Әділ АХМЕТОВ "W", "С" ЖӘНЕ "Х" ӘРІПТЕРІНІҢ ТҮСІП ҚАЛҒАНЫНА ҚЫНЖЫЛЫС БІЛДІРДІ

Уақыты: 21.02.2018
Оқылды: 1296
Бөлім: ТҮПСАНА

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев апострофсыз латын әліпбиінің жаңа нұсқасы туралы Жарлыққа қол қойғалы екінші күн. Жаңа латын әліпбиіне қатысты филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Ахметов елді елең еткізерлік пікірін білдіріп, әттеген-айы мен қынжылыстарын жеткізді. Ғалымның қазақ сөздерін латын әліпбиінде таңбалау туралы тың пікірі "www.baq.kz" және "www.jasqazaq.kz" сайттарында жарияланды.

 «Қазақ тіліне негізделген латын әліпбиінің соңғы редакциясы бұрынғы нұсқамен салыстырғанда әлдеқайда көшілгері. Алға жылжу байқалады. Өйткені, латын әліпбиіне көшетін болсақ, оның сипатын толық қабылдауымыз керек. Менің айтайын дегенім, латын әліпбиінде бар болғаны 26 әріп бар. Ал осыдан бұрын бекітіліп кеткен латын әліпбиінің нұсқасында 26 әріптің үшеуін алып тастадық: «с», «w», «х». Ал қазақ тілінде дыбыстардың саны 30-дан асады. Алайда әр дыбысқа бір таңба қоя алмаймыз. Сондықтан 3 таңбаның түсіп қалғанына менің көңілім толмаған», - деді ғалым. Осы орайда, Әділ Ахметов әріптерді диграфтармен таңбалау мәселесіне тоқталды.

«Екінші мәселе, әліпбидің алдыңғы нұсқасында әріптерді диграфтармен таңбалаудан қаштық. Мен сол кездегі қынжылысымды жасыра алмаймын. Өйткені, әлемде қабылданған латын диграфтарын қабылдамайтын болсақ, жаңағы 30-дың үстіндегі дыбыстарымызды қалай таңбалаймыз? Ал латын әліпбиінің жаңа нұсқасында бір-екі диграф кіргізіліпті. Менің ойымша, бұл дұрыс», - деген профессор қазақ тіліндегі «у» әрпін латын графикасында «w» әрпімен таңбалау қажет деген пікірде.

«Латын әліпбиінің алдыңғы және осы соңғы нұсқасында «w» әріпі түсіп қалған. Ал енді латын графикасындағы «w» әріпі қазақтың «у» дыбысына әдемі келеді. Қазір латын әліпбиінің соңғы нұсқасында «у» әріпін «ý» деп белгіледік. Оның өзінде бұл дыбыс бізде өзгешелеу болып тұр. Ал біз осы дыбыстың орнына «w» әріпін қойсақ, орынды болады. Мысалы, qawym, wаqyt, Wáli, Washington, qwat, tawyq. «W» әрпі – бос тұрған таңба. Неге біз оны пайдалана алмаймыз? Сонымен қатар, «х» әрпіне тиіспеу керек. Бұл – менің жеке пікірім. Оны лингвистер мен жазушылар ғана пайдаланбайды. Химия, физика, математика ғылымдарымен айналысып жүрген ғалымдар бұл әріпті пайдаланады. «Х» деген математикалық символ ғой. Сондықтан ол әріпке шекеден қарауға болмайды», - деді Әділ Ахметов. Сондай-ақ, ол жаңа әліпбидегі «і», «и», «й» әріптерінің таңбалануына қатысты өз ойын айтты.

«Үшіншіден, менің «и» және «й» әріптерінің таңбалануына көңілім толмады. Өйткені, бұл әріптерді оқушылар, тіпті, жазушылардың өзі жазған кезде шатастырады. Себебі, бір жағынан бұл әріптер өте ұқсас. Бірақ олардың арасында айырмашалық бар. Алайда азаматтар оны біле бермейді. Өйткені, екі әріп те бір-біріне ұқсас. Менің ойымша, жаңа латын әліпбиінде «і», «и», «й» таңбаларын басқаша беру керек. Себебі, латын графикасында бұл әріптер бір-біріне ұқсап тұр. Кейін азаматтар шатаса бастайды. Сондықтан осы жерде кішкене кілтипан бар», - деді ғалым.

Осы орайда профессор «Егемен Қазақстан» газетіне бұл мәселеге қатысты мақала жазғанын атап өтті. Онда ғалым «и» және «й» әріптерін пайдаланған кезде жаңа ережеге сүйену қажеттігі туралы айтқан. «Ағылшын алфавитінде латын графикасы жақсы пайдаланылған. Онда «у» деген әріп бар. Бұл қазақ тіліндегі «у» дыбысы. Осы ағылшын тіліндегі «у» әрпі дауыссыз дыбыстардың алдында және артында қысқа «й» дыбысын береді. Мысалы, ағылшын тіліндегі «boу», «toy» сөздерін алайық. Қазақ тілінде де мұндай сөздер бар. Бірақ мағынасы басқа. Осы сөздерді «у» әрпімен жазып, арнайы ережеге «у» әрпі дауыссыз дыбыстардың алдында және артында қысқа «й» дыбысын береді деп бекітіп қою керек. Менің ойымша, бұл кезде адамдар шатаспас еді», - деді ол.

Осыған дейін Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев қазақ тіліне негізделген латын графикасының осыған дейінгі нұсқасы ІТ технологияларды пайдаланған кезде қиындықтар тудырғанын айтқан. Оның айтуынша, бұл мәселені мамандар Елбасыға да айтыпты. Нәтижесінде латын графикасының жаңа нұсқасы бекітілді. Осы мәселеге қатысты Әділ Ахметов те өз ойын білдірді.

«Министр өте орынды пікір айтты. Мысалы, латын әліпбиінің бұрынғы нұсқасымен Абайдың бірнеше өлеңін компьютерге теріп көрдім. Өлеңдерді ұзақ қылып жазған жоқпын. Қысқа-қысқа қылып тердім. Соның өзінде 68 апостроф сөздердің арасын бөліп, оның ұсқынын кетіріп жіберді. Егер латын әліпбиінің соңғы нұсқасы қабылданса, біздің бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын мақалалар, ақпараттар, экономика және ғылым саласында шығатын кітаптар, тіпті әдебиетіміздің ұсқыны кетіп қалар еді. Өйткені, ақпараттық технологияларды кодтау кезінде жеке-жеке бөлініп кеткен дүниелер қабылданбайды. Сондықтан мен Дәурен Абаевтың пікірімен толықтай келісемін. Апострофтан құтылғанымызға қуанып отырмын», - деп түйіндеді сөзін профессор.