АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ: Айқын ТӨЛЕПБЕРГЕН АУЫЗАШАР БЕРДІ

Уақыты: 31.05.2019
Оқылды: 1241
Бөлім: ТҮПСАНА

Белгілі эстрада әншісі Айқын Төлепберген өнерге ден қоюмен бірге имандылық салттарын да берік ұстанудың үлгісін көрсетіп келеді. Әнші екі өңірге арнайы барып, ораза тұтқан ағайынға ауызашар берді.

Айқын қалада туса да қазақы дәстүрге қанығып өсті. Ана тіліне селкеу түсірмеді. Ұлттық өнер мен әдебиеттің асылдарын бойына сіңіре алды. Осының бәрі әкесі, ақын, журналист Нұртан Төлепбергенұлы мен анасы Гүлзаданың берген тәлім-тәрбиесі екені анық.

Айқын алдымен Райымбек ауданына қарасты Сарыжаз ауылына барды. Әрине, атамекен – ақ мекеннің жөні бөлек. Туыстары, жерлестері өздері мақтан тұтатын талантты ұлды құшақ жая қарсы алды. Мейрамханадағы 300 адамға арналған ауызашар дастарқанында бас қосқан ағайын-жұрт әнші баласына дән риза болып, ақжарма тілектерін арнады. Мұндай сауапты істі Айқын жыл сайын дәстүрге айналдырған. Ауылдастарына тегін концерт беріп қайтқан күндері де аз емес.

– «Әке көрген оқ жонады». Құрдасым Нұртан аңқылдаған ақкөңіл, жұртына жұғымды азамат. Айқын да әкесіне тартып өсті. Көпке құрмет көрсетіп жатқанына шын жүректен қуаныштымыз, – дейді Сарыжаз ауылының тұрғыны Көктеубай қария.

Бұдан кейін Айқын нағашы жұрты – Жамбыл ауданындағы Сұраншы батыр ауылына атбасын бұрды. Ол жерге де ауызашар дастарқанын жайып, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді. Атадәстүрді ұрпақтың жалғастырғаны – Рухани жаңғырудың басты белгісі. Осындай өнеге баршаға үлгі болып жатса қандай ғанибет!

Болат МӘЖИТ,

Райымбек, Жамбыл аудандары

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды