ОЛАР ДОДАҒА ҚАТЫСАДЫ

Уақыты: 23.01.2017
Оқылды: 1681
Бөлім: ТҮПСАНА

Жаһан күткен 28-ші әлемдік қысқы универсиа­даның басталуына санаулы күндер қалды. Алматы қаласының әкімдігі бәсекені абыр­оймен өткізуге барын салып жатыр. Осы орайда Алматы облысынан ел намысын қорғайтын алты спортшының есімін таныстырып өтуді жөн көрдік. 

Мәнерлеп сырғанаудан Денис Теннен кейін аталатын есім – Абзал Рақымғалиев. Азия кубогының вице-чемпионы (2008), Ванкувер (26-орын) мен Сочи Олимпиадасына қатысушы (22-орын алды). Жекелей сынға түсетін 24 жастағы Рақымғалиев осыған дейін Мәскеу­де жаттығып келсе, Универсиада алдында мемлекет көмегімен Канадада жаттықты. Абзал 2017 жылдың қаңтарында ISU-дың (Дүниежүзілік конькимен жүгірушілер ұйымы) шығарған рейтингінде 84-орынға орналасты. Рақымғалиев 2016/17 жылғы маусымда екі ірі турнирге қатысты. Бірі қарашада Польша астанасы Варшавада болған «Варшава кубогы» (12-орын), соңғысы Эстония астанасы Таллинде өткен «Таллин кубогы» (7-орын). Соңғы екі турнирде қысқа бағдарламада британның танымал рок тобы «Queen»-нің «Кім мәңгі өмір сүргісі келеді?» (Who Wants to live forever) және негізгі бағдарламада италиялық әнші Микеланджело Локонтенің орынауындағы рок-опера «Моцарт» мюзиклдеріне биледі. Абзал Бауыржанұлы 2007 жылдан бері қарай әлемдік 41 турнирге қатысып, 7 жарыста жүлделі (1 алтын, 3 күміс, 3 қола) орындардан көрінді. Қазақстан чемпионатында екі мәрте Денис Теннен қалып күміс жүлдегер (2006, 2010) болса, екі рет жеңімпаз тұғырында тұрды (2007, 2015). Мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Құралай Үзірова Рақымғалиевтен көп үміт күтетінін, құрама лидері Денис Тенмен бірге жақсы нәтижеге жетітіне сенеді. Бапкері: Николай Морозов. Ал оның алдында Жанна Громова мен Ольга Маркова жаттықтырды.
Үңіліп қарасаң қызығы мол керлинг спорт түрінен Темірлан Іргебай мен Ситора Аллиярова ел абыройын асқақтатуды көздейді. Виктор Ким жаттықтыратын ерлер және қыздар құрамасы 2016 жылы қарашада Оңтүстік Кореяның Ыйсон қаласында өткен Тынық мұхиты аймағы және Азия құрлығы бо- йынша керлингтен болған чемпионатта іріктеуден өте алмады. Ерлер құрамасы 8 ойын өткізіп, біреуінде жеңіп, қалғандарында жеңілген болатын. Бұл сайысқа 23 жастағы Темірлан Іргебай қатыспады. Ал қыздарымыз 7 ойында тек бір мәрте жеңіп, қалғандарында ұтылды. Сол ретте 17 жастағы Ситора ойыншылармен алмасып, өз шеберлігін көрсетті. Бұл біздің керлингшілердің Универсиада алдындағы шетте пысықталған соңғы жарысы болатын. Ұлттық құрама қысқы Универсиа­дада керлинг түрінен бірінші рет жарысқа шығатынын ескеруіміз керек. 
Шаңғы қоссайысында Алматы облысынан үш спортшы тіркелді. Оның екеуі Расул Ғайырбеков пен Вячеслав Бочкарев негізгі құрамға кірсе, Абзал Қарашалов қосалқы құрамда жұмыс істейтін болды. Құраманың бас бапкері Ділшат Мираев команданың Еуропа елдерінде жаттығып келгендігін айтты. Дәл қазіргі жағдайда жарыс­ты ғана күтіп отыр. Спорт шебері 20 жастағы Расул Ғайырбеков пен спорт шеберлігіне үміткер 21 жастағы Вячеслав Бочкаревтің жолына сеніммен қараймыз. Жас шаңғышылардың алғашқы жарысы жастар арасында әлем чемпионы болған, ал бұл екінші ірі турнирлері. 
Рақымғалиев, Қаршалов, Ғайыр­беков, Бочкарев студенттер сайысына Қазақтың спорт және туризм академиясынан қатысса, Аллиярова «Авимед» медицина, Іргебай гуманитарлық-техникалық колледждерінің атынан сайыс жолына шығады. Ел намысын қорғайтын Алматы облысының спортшыларына сәттілік жолдас болсын деген тілектеміз.


Серік Қантаев, 
ЖМУ-дің студенті.