ЖУРНАЛИСТЕР ЖАЛПЫХАЛЫҚТЫҚ ДИКТАНТҚА ҚАТЫСТЫ

Уақыты: 14.11.2018
Оқылды: 1241
Бөлім: ТҮПСАНА

Бүгін латын қарпіне көшу мақсатында өткен жалпыхалықтық диктантқа "Талғар" газетінің тілшілері де қатысты. "Рухани жаңғыру" тақырыбында жазылған диктант күнделікті ақпаратты халыққа жеткізіп отырған журналистерге еш қиындық тудырған жоқ.

Бұл шараға әріптестеріміз бір кісідей атсалысты. Әрине, латын қарпінің қажеттілігіне ден қойған әр отбасы мүшелері бұл шараға зор дайындықпен келгенін айту керек. Мысалы, осы диктантқа Талғар қаласының тұрғыны, Талғар агробизнес және менеджмент колледжінің мұғалімі Толқын Нұрмұханбетова түн ортасына дейін өзімен қоса, ағайын-туыстарын да, студенттерді де дайындаған. Яғни, бұл латын қарпіне көшудің аса маңыздылығы мен қажеттілігіне жастар зейінін аудару мақсатынан туындап отыр.

Бүгінгі жалпыхалықтық диктантты жазуға Талғар ауданы бойынша 11 мың тұрғын қатысып, белсенділік танытты. Оның ішінде аудандық газет тілшілерінің дайындығы да жоғары. Өйткені, латын қарпіне көшуді насихаттау және алғашқылардың бірі болып әлемдік әліпбиге өту міндеті осы газет-журнал редакцияларына жүктеліп отыр. Ақпарат тізгінін ұстаған тілшілер бірінші кезекте өздері тез арада меңгеріп, жеделдете жұртшылыққа емле ережелерін таныстыруы тиіс.


Ұлбосын ИСАБЕК
Талғар ауданы