Жанарбек ӘШІМЖАН: "ГАЗЕТ САТАТЫН ДҮҢГІРШЕКТЕР ҚАЙДА?"

Уақыты: 26.06.2019
Оқылды: 2216
Бөлім: ТҮПСАНА

Осыдан жиырма жыл бұрынғы өмірді көзге елестетейікші. Ол кезде халық жаңалықтарды тек газет-журналдар мен теледидар арқылы ғана оқып, көретін. Өйткені, әлеуметтік желі қоғамымызға әлі дендеп кіре қоймаған. Ал қазір заман басқаша. Дүние-дүрмекте болып жатқан оқиғалардан көзіңді ашып-жұмғанша жылдам хабар аласың. Жыл өткен сайын интернет сайт, ю-туб арналары сияқты ақпарат құралдары қанатын кеңге жаюда. Тіпті, «Фейсбук», «Инстаграмм», «Ватсап» тағы басқа әлеуметтік желілер ақпарат алмасудың көзіне айналды. Бүгінгі оқиғаны сол мезетте суретке немесе бейнеге түсіріп, бірден дүйім жұртты құлағдар етеді. Мұндай үрдістің, әрине, қоғамға тигізер пайдасы да бар. Әлеуметтік мәселелердің оң шешім табуына өзіндік ықпал етуде. Бірақ олар бүкіл ұлтқа дәстүрлі басылымдар сияқты ағартушылық қызмет жасай алмайды деп ойлаймын.

Жасыратыны жоқ, қазір қоғамда газет-журналдардың дәурені өтіп барады деген пікірлерді естіп қаламыз. Телевизияның да ертеңі бұлыңғыр деп алаңдап жүрген әріптестер де аз емес. Бұл – заңды құбылыс. Әрине, талас-тартыс қай кезеңдерде болмасын орын алып жататыны рас.

Мұхиттың арғы бетіндегі Америка немесе күншығыстағы Жапония елдерін мысалға алсақ, көп нәрсеге көзіміз анық жетеді. Олар әлемге ықпал етіп отырған алпауыт мемлекеттер. Техника мен технологиясы әлдеқашан қарыштап дамыған. Бірақ сөйте тұра қағаз басылымдары халықтың сұранысына ие. Тіпті, Жапонияда бір күнде екі рет шығатын газеттер қызмет көрсетуде. Американың «Нью Йорк Таймс», «Вашингтон пост» сияқты ғасырлық тарихы бар дәстүрлі басылымдары күні бүгінге дейін оқырманын жоғалтқан емес.

Қазір бәсекенің заманы. Дәстүрлі медиа мен заманауи медианың арасында талас-тартыс жүріп жатыр. Еліміздегі газет-журналдар соған төтеп бере ала ма? Мәселе осында. Бүгінгі таңда қағаз басылымдар бұрынғыдай ағымдағы жаңалықты жариялап бедел жинай алмайды. Күнделікті ақпараттар газетке шыққанша халық оны  әлеуметтік желі арқылы естіп, біліп алады. Сондықтан, жаңалықты берудің басқаша тәсіліне көшкеніміз дұрыс. Әлеуметтік желіде айтылмай кеткен тұстарын ашып көрсетуге тырысуымыз керек. Сараптамалық зерттеу  мақалаларға барынша ден қойғанымыз дұрыс болады деп топшылаймын.

Елімізде газет-журналдар көп. Бірақ ұлтқа қызмет ететін, ағартушылық бағытта жұмыс істеп жатқан қазақ тілді дәстүрлі баспасөз саусақпен санарлық. Кешегі Шерхан Мұртаза, Сағат Әшімбаев сияқты ұлт қайраткерлерінің қолтаңбасы қалған тарихи басылымдар бүгінгі таңда да сол миссиясын жалғастырып жатыр. Сондықтан, мұндай газет-журналдарға мемлекет барынша қолдау көрсетуі тиіс.

Ал біз, баспасөз өкілдері, заманауи медианы пайдалана отырып, олармен бәсекеге түсе алатын мүмкіндіктерді іздегеніміз жөн. Мәселен, «Ана тілі» газеті биыл 17 мың таралымға жетті. Былтырғыдан біраз ілгеріледік. Егер талап-тілектерін қанағаттандыра алсақ, оқырмандар аз емес. Сондықтан, ертеңгі күндерден үмітіміз мол.

Қазіргі оқырмандарды науқандық насихаттар қызықтырмайды. Есесіне қоғамда болып жатқан жағдайлардың шынайы бейнелерін көргісі келеді. Осыны көпшілікке сауатты және анық етіп жеткізуге тиістіміз. Ақпараттың сапасы мен мазмұны жоғары деңгейге жетсе, газеттің ықпалы мен беделі де зор болады деп ойлаймын. Бұл жерде журналистерге артылатын жүк те, жауапкершілік те зор.

Ағартушылық ХХІ ғасырға да керек. Тәуелсіз елдің азаматтарын кемелдендіретін ұлттық сана қалыптастыру, Рухани жаңғыру, оны өркениетпен ұштастыру оңай емес. Мұндай міндеттерді бір ғана әлеуметтік желінің көтере алмайтыны анық. Сондай кезде баспасөздің қажет екені бірден білінеді.

Әрине, мемлекеттік басылымдар үкіметтік тапсырыстарға жүгінеді. Оны қажетсіз деп айта алмаймыз. Алайда тапсырыстың мәнісін дұрыс түсіну керек. Мұндай үдерістерге шет елдерде басқаша қарайды. Мәселен, Канадада жыл сайын газет-журналдарға 20 миллион доллардан астам қаржы бөлінеді екен. Францияда да сондай. Ондағы тендердің бізден айырмашылығы – мемлекет қаражатты баспасөзге билікті насихатта деп ұсынбайды. Осы арқылы қоғамдық сананы ағарту міндетін жүктейді. Баспасөздің қандай меншікте екеніне қарамайды. Ағартушылық жұмыстарды кім ойдағыдай алып жүреді, мемлекет соны қолдайды. Біз де солай етуіміз керек.

Елімізде ағартушылық ісімен айналысатын негізінен қазақ басылымдары. Олар ұлттық идеологияның жандануы үшін тер төгуде. Тілге, дінге, тарихқа, жерге қатысты мәселелерді ту етіп көтереді. Мемлекеттік ұстанымдарды насихаттау – биліктің жұмыстарын мадақтау деп түсінбеу керек. Осы жайды дұрыстап ажырата алсақ, талай нәрсеге көз жеткіземіз. Анығы, қазақ басылымдарына көрсетілген қолдау текке кетпейді. Сонымен қатар, мен Жарнама туралы заңға өзгеріс енгізілсе деймін. Қажет болса, қазақ тілді басылымдарға жарнама беруді тиісті орындарға міндеттеу қажет. Бұл да баспасөзді қолдаудың бір түрі.

Газетті қалай оқытамыз?! Бұл сұрақ барлығымызды толғандырады. Оны әкімдіктерге сүйеніп күшпен жүзеге асырамыз ба, әлде адамдардың жүрегіне жол табатын нақты істерге жүгінеміз бе? Екінші таңдау бүгінгі күннің талаптарына сай келіп тұр. Сондықтан қоғамды терезеден қарап бақыламай, бұқарамен бірге болуға тиістіміз. Оқырманның қажетін тауып бере алсақ, газеттің оқылмауы мүмкін емес.

Редактор – ол да тілші. Өзі барған жерден материалды өзі жазуы керек. Айтқан сөздерін шеберлігімен және ісімен дәлелдеп көрсетсе қандай жақсы. Бюрократия бүгінгі баспасөздің табиғатына жат. Осындай ескіліктің қалдықтарынан арылуымыз керек. Мен тілшілерді кабинетке шақырып алып тапсырма бермеймін. Олармен әріптес ретінде жеке-жеке пікірлесемін. Идеялары мен ұсыныстарын мұқият тыңдаймын. Біз өзара иықтаса жүріп қоғамда болып жатқан оқиғаларды бірге талдап, таразылаймыз.

Соңғы кездерде газет-журналды сатып алып оқитын тұрақты оқырмандарымыздан адасып қалғандаймыз. Қалаларда газет-журнал сататын дүңгіршектер қайта қалыпқа келсе деймін. Одан сән бұзылмайды. Осы туралы Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаевпен әңгімелестім. Ол алдағы уақытта Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан газет-журнал сататын нүктелерді ашатынын айтты. Алайда қалың жұртты баспасөз өнімдерімен жаппай қамтамасыз ету үшін ол аздық етеді. Дүңгіршектердің бұрынғыдай Алматы көшелерінде тұрғаны жақсы еді. Себебі оқырман көбейсе, газеттің беделі артады. Газеттің беделі артса, ұлттың ағартушылық арнасы кеңейеді.

Жанарбек ӘШІМЖАН,

«Ана тілі» газетінің бас редакторы,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Суреттер ғаламтордан алынды