ӨНДІРІС ПЕН ӨНЕРКӘСІП ҚАШАН ҚАЗАҚШАЛАНАДЫ?

Уақыты: 20.09.2018
Оқылды: 3485
Бөлім: ТҮПСАНА

Қазақ тілінің мәселесі туралы ой қозғала қалса, жауыр болған тақырып деп жылы жаба салатын жарымжан, дәрменсіз халге түстік. Жасыратыны жоқ, кез келген саладағы күнделікті қолданысқа қажетті кәсіби сөздердің көбін әлі күнге тек орыс тілінде қолданамыз. Ал қазақша атасақ, түсіне алмай, тосырқап қалатынымыз тағы ақиқат. Осы тұрғыдан алғанда бүгінгі өндірістегі қазақ тілінің күйі нешік деген заңды сауал туады. Ендеше, сөзіміз жанды болуы үшін бұл мәселеге мысал келтіріп, кеңірек тоқталып көрсек.

Өндірістегі қазақ тілінің тағдырына алаңдауымызға не себеп?! Аурухана немесе техникалық жөндеу орталығына, тіпті, үй қызметіне пайдаланатын түрлі құрылғыны жөндетуге, болмаса жаңасын алайын деп барсаң да, барлық жерде зат атауының орысшасы ғана қолданылады. Қазақша атауын тұтынушы түгілі, қызмет көрсетушінің өзі білмейді. Неге? Өз тілімізге өзіміздің жанымыз ашымай, жатық болған орыс тілінде қашанғы атап жүре береміз?!

Осы ретте тағы бір маңызды мәселе туады. Өзге тілден енген кейбір терминдерге сәтті қазақша эквивалент табылмағандықтан шала туған баламалар сөз мағынасын бұлыңғыр етіп, түпкі ойдан алшақтата түседі. Соның салдарынан еріксіз орыс тілін немесе терминдерді қолдануға тура келеді. Заңды да қолға алып, керегіңді оқып-біліп алайын десең, шыны керек, шұбатылған сөйлемдер мен түсініксіз тәржімаланған сөздерден мезі боласың. Мұндайда тағы да орысшасына жүгінбеске шара жоқ.  Бірақ жабылған қазан жабулы күйінде қала бермеуі қажет. Егер қазақ тіліне деген құрметіміз тек мәдени, рухани һәм әдеби салада ғана көрініс тауып, ал өндіріс пен өнеркәсіпте, медицина мен жалпы технологияда мүшкілдің күйін кешсе, қайтпек керек?!

Бүгінгі қазақ тіліндегі ғылыми терминдердің қолданысында бірізділік болмауының, санамызды шатастырған жарыспалы атаулардың айналымда қаптап жүруінің бірқатар себебін «Астана медицина университеті» АҚ мемлекеттік тілді дамыту және тіл саясаты бөлімінің басшысы, профессор Мұхамбедия Ахметов баспасөзге жариялаған мақаласында егжей-тегжейлі түсіндіріп беріпті. Тақырыпты таразылау үшін тағы бір көз жүгіртіп шығалықшы.

"Бірінші себеп. Терминология дегеніміз – өзінің ішкі заңдылықтары бар күрделі ғылыми сала екенін терең түсіне бермейтін біздер, яғни, әртүрлі ғылым саласының мамандары өздерінің салалық терминдерін жаппай және жапа-тармағай жүйесіз қазақшалауға кірісіп кетті. Екінші себеп. Керісінше, тіл мамандары әртүрлі салалық терминдердің, оның ішінде, медицина терминдерінің де, қандай элементті, затты, процесті, құбылысты, қандай ұғымды бейнелеп тұрғанын толық және терең біле бермейді. Үшінші себеп. Өз саласының терминдерін жасаумен айналысып жүрген мамандар мен филологтар арасында бірігіп, ақылдасып отырып жүргізілген ыждағатты ізденіс жоқ. Қанша мамандық бар, сонша пікір ұсынылып, пәтуаласа алмай жүрміз. Төртінші себеп – пендешілік фактор. Кейде құнды пікірді босағада қалдырып «лауазымдының» терминсымағын «аузы қисық болса да» төрге шығаруға бағытталған пендешілігіміз бар. Термин жасау мехнаты ғылыми атақ алып, жүлде жинау үшін емес, ана тілінің шырайын бұзбай, тілімізді байыту үшін жасалуы керек".

Мақаланы оқып отырып ана тіліңнің күйіне одан бетер жаның ашиды. Тәуелсіздігімізді алғанымызға ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де бір ізділеніп, толық шешімін таппай отырған аса күрделі мәселенің бірі бұл.

– Орыс тіліндегі медициналық терминдердің қазақша баламасын табу керек. Егер ондай ұғым қазақ тілінде болмаса, онда латын немесе грек тілінен енген аталымдар қалуы керек. Терминдерді тәржімалағанда міндетті түрде сол ғылым саласының ғалым маманы және тіл ғылымы саласының маманы бірлесіп жұмыс істесе дұрыс болар еді. Өйткені, бұл екеуінің одақтасуы арқылы ғылыми терминнің тереңіндегі иірімдер игеріліп, қазақ тіліндегі ұмыт болған архаизмдер орнын табар еді, – дейді профессор Мұхамбедия Ахметов.

Дәрігердің алдына барсаң, емнің түрі мен сырқаттың атауын латынша (латыншасын хош делік) не орысша түсіндіреді. Айталық, қояншық талманы – эпилепсия, сусамыр – сахарный диабет, кеңірдекшелердің асқын қабынуын – бронхиальная астма, пневмонияны – өкпе қабынуы деп ешкім қазақшалап жатқан жоқ. Қазақша айтқан күннің өзінде оны түсінетін адам аз. «Температураны» да ыстығы көтерілді, «одышканы» тынысы тарылды деп жатпаймыз. Дәрі-дәрмектің нұсқамасын оқиын десең тағы да қазақшасы түсініксіз. Еріксіз орысшаға жүгінесің. Мысалы, балалардың дене қызуы көтерілгенде және тісі шыққан уақытта, жалпы мазасынданғанда беретін «Ибуфен» дәрісін алайық. Польша елінен тасымалданатын дәрілік заттың қазақша нұсқаулығын оқысаңыз, сөздері өте күрделі. Жағымсыз әсерлерін жазған тұсында: «Сусыздануы бар балалар мен бүйрек жеткіліксіздігі қаупі бар», – деген сөйлем бар.

Не түсіндіңіз? Сусызданғаны несі? Қазіргі таңда медицина ғылымына еніп кеткен «жүрек жеткіліксіздігі», «бүйрек жеткіліксіздігі» секілді ұғымдардың өзі толық мағынасын ашпайды. Орысшадан тікелей аудара салғаны байқалады. Бәлкім, бүйрек қызметінің бұзылуы немесе жүрек қызметінің бұзылуы деп нобайласа, көбірек ұғынықты болар ма еді?!

Өндірістегі қазақ тілінің тағдырына алаңдауымызға не себеп?! Ауруханаға немесе техникалық жөндеу орталығына, тіпті, үй қызметіне пайдаланатын түрлі құрылғыны жөндетуге, болмаса жаңасын алайын деп барсаң да, барлық жерде зат атауының орысшасы ғана қолданылады. Осы ретте тағы бір маңызды мәселе туады. Өзге тілден енген кейбір терминдерге сәтті қазақша эквивалент табылмағандықтан шала туған баламалар сөз мағынасын бұлыңғыр етіп, түпкі ойдан алшақтата түседі. Соның салдарынан еріксіз орыс тілін немесе терминдерді қолдануға тура келеді. 

Ескелді аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Айгүл Жақсылыққызының айтуынша, мұндай мысал өте көп. Оның сөзінше, ем алушылар өз сырқаты жайлы түсінікті ақпарат алып кетуі қажет, сол себепті жұмыс барысында бірқатар сөзді орысша атауға тура келеді. Ауруханадан бөлек, ат басын техникалық жөндеу орталығына да арнайы бұрдық. Ондағы қызметкерлерді тақырыпқа орай пікірін білу мақсатында сөзге тартып  көрдік.

– Шыны керек, көлік құрылғыларының атауын тек сабақ барысында, яғни, теориясында ғана қазақ тілінде атаймыз. Ал тәжірибе жүзінде мүлде қолданбаймыз. Себебі, техникалық жөндеу орталықтары (СТО) мен көлік бөлшектерін сататын дүкендердің түгелі дерлік орысша атауын қолданады. Мысалы, дүкенге барып: «Тежегіш сұйықтығы (тормозная жид-   кость) немесе қозғалтқыш тірегінің жастықшасы (подушка двигателя), көтергіш (домкрат), дөңгелек бұрандасы (болт колеса) бар ма?» – десеңіз, бетіңізге күліп қарары анық. Тіпті, көлік қозғалт- қышының не екенін де бәрі бірдей біле бермейді, – дейді Қапшағай көпсалалық колледжінің өндірістік оқыту шебері, ТЖО қызметкері Дәурен Доламбеков.

Бұдан бөлек, күнделікті тіршілікте пайдаланатын заттардың көбін орысша атаймыз. Мысалы, «кондиционерді» ешкім салқындатқыш, (кейбір жерлерде ауа баптағыш, желдеткіш), ал «холодильникті» – тоңазытқыш, «пылесосты» – шаңсорғыш, «телевизорды» – теледидар деп атап жатпайтыны өтірік емес. Мұны байқаған үйдегі бала да зат атауларын дәл солай атайтындығы сөзсіз. Сондықтан, өзімізден бастап жас ұрпаққа үлгі көрсетпесек, тіліміздің жайы осы күйінде қалып қоймақ.

Мақала тақырыбына өндірістегі қазақ тілінің күйін арқау етіп отырғандықтан тағы бір нысанға, яғни, Талдықорған шаһарында орналасқан «Қайнар» аккумулятор зауытына барып, жұмыс барысындағы қазақ тілінің қолданысы жайлы біліп  қайту артық болмас деп шештік. Мұндағы тілдік жағдай тағы да мүшкіл. Оны растайтын азаматтар да табыла кетті. Тіпті, қазақша аудармасы мүлдем жоқ құрылғылар да барын ашық айтты.

– Күнделікті жұмыста аккумулятордың ішіндегі «пластина», «решетка» сияқты қаншама сөзді орысша атаймыз. Аккумулятордың тұтқасын «ручка», пластинаны салатын конвертті «конверт» дейміз. Құжаттама да тек орыс тілінде жүреді. Себебі, қазақша атауларын қарапайым халық біле бермейді. Шыны керек, кейбір атаулардың қазақша нұсқасын өзім де білмейді екенмін, – деді «Қайнар» аккумулятор зауытының қызметкері Рүстем Тұрғанбеков (есімі өзгертіліп берілді) бізге берген жауабында. Ол қызмет барысында қолданатын «клемма» сөзінің тіптен қазақша баламасы жоқ екенін айтып қалды.

ТҮЙІН: Өндірістегі қазақ тілінің мүшкіл халіне бей-жай қарап, орысшасы анағұрлым анығырақ, әлдеқайда түсініктірек деп жүре берсек, тіл тазалығы екінші орынға ысырылып, алашұбар терминдерден жуықта арыла аламыз ба?! «Тіл тағдыры – ел тағдыры» дегендей, бүгін қозғалған бұл тақырыпқа аса күрделі мәселелердің қатарынан ден қойып қарауымыз шарт. Салғырттықтың салдары бұдан бетер қиындықтарға әкеп соқпасына кім кепіл?! «Тіл – ұлттың жаны» деп тәмсілдегішпіз. Шынтуайтында, сол жанымыздан жауыр тақырып деп сырт айналғанды қойып, өндіріске, өнеркәсіпке, медицина мен техникаға жаппай қазақ тілін енгізіп, патриоттық рухтың туын тігейік.

Меруерт МОЛДАҒАЛИЕВА