Ұлтаралық татулықтың ұстыны

Уақыты: 14.02.2018
Оқылды: 1290
Бөлім: ТҮПСАНА

Ұлы даланы мекендеген жүзі басқа, жүрегі бір, тілі басқа, тілегі бір ұлттар бірлігін бекемдеп бейбіт өмір сүруде. Осыншама ұлт пен ұлыстың өкілінің бірге тұрып, араласа қызмет етуі, ынтымағын жарастырып отырғаны – үлкен жетістік. Оған қоғамдық келісім мен ұлтаралық ынтымақты нығайту мақсатында жұмыс жасайтын облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының» ықпалы зор.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жариялануы өткен жылдың басты оқиғаларының бірі болғаны белгілі. Бұл дегеніміз – сананы жаңғырту, ел азаматтарының бойындағы рухын ояту, мәдениетке, дәстүрге деген құлшынысты арттыру. Мақалада айтылғандай, біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу. 
Бұл мақала ұлтаралық татулықты нығайтуда үлкен рөл атқарып отыр. Облыс көлемінде Елбасымыз атап көрсеткен бағыттар аясында біршама іс-шаралар жүргізілуде. Атап айтқанда қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған 130-дан астам әртүрлі іс-шара өткізілді.
«Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мегажобасы аясында Жамбыл, Балқаш аудандары, Қапшағай қаласында «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» тақырыбында қоғамдық келісім кеңестерінің отырыстары, қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын тиімді әрі сапалы жүзеге асыру мақсатында «Этномәдени бірлестіктер мен «Қоғамдық келісім» мекемелерінің қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын жүзеге асырудағы қызметі» тақырыбында республикалық тәжірибелік семинар, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мүшелерінің қатысуымен «Қазақстанға ыстық ықыласпен», «Атажұртты аңсау» республикалық форумы өткізілді.
«Туған жер» бағдарламасы аясында 18–21 қыркүйек аралығында І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетімен бірлесіп «Рухы бекем, киелі мекен – Жетісу» атты Жетісудың сакралды жерлеріне ғылыми-танымдық экспедиция ұйымдастырылды. Облыстық деңгейде алғаш  рет жетекші журналистер мен сарапшылар клубының «Шаңырақ» шығармашылық байқауы өтті. Облысымызда үздік деп танылған «Жетісу телеарнасының» тілшісі, «Единый народ» бағдарламасының жүргізушісі Гүлназ Мұстафа республикалық байқауда  жүлделі екінші орынды иеленді. Сондай-ақ «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасына облысымыздан қатысқан Руслана Хван, Владимир Тен, Диана Щербакова, Алма Досыкеновалар 4 бағыт бойынша жеңімпаз атанды.
Латын әліпбиіне көшу мәселесі қоғамды біраздан бері толғандырып келеді. Менің ойымша, әлемнің сексен пайызы латын әліпбиімен жазатын бүгінгі заманда оған көшу тіліміздің болашағына сеніммен қарауға, ұлттық кодымызды сақтауға жол ашады. Осы орайда қазақ тілінің латын әліпбиіне көшудегі маңызы мен рөлін түсіндіру мақсатында әр ауданда «дөңгелек үстел», кездесулер өтті.
Былтыр республикамызда алғашқы болып, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы бағыттарды іске асыру мақсатында мәдени-танымдық «Рухани жаңғыру» орталығы ашылды. Достық үйін тағы бір бөліммен толықтырған орталықтың салтанатты ашылуына қатысқан облыс әкімі Амандық Баталов алдағы міндеттерді айқындап берді.
Билығы 10 қаңтар күні Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы жарияланып, дүйім жұрттың көңілін тербеген мәселелер әңгіме өзегіне айналды. Президентіміздің жыл сайынғы Жолдауы ең алдымен мемлекетіміздің даму бағдарын айқындаса, екіншіден, межеленген міндеттерді саралуға, ой елегінен өткізуге мүмкіндік береді. Сондықтан болар, Елбасының жыл сайынғы Жолдауын үмітпен күтуге дағдыландық. Жаңа мақсаттар мен міндеттерді айқындап, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын жолдау халықтың болашаққа деген сенімін нығайтары сөзсіз.
«Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» деп аталатын Жолдау біріншіден «Қазақстан –2050» даму стратегиясына, «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарына негізделіп, 10 нақты міндетті алға қо-йып отыр. Мемлекет басшысы қойылған міндеттердің әрқайсысына дәл түсініктеме бере отырып, оның болашақтағы тиімділігі мен нәтижесіне тоқталды. Сондай-ақ, онда ел дамуының әр саласындағы өзекті мәселелер қамтылған. Осы орайда, ұлтаралық татулықтың ұстынына айналып отырған облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы» Жолдауды насихаттап, талқылау, пікір алмасу мақсатында «дөңгелек үслел» отырыстары мен кездесулер өткізуде.
Алдағы уақытта, Президент Жолдауының мән-мағынасын халыққа дұрыс жеткізу сіз бен біздің қолымызда.

Т. ҚАСЫМБЕРКЕБАЕВ,
«Достық үйі –
Қоғамдық келісім орталығы» КММ-нің директоры