ТӨТЕШЕ ҚҰЖАТТАРДЫ ЗЕРТТЕУДІҢ ҚАЖЕТТІЛІГІ

Уақыты: 14.02.2024
Оқылды: 359
Бөлім: ТҮПСАНА

Ел арасында төте жазу делінетін жазу үлгісін ғылым саласында Ахмет Байтұрсынов жазуы деп те аталады. Байтұрсынұлы жасаған төтеше  (төте жазу) жобасы тек қазақ халқының ағартуы мен мәдениетінде емес, түркітілдес, бауырлас қырғыз, ұйғыр ағайындардың ағартушылық тарихына айрықша әсер еткені жайлы айта кеткен абзал. Ол үшін алдымен төте жазудың пайда болуы мен қалыптасуы туралы тоқтала кетейік.

 Ахмет Байтұрсынұлы қоғам, ғылым және мәдениеттің өркендеуі жазу арқылы іске асатынын жақсы түсінді. Ғалым сауатсыздықты жою үшін әріп, оқулық мәселесі кезек күттірмейтін мәселе екенін біліп, 1910 жылдан бастап араб жазуының қазақ тілі үшін қолайлы емес жақтарын түзеп, оны тілдің дыбыстық ерекшеліктеріне сай етіп, ұлттық әліпби түзеді. Сөйтіп,  ХХ ғасырдан бері өзгеріссіз қолданып келген парсы-араб жазуының тиімді-тиімсіз тұстарын  отырып, қазақ тілінің төл дыбыстарына ғана тән 28 әріптен тұратын әліпби құрастырды. Жаңа әліпби 1912 жылдан бастап қолданысқа енді. Сол әліпби негізінде тұңғыш «Оқу құралы» оқулығы жарыққа шықты. Бұл қазақ халқының рухани-мәдени өміріндегі үлкен жаңалық болды. Өйткені қазақ балаларына өз ана тілінде хат танып, ана тілінде жазуға жол ашылды. Бүгінге дейінгі қазақ халқын сауаттандыру жолында қыруар қызмет атқарды.

Төте жазу тек жазу мәдениетін өркендетумен қатар архив құжаттарын толықтыруға да айрықша маңыз алады. қазіргі таңда Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Өзбекстан, Ресей архивтерінде төте жазумен жазылған қыруар архив қорлары сақталуда. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда архив құжаттарымен жұмыс істейтін зерттеушілер, мейлі архивке жүгінетін ізденушілер болсын төте жазуды толық оқып, түсінбейтіндіктен осы бір құнды құжаттардан аттап өтіп кетеді. Соның салдарынан мейлі жеке тұлға, ел тарихына қатысты маңызды құжаттар ғылыми айналымға түспей келеді. Жоғарыда аталған шетелдік архивтермен жұмыс істейтіндердің де алдынан осы қиындықтың көлденеңдеп тұратынын жиі естіп жүрміз.

Осы тұста тағы бір дүниені ескерте кеткен жөн. Көптеген адам төте жазуды араб графикасымен шатастырады. Мақаланың басында айтқандай, төте жазу – Ахмет Байтұрсынұлының араб жазуының қазақ тілі үшін қолайлы емес жақтарын түзеп, оны тілдің дыбыстық ерекшеліктеріне сай етіп жасаған ұлттық әліпбиі. Формалық тұрғыда төтеше араб харпіне ұқсас болғанымен ішкі құрылымы мүлде бөлек. Сондықтан «араб тілін білетіндердің бәрі төте жазуды оқи береді» деген түсініктен аулақ болғанымыз жөн. Сонымен қатар, төтеше білетіндердің барлығы да төтеше жазылған архив құжаттарын сауатты оқып, аударуда қиналып қалады. Өйткені, өткен ғасырдың әр 10 жылдығында жазылған құжаттардың арфографиялық, фонетикалық және фразологиялық әр алуандылығы да аудармашының біліктілігін талап етеді.  

Басқасын айтпағанның өзінде, Жетісу облысының мемлекеттік архивінде сақталған Лепсі, Қапал, Жаркент уйездерінің құжаттарының дені төте жазумен берілген. Аса құнды құжаттар қатарына «Джаркентский уездно-городской комитет союза казахской бедноты», «Кошчи», «Список граждан Коргасской волости» қатарлы құжаттар сақталған 1129 қорды айтуға болады (1129 қ., 1 т., 32б., 721 і., - бб). Онда экономика, саясат, әлеуметтік жағдай туралы құнды дүниелер бар. Сондай-ақ, 1920-1940 жылдардағы ішкі айналымдағы құжаттар мен сайлау құқығынан шеттетілген адамдар туралы деректер жинақталған архив қорларының дені төте жазумен жазылған. Осыған орай зерттеушілер мен ізденушілердің іздеген құжаттарына толық әрі сенімді қол жеткізу үшін аталған архив биылдан бастап осы бір ақтаңдақтың орнын толықтыру мақсатында жұмыс істей бастады. Бұл еліміздегі республикалық және облыстық, аудандық мемлекеттік архивтерге өнеге болатын жаңа бастама.

Ершат АНДАС,

Жетісу облысының мемлекеттік архивінің қызметкері