ТӘУЛІК БОЙЫ КҮЙ ТӨГІЛДІ: ЖЕТІСУЛЫҚ ӨНЕРПАЗДАР РЕКОРД ОРНАТТЫ

Уақыты: 05.07.2019
Оқылды: 1476
Бөлім: ТҮПСАНА

Ұлттық домбыра күніне орай Журналистер үйі алаңында тәулік бойы домбыра үні естілді. Күмбірлеген күй мен нақышына келтіре орындалған термелер тыңдарманның құлақ құрышын қандырды.

«Домбыра – дала дауысы» тақырыбымен бастау алған шара арнайы тағайындалған бақылаушылармен қадағаланып, барлық әлеуметтік желілерде, телеарнада тікелей эфирде көрсетілді.

Тәулік бойы болған шара қорытындысында «Қазақстан рекордтары» кітабының тіркеу департаментінің директоры, «Ғалым баспасы» ЖШС директоры Бақытжан Тастулеков сөз алып, шараның өте жоғары деңгейде өткенін жеткізді. Сондай-ақ, рекордтар кітабына енгенін хабарлап, арнайы куәлік табыстады.

– Осыдан екі жыл бұрын «Домбыра party» форматында өткізілген шарада тәулік бойына шара өткізуді жоспарлағанымызбен, онымыз іске аспай қалды. Түркияда Айя-Софияда жыл бойы тоқтаусыз Құран сүрелері оқылады. Соның аясында бүкіл дүниежүзі Құранды естігенде бірден көз алдыларына Таяу Шығысты елестетеді. Ендігі біздің мақсатымыз – домбыраның үнін естігенде әлем халқы кең даламызды, Қазақстанды елестетуі керек, – деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаев.

Рекордтар кітабына енуге жетпіске жуық өнерпаз атсалысты. Шара соңынан қатысушылар Алғыс хатпен марапатталып, естелік суретке түсті.

Аймарал ОМАР