ЖАҢА ЕМЛЕ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Уақыты: 14.11.2018
Оқылды: 1766
Бөлім: ТҮПСАНА

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты» – деу арқылы қазақ тілін латын қарпіне көшіру еліміз үшін аса өзекті мәселенің бірі екендігін ұғындырды.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл – Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен облыс деңгейінде «Жаңа қазақ әліпбиін енгізудің алғышарттары және емле-ережелерін көпшілік талқылау» деген тақырыпта ақпараттық насихаттау шарасы өткізілуде. Осыған орай жаңа әліпби негізінде әзірленген емле-ережелерінің мазмұны мен құрылымын түсіндіру, емледегі басты жаңалықтармен бөлісіп, көпшілік қауым арасында ғылыми-танымдық көзқарас қалыптастыру, халықтың әліпби реформасын оң қабылдауын қамтамасыз етіп, көпшілікпен ғылыми-практикалық байланыс орнату мақсатында аудандық Мәдениет үйінде алқалы жиын өтті.
Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бөлім басшысы Ермек Ақшабай, аудан әкімі аппаратының қызметкерлері, құқық қорғау органдарының өкілдері, жастар және аудан тұрғындары қатысқан жиынды жүргізіп отырған аудан әкімінің орынбасары Сайран Смағұлов латын әліпбиіне көшудің маңыздылығына тоқталып өтіп, сөз тізгінін «Тіл – Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы бас директорының міндетін атқарушы Ербол Тілешовке берді. Ол латын әліпбиіне көшудегі басты мақсаттарға тоқталса, одан кейін сөз алған орталықтың орфография бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымының кандидаты Гүлфар Мамырбекова жаңа емленің құрылымы, ұстанымы және жаңалықтарын аудан тұрғындарына кеңінен таныстырды. Сондай-ақ, жиын барысында латын графикасындағы қазақ тілі әліпбиіне көшу кезеңдерінде жүргізіліп жатқан жұмыстар және әліпбиге қатысты көпшілік көкейінде жүрген мәселелер бойынша ақпараттар берілді.
Латын әліпбиіне көшу – ұлтымыздың санасын бұғаудан босатып, түркі әлемімен жақындасуға және жаһандық ықпалдасуға, ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына жол ашады. 

Алтынай СЕЙТКЕН
Балқаш ауданы