"БОДАН ҚЫЛМАҚШЫ": ЖАҢАРТЫЛҒАН ТӨРТІНШІ ЛАТЫН ӘЛІПБИІ ТАҒЫ СЫНҒА ІЛІКТІ

Уақыты: 07.11.2019
Оқылды: 1776
Бөлім: ТҮПСАНА

Алматыда өткен тіл мамандарының конференциясына қатысушылар латын негізді әліпбидің жаңа нұсқасын бірауыздан қабылдады. Бұл туралы "BAQ.KZ" жазды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әліпбиді жетілдіру керек деген тапсырмасына орай мамандар латын әліпбиінің бұған дейінгі нұсқасына тағы да төрт таңбаны қосты.

Мамандардың айтуынша, олардың барлығы кірме дыбыстарға қатысты іске асырылған.

- Біздің төл дыбыстарымыз бар болғаны 28 ғана, бұрынғыдай 42 емес. Біз осы 28 дыбысқа 28 таңба алдық. Алайда біздің қоғамда орыс сөзіне әбден үйренген адамдар бар арамызда. Солар "футболды не деп жазамыз, вагонды не деп айтамыз" деген соң, амал жоқ, тағы төрт таңбаны кіргізіп отырмыз. Ол "ч", "в", "ф" одан кейін "h" таңбасы. Бір шешімге келу үшін бір жағына көну керек, - дейді Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының профессоры Әлімхан Жүнісбек.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек бұл жиында тіл мамандары тағы да бас қосып, латын әліпбиі төңірегіндегі өздерінің ортақ жобаларын қайтадан қарар түрінде қабылдап жатқандарын жеткізді.

- Бұл жоба өте қарапайым. Орыс тілінде біздің кейбір дыбыстарымыз таңбаланбаған. Өйткені, оларда ондай дыбыс болмаған. Мәселен W уе дыбысымыз. Оны біресе В-мен, бірде У-мен берген. Яғни, бірде дауысты, бірде дауыссыз болып келді. Ал бізде W деген дауыссыз дыбыс. Taw, аwa, sawap дегендегі уе-дауыссыз дыбыс, - дейді ол. 

Сонымен қатар, ол бұған дейін біз 42 таңбаны пайдаланып жазып келгенімізден қате жазу етімізге сіңіп кеткенін, олардан бірте-бірте арыламыз деген ойын білдірді. "28 таңбаға әзірше Ф, В, Ч таңбаларын кіргізіп отырмыз. Оларды алып тастауға ешқандай қиындық жоқ. Қазақ чемпионды шемпион десе ештеңе өзгере қоймас. Бізде қосарлы таңбалар болмау керек, олар түркі тілдеріне тән емес", - дейді Ерден Қажыбек.

Сөз арасында интитут директоры дәстүрлі тәсілдерді пайдалансақ деген ұсыныстары бар екенін айтты. "Мысалы, опостров, акут дегендердің латын тілдерінде өздерінің қызметтері бар. Ал мына ә-ө, ұ-ү дегендерді білдіретін екі нүкте жоғарыдан қойылады. Оны түріктер, немістер пайдаланады. Сондай үйреншікті дәстүрлі тәсілдерді пайдалана отырып, біздің жазғанымызды шетелдіктер де, түркі елдері де оқи алатындай қарапайым, нақты әдісті қолдану керек", - дейді ол.

Оның айтуынша, егер әліпби дұрыс болса түсіндірме жұмыстары көп уақытты алмайды. Кем дегенде бір айда ел тез үйреніп кететін көрінеді.

Алайда осы басқосудан кейін жуырда ғана "Қазақстан" ұлттық арнасының "Ашық алаң" бағдарламасына шығып, пернетақтадағы 26 латын қарпіне негізделген, ешбір ноқат, белгілері жоқ, қолдануға ыңғайлы, фонетикасы транскрипция жүйесіне бағынатын, айтылымы Ахмет Байтұрсыновтың үндестік заңымен құрылған "Байлатын" жобасын қорғаушылар тағы да қарсы пікірлер жаза бастады. Көгілдір экранда "Байлатын" әліпбиінің авторы Арман Байқадам мен РһD докторы Нұраддин Садық өз жобаларын қорғап, осыған дейін қабылданған үш әліпбидің шикі тұстарын тізбелеп шығып еді.

Тіл ғалымдары бірлесіп ұсынған жаңа жобаға қатысты Нұраддин Садық "Facebook" парақшасында арнайы пост жазып, "Тіл білімі институты кімнің мүддесін көздеп отыр?" деген мәселе көтерді. Онда төртінші қабылданған нұсқаның да әбден шикі екенін айтып, дабыл қағады. Тіпті, бұл әліпбимен Түркия Республикасына бодан болу қаупі барын жазған.

"А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты қазақ тілінің латын графикасына негізделген жаңа әліпбиін таныстырды деген хабарламаны оқып, мен біздегі ғалымдардың расында да өзге кеңістікте, өзге өлшемдермен өмір сүретініне кезекті рет көз жеткіздім. Егер, бұлар расында осы ғаламшарда, Қазақстан атты мемлекетте өмір сүретін болса, оның халқымен, Елбасының пікірімен санасатын болса, дәл бұлай жасамас еді. Халқы не деді? Бізге қолдануға ыңғайлы, филолог-ғалымдар үшін емес, қарапайым халық тұтынатын әліпби жасап берсеңіз деп отыр. Елбасы не деді? «Бізге Түркияның әрекетін қайталаудың қажеті жоқ. Олардың жағдайында, Ататүрік шұғыл түрде Еуропамен ынтымақтасуы үшін, өзі әліпби жасап, асығыс енгізіп жіберді. Ал біздің жағдайда ешқандай астын-үстін түртпей, үтір, нүктелерсіз әліпби жасау керек», - деді. Ендігі сауал – Ерден Қажыбек бастаған ұжым сонда алдында өздері Елбасының алдында бас шұлғып мақұлдаған нұсқадан бас тартып, онысымен қоймай, оның берген тапсырмасын қасақана кері орындап отыр ма? Мұны қалай түсінуге болады? Бұрын ғой, кирилл графикасына өткенде орыс тілінің, кеңестік Ресейдің ықпалында болдық. Жарайды, оларға бодан болдық. Нәтижесінде, тіліміздің бүкіл заңдылықтары бұзылып, былығып кетті. Енді, тәуелсіз ел болып отырған тұсында еліміздің бір топ ғалымы – түркі бірлігі деген сылтаумен бізді – Түркия Республикасына бодан қылмақшы. Бұл сөзім – базбіреулерге байбалам, популистік әрекет көрінуі мүмкін. Бірақ экономикада, IT техноложида вендорлық тәуелділік деген ұғым бар," - деп жазады Нұраддин Садық.

Қазіргі таңда латын әліпбиіне көшу және оны дұрыс таңбалауға қатысты қызу пікірталас әлі толастаған жоқ. Әсіресе, әлеуметтік желіде біреу "Байлатынның" тиімділігін айтса, енді бір топ өз беттерінше әріп жасап, ноқат қойылған таңбаларын ұсынуда. Айта кетейік, жуырда ғана Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қазақ тілі стандарттарына негізделген латын әліпбиін қайта қарап, толықтыру мен өзгертулер енгізу керектігі жайлы тапсырма жүктеген еді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"