ҚАСИЕТ ҚОНҒАН ҚҰТ МЕКЕН

Уақыты: 04.08.2018
Оқылды: 1265
Бөлім: ТҮПСАНА

   Талдықорған қаласындағы “Рухани жаңғыру” орталығында «Қасиетті Қазақстан» республикалық ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы мен облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ақан Әбдуәлиевтің, облыстық мекеме басшылары мен «Жетісудың киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасын жүзеге асыру жөніндегі сараптамалық кеңес мүшелерінің, танымал өлкетанушылар мен тарихшылардың қатысуымен «дөңгелек үстел» өтті. Жиналысты облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар жүргізіп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңірде атқарылып жатқан жұмыс барысын таныстырды.

 

   Келесі кезекте сөз тізгінін ұстаған «Қасиетті Қазақстан» республикалық ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы облысымызда өлкетану бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға беріп, ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, Елбасы тапсырмасының жергілікті орында атқарылуына қолдау көрсеткен облыс басшыларына алғысын жеткізді.
– Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласы аясында атқарылған шаруалар елдігіміз бен бірлігіміздің, тарихымызды танудың баспалдағы іспетті. Ол болашағымызды кемелдендіру бағытын жарқыратып көрсетті. Демек, осы бір жылда Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласында қойылған талаптарды орындауда тарихшылар мен өлкетанушылардың сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Ал осылай еңбектенуге қолдау танытқан әр облыстың басшыларына алғысымыз мол. Осы ретте облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омарға ризашылығымды білдіре кетсем артық болмас. «Жас келсе іске» дегендей, Жақсылық Мұқашұлы Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып тұрған кезінде Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановқа ескерткіш қоюға белсене атсалысып, азаматтық танытып еді. Енді, міне, Жетісу жерінің қасиетті жерлерін анықтау, насихаттау, елге жеткізу барысындағы жұмыстардың да тиянағын келтіруде. Алдағы уақытта да жетісулықтардың Елбасы тапсырмасын елжандылықпен орындай беретініне сенемін, – деді ол. 
   Расында, өткен жылы өлкемізде «Қазақстанның қасиетті жерлерінің географиясы» жобасы жүйелі әрі нәтижелі атқарылды. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен, облыстық мәдени мұраларды қорғау орталығының атсалысуымен Жетісу өңірінің түкпір-түкпіріне экспедиция жасалып, мемлекеттік тізімге алынған немесе алынбаған, осы күнге дейін назардан тыс қалып келген қасиетті жерлерді анықтады. Олардың тарихын түгендеп, аңыз-әңгімелерін жинап, зерттелу барысын саралады. Осындай еңбектің арқасында «Киелі Қазақстан» республикалық ғылыми-зерттеу орталығы тарапынан шыққан «Қазақстанның қасиетті жерлері» атты қос томдық жинаққа енген жалпыұлттық 100 нысанның 17-і, өңірлік 500 нысанның 41-і біздің облыстың еншісіне тиді. Десек те зерттелетін, зерделенетін дүниелер әлі де көп. Анықталып жатқан қасиетті жерлердің де қатары жетерлік. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ақан Әбдуәлиев осы тұрғыда сөз сөйлеп, алдағы уақытта қасиетті жерлердің тізіміне енгізуге тиісті бірқатар нысанның жалпы сипаттамасымен таныстырды. Басқарма басшысының сөзінен кейін «Қасиетті Қазақстан» республикалық ғылыми-зерттеу орталығының бөлім басшысы Анар Сырайылқызы облысымыздағы жұмыс барысына баға беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Осы орайда жиналысқа қатысқан өлкетанушылар мен тарихшылар да өз ұсынысын айтып, ой бөлісті. 
   Кездесу барысында «Қасиетті Қазақстан» республикалық ғылыми-зерттеу орталығының директоры Берік Әбдіғалиұлы өзінің ұзақ жылдық ізденісінің нәтижесінде жазып шыққан «Алаш әскері» атты кітабын облыстық С. Сейфуллин атындағы кітапханасына табыстады. Сондай-ақ, аталған орталықтың мұрындық болуымен жарық көрген «Қазақстанның қасиетті жерлері» туралы екі томдық еңбектің, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы құрастырған Жетісу жерінің сакралды орындары, тарихи және мәдени ескерткіштері туралы жарық көрген кітаптың тұсауы кесілді. Өлкеміздің мәдениеті мен өнерінің өркендеуіне еңбек сіңірген бірқатар сала мамандары марапатталды. Сол қатарда облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ақан Әбдуәлиев,      М. Тынышбаев атындағы тарихи-өлкетану музейінің бас қор сақтаушысы Райхан Есенбаева, облыстық мемлекеттік архивінің бас қор сақтаушысы Ардақ Қайыпжанова «Алашорда үкіметі мен Алаш автономиясының 100 жылдығы» медалімен, өлкетанушы Мухарам Хайбуллин және облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Әлия Жақыпбекова «Үздік өлкетанушы» төсбелгісімен марапатталды.

Қажет АНДАС.