Анадолыда өткен алтын күн

Уақыты: 16.02.2018
Оқылды: 1433
Бөлім: ТҮПСАНА

2014 жылы Қазақстанның ақпарат кеңістігіне жол тартып, отандық музейлердің жұмысын жетілдіруге үлесін қосып келе жатқан «Kaz museum.kz» сайты биылғы жылды ерекше қарқынмен бастады. Еліміздегі бір топ музей қызметкерін Түркияда өткен халықаралық тағылымдамаға алып барды. Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі мен Түркия Мәдениет және туризм министрлігінің қолдауымен болған шара «Рухани жаңғыру» жобасы аясында іске асты. 

Астана, Алматы, Талдықорған, Түркістан, Атбасар, Жезқазған, Есік қалаларынан жиналған 10 музей маманы елордамыз Астанада бас қостық. Бір салада жүрсек те бір-бірімізді көрмегенбіз, бірақ ескі таныстардай шұрқырай амандастық. Түнгі сағат 3-те Арқа төсіндегі Назарбаев әуежайынан көтерілген ұшақ Анадолы жұртына таңғы сегізде жетті. Анкара әуежайынан қарсы алған түрік бауырлар бізді бірден қонақүйге орналастырды. 
Ертеңгі күнгі жұмыс сапарымыз Анадолы мәдениеттері музейінен басталды. Музей директоры Енвер Сағыр:
– Музей ісі саласында Түркияның өз ерекшелігі бар. Бізде бұл салада белгілі стандарттар қалыптасқан.  Сондықтан музей ғимаратын салу ісінен бастап, ішкі әрбір жұмысына жіті мән береміз. Музейіміз археологиялық қазбалар кезінде табылған құндылықтармен тығыз байланысты болғандықтан, қазба жұмыстарын да жүргіземіз. Негізінен бұл іспен еліміздің жоғары оқу орындары айналысады. Оқу орындары ұйымдастырған қазба жұмыстары әрине музейлермен бірлесе жүргізіледі, – дей келе Түркия музейлерінің ерекшеліктерімен таныстырды. 
Сонымен қатар, қазақстандық әріптестерімен алдағы уақытта бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниетті екендігін жеткізді. Оның сөзіне қарағанда Түркия соңғы жылдары АҚШ, Ұлыбритания, Франция тәрізді елдердегі ұлттық жәдігерлерін қайтаруға күш салған. Мысалы, былтыр Осман империясынан қалған бірнеше тарихи экспонат қайтарылған.
Сондай-ақ, «Этнография музейі», «Сурет және мүсін музейі», «Түркияның ІІ Ұлы Ұлттық Мәжілісі» тәрізді ірі мұражайларын да аралап көрдік. Ондағы мамандармен сұхбаттасып, қор толықтыру, тарихи нысандарды музейлендіру, балалармен жұмыс істеу, экспозиция залдарының күтімі секілді мәселелер бойынша ой-пікір алмастық.
Галерея қызметкері ретінде мені «Сурет және мүсін өнері» музейі ерекше баурады. Бұл орталықта экспонат толықтырудың түрлі тәсілдері бар. Соның бірі – арнайы бір ұйымдардың және жеке тұлғалардан экспонаттарды сыйға алып беру арқылы көрме жасақтау. Сол көрмедегі картиналарды қарап жүріп біздің елде де меценат, зиялы қауым, түрлі компаниялар бар емес пе, оларды да осынау игі іске тартса нұр үстіне нұр болар еді деген ойда болдым.
Іссапардың жоспарына Анкараның реставрация және консервациялау лабораториясының жұмысын көру жазылыпты. Музей маманы ретінде баршамызды осы орталықтың қызметі ерекше қызықтырды. Аталған лаборатория қазіргі уақытта Түркияның орталық аймағы мен Анкараның бірнеше музейінің жұмысын қамтамасыз етіп отыр. Лаборатория директоры Ченгиз Оздуоғлы туризм саласының және соның ішінде музей ісінің дамуына байланысты сұраныстың өте жоғары екенін айтты.
Лабораториядағы металл, мата және әйнекпен жұмыс істеуге арналған рентгендік технологиялардың мүмкіндігі көз қуантып, көңіл сүйсінтеді. Бізге ерекше ықыласпен қызмет көрсеткен орталық мамандарына алғасымызды айтып, ол жерден де тарқадық.
Анкара – тау аңғарына орналасқан қала. Тарихи қорған. Киелі мекен. Қастерлі ескерткіштері өте көп. Көшесін аралағанда бірден мешіті көп қала екенін байқайсың. Әрбір жерден мұнарасы көкке шаншылған, күмбезді мешіттер алыстан менмұндалайды. Қазақстандық делегация қаланың көрікті жерлерін аралап, монументальдық ескерткіштерін де тамашалауды ұмытқан жоқ. 
Анкараның ең көрікті ауданында орналасқан ҚР Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың монументі бұл – елге барған отандастарымыз жиі баратын жер. Өз астанасынан бауырлас елдің басшысына ескерткіш соғып, құрмет көрсетуінің өзі Түркияның Қазақстанға деген ықылас-пейілін аңғартса керек. Сонымен қатар, Түркия Республикасының негізін салушы Мұстафа Кемал Ататүрік сағанасына да соғып, ұлы тұлғаның мәңгілік мекенін көрдік. 
Ататүріктің мавзолейі – түрік тілінде Аныткабыр аталады. Аныткабыр – Ататүріктің жерленген зираты, музейі мен көрме залынан тұратын кешен. 1953 жылдан бері көпшілік тағзым ететін орын ретінде ашылды. 2013 жылғы 10 қараша күні       1 млн. адам кешенді тамашалап, рекордтық көрсеткішке жеткен екен.
Түркия астанасындағы алғашқы күніміз саяхаттаумен өтсе, ертеңіне тағылымдаманың ресми кезеңі басталды. «Музей саласындағы жаңа технологиялар: музей реставрациясы, қор сақтау және музей туризмі» атты халықаралық шараға Түркияның Мәдениет және туризм министрлігі, Мәдени мұралар және музейлер бас дирекциясының басшысы Ялчын Курт бастаған музей басшылары мен қазақстандық делегация қатысты.
Жиынды ашқан   Я. Курт түркі әлемінің рухани байлығы және бүгінгі күнге дейін сақталған тарихи жәдігерлер туралы егжей-тегжейлі мәлімет беріп, екі бауырлас ел арасындағы мәдени-гуманитарлық саладағы қарым-қатынастың нығаюына зор үлес қосқан Елбасының рөлін атап өтті. Бұдан кейінгі кезекте музейлерді дамыту бойынша Қазақстан мен Түркия арасындағы байланысты күшейтуге ниет білдіргендігін жеткізді. 
«Анадолы жерінің өзі аспан асты музейі», – деген Я. Курт мырзаның айтуынша, Түркияның музейлері орталықтандырылған жүйе арқылы басқарылады. Қазіргі уақытта дирекцияға тікелей 201 мемлекеттік, 239 жеке музей қарайды. Түркия бойынша музейдегі экспонаттардың саны 3 миллионнан асады. Музейлер дербес құндылығымен ерекшеленеді. Жұмыс та сан алуан көрінеді.
Жиында Түркия тарапы «Түркиядағы музей ісі», «Реставрация және консервация бағытындағы жұмыстар», «Экспозициялар, жаңа музейлердің ашылуы» сынды тақырыптар бойынша баяндама жасады. Ал қазақстандық ресми тұлғалар Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі мақсат-мұраттарын түсіндіріп өтті. Басқосу соңында министрлік өкілдері қазақстандық мамандарға арнайы сертификат тапсырды.
Маңызы зор тағылымдаманың қорытындысы ретінде Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы музей қызметкерлерімен кездесу өткізді. Елші екі ел арасындағы қарым-қатынастары туралы мәлімет берді. 
– Елімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша атқарылып отырған іс-шаралар қыруар. Қазіргі таңда түрік ағайындар бұл бағдарламаға қызығушылық танытып отыр. Осы бағытта қызмет етуіміз қажет. Түркияда музей саласы туризмнің өзегіне айналған. Бізге де осы саланы ары қарай дамыту бойынша жұмысымызды жалғастыруымыз керек, – деген Абзал Сапарбекұлы кездесу соңында музей қызметкерлеріне алғыс хаттар тапсырды. Музей қызметкерлері де өз тарапынан сапарды жоғары деңгейде ұйымдастыруға көмек бергені үшін Елші мен Елшілік қызметкерлеріне алғысын білдірді.
Осылайша Анадолы жұртындағы алты күніміз де зулап өте шықты. Анкара әуежайынан қызыл жалауын бұлғап түрік бауырлар қимастықпен шығарып салды. Біз мінген ұшақ көкке көтеріліп Алаштың астанасына қарай тартты. Қош бол, Анкара! Қош болыңдар, бауырлар дедім ішімнен. Қазақ пен түріктің арасында ұшақ тоқтамасын, бір-бірін құшқан құшақ ажырамасын. 

Айгүл ОРАЗБАЕВА,
Көркемөнер галереясының қызметкері 
Талдықорған – Астана –
Анкара  – Талдықорған