған Үмбетәлі ауылы Нүсіпбай Додабайұлына ат жалын тартып мінгізіп, үлкен өмірге аттандырған алтын бесік. Бұл ауылдан екі бірдей Халық ақыны Үмбетәлі Кәрібаев пен Әсімхан Қосбасаровтың шыққаны белгілі. Белгілі ақын Надежда Лушникова да осы ауылдың келіні. «Ағаға қарап іні өсер» дегендей, ағаларының ізін басып келе жатқан кейінгі толқын інілері де бар. Қазақ елінің қос ғарышкерінің бірі Талғат Мұсабаевтың да кіндігі кесілген киелі мекен осы. 
Үмбетәлінің осыдан үш жыл бұрын аталып өткен 125 жылдық мерейтойына байланысты ақын ауылы қайта түледі. Жолдар, әлеуметтік нысандар жөнделіп, халыққа қызмет көрсету орындары көптеп бой көтерді. Көше көркейіп, ауыл ажары адам танымастай өзгерді. Сол тойда облыс әкімі Амандық Баталов лентасын қиған ақын саябағы қазір ауылға ерекше сән беріп тұр. 
«Туған жер» бағдарламасы аясында «ауылым – қасиетті қауымым» деген ақжүрек көңілмен Талдықорғаннан алып-ұшып жеткен Нүсіпбай аға алдымен ақын бюсті қойылған осы саябақты шолып шығып, Үмбетәлі мұражайына табан тіреді. Бірге еріп келген қаламдастарымен мұражай ішін аралап шыққан соң Үмбетәлінің 1949-1969 жылдары тұрған үйінде ақын рухына құран бағышталды.
«Туған жерге тағзым» атты кездесу Үмбетәлі Кәрібаев атындағы орта мектептің жиынжайында болды. Оны мұражай меңгерушісі, ақын Әуелбек Ысқақов атасы Үмбетәлінің өлең-жырымен тұздықтай отырып тартымды жүргізді. Бұдан жарты ғасыр бұрын бала Нүсіпбай дәл осы мектепте білім нәрімен сусындаған болатын. Сондықтан кеш те өте әсерлі, балалық шақтың бал қылықтарын еске түсіріп, көңіл толқытарлық күйде өтті. Сол кездегі сынып жетекшісі Әлия Үмбетәліқызы оқушысының қандай болғаны жайлы қызықты әңгімелесе, сыныптастары Мағазбек Имашев, Асқар Нұрбеков, Нұрбай Төлешбаев, Базаркүл Байкеева және Рая Әлімбаевалар лебіз білдірді. Шопанның қарадомалақ баласынан қазақ елінің қабырғалы қаламгеріне дейінгі өмір белестерінен слайд арқылы фотосуреттер көрсетіліп, кездесуге қатысушылар назарына арнайы ұйымдастырылған көрме ұсынылды.
Кездесуде білім ұясының қазіргі шәкірттері өнерге талабы барын жан-жақты байқатты. Әдебиет үйірмесіне қатысушы он алты оқушы Нүсіпбай Әбдірахымның өлеңдерін жатқа оқыды. Өлең жазуға талабы бар 7, 8 сыныпта оқитын Нұрәли, Ақтілек, Әсемай, Әділжан, Өміргүл есімді ұл-қыздар мен олардың ұстазы Салтанат Алыбаева мерейтой иесіне арнауларын айтты. 11-сыныпта оқитын Нұртілеу Әсімхан мен Ерасыл Хабиден домбырамен «Балбырауын» күйін  төгілтті. Мектептегі «Аққу» би үйірмесіне қатысатын Арай, Әмина, Ақниет, Аружан әдемі ұлттық киіммен «Қазақ» биін орындады. Назерке Батырбек «Қазақстан» әнін айтты. 
Өрендердің мерейтой иесіне қойған сұрақтары да сан алуан. Жас кезіңізде айналысқан боксты неге одан әрі дамытпадыңыз, қай сабақты сүйіп оқыдыңыз, қанша жастан өлең жаздыңыз, журналист болсам деймін, соған қандай ақыл-кеңес бересіз деген тәрізді түрлі сұрақтарына толымды, тағылымды жауаптар алды. 
Бүгінде бұл мектепте 705 оқушы бар, оларды 62 мұғалім білім нәрімен сусындатуда. Өткен оқу жылында түлектер ҰБТ-дан орта есеппен 74 балл алып, аудан бойынша 10-шы орын иеленіп, мектеп абыройын асқақтатты.
Асқаралы алпысыншы асуына көтерілген жерлес қаламгерді Шолаққарғалы селолық округінің әкімі Мақсат Керімбаев құттықтап, иығына зерлі шапан жапты. Ақжарма ізгі тілектерін кезінде Нүсіпбаймен бірге қызмет атқарған ҚР Мәдениет қайраткері, журналистика саласының ардагері Күмісжан Байжан мен Қазақ ұлттық аграрлық университетінің «Айтұмар» баспасының директоры, ҚР Мәдениет қайраткері, ақын Манарбек Ізбасар, республикалық ғылыми-педагогикалық «Тәрбие құралы» журналының бас редакторы, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты  Әбубәкір  Қайран, облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары, ақын Жұматай Әміреев, Жамбыл аудандық «Атамекен» газетінің бас редакторы, ақын Рәтбек Терлікбаев білдіріп, арнау өлеңдерін оқыды. Сондай-ақ осы ауылда тұратын ақын-жазушылар Зұқай Шәрбақын мен Әсімхан Майлыбаев естеліктер айтып, арнау өлеңдерін, айтыскер жас ақын Айдана Қайсарбекқызы барша ағаларға арнаған өлеңін оқыды. Округ ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Әбдібаев пен Үмбетәлі орта мектебінің директоры Оксана Әсімханова жылы лебіздерін білдірді. 
Ақ тілектер ағытылған кеште Нүсіпбай Әбдірахымның сөзіне жазылған «Қара жорға» әні шырқалды. Ауылдың «Бөпежан» әжелер ансамблі сызылта ән салды.
Соңынан мерейтой иесі сөз алып, туған жерге деген ыстық ықыласын, ағайынға алғысын білдірді. Мектебіне музыкалық орталық және біраз кітап сыйлады. Үмбетәлі мұражайына да кәдесый тарту етті. 
Туған жерге тағзым еткен Нүсіп аға мен Мәкен жеңге ауылдан мерейі асып аттанды.

Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Үмбетәлі ауылы,
Жамбыл ауданы.