"ТӘУЕЛДІЛІКТЕН АРЫЛАМЫЗ": ЛАТЫН ӘЛІПБИІ ҚАЗАҚЫ ДЫБЫСТЫ ҚАЛЫПТАСТЫРАДЫ

Уақыты: 30.01.2020
Оқылды: 1580
Бөлім: ТҮПСАНА

"Ағынды менің Ақсуым, Арқырап әлі ағарсың". "Жоқ, «Ағынды менің Ақсуым, Ақырып әлі ағарсың», – деп қолданғандарың дұрыс". "Менің ойымша, «арқырап» болуы тиіс. Өзен «арқырап» ағады емес пе?!" Осылайша «Уатсаптағы» Ілияс Жансүгірұлының 125 жылдығын өткізуге атсалысатын топ бір мәмілеге келе алмай біраз «айтыстық». Ақырында өлеңнің түпнұсқасын тауып, соған жүгінуді дұрыс көрдік. Бұдан кейін де бірнеше өлеңнің сөзіне байланысты талас-тартыс туындап, ақыр соңында Ұлттық кітапханамен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін жас ғалымға тапсырма беріліп, латын қарпінде шыққан нұсқаға жүгіндік.

Осы ретте Абай Құнанбай өлеңдеріндегі кейбір сөздердің де анығына жету үшін түпнұсқаға іздеу салынды. Өкінішке қарай, көптеген сөз әріптік қатенің кесірінен мүлде өзгеріп кеткен. Кейін «Ілияс ізімен» экспедициясының құрамында Ресейге барып, ақынның кітаптары мен «Тілші» газетіндегі аты аңызға айналған журналистердің мақалаларын таптық. Тағы да латын қарпі мәселесі алдымыздан шықты.

Табылған мақала, әңгімені бірден газетке ұсынайық десек, біздегі басылымдардың барлығы кирилл қарпінде. Егер осы дүниелерді түпнұсқа күйінде газетке баса қойсақ, жер бетінде тарыдай шашырап жүрген миллиондаған қандасымыз төл әдебиетіміздің жауһарымен сусындар еді-ау деген ойға қалдық.

Әлемнің ең дамыған 20 елінің 18-і латын әліпбиінде газет-журнал шығаратынын ескерсек, сыртпен байланысымыз біраз шектеулі екенін аңғарамыз. Кітапханада Ілияс Жансүгірұлының «Құл» деген кітабы қолға түсті. Оқи бастадық: «Құл қазіргі Алматы облысы, Лепсі ауданындағы қоныстаған бұрынғы Найман руының ішіндегі Садыр, Түгелбай, Буат, Қара Құлақ, Тобышақ деген елдерден келіп шығады. Туған жері – Лепсі өзенінің оң жағындағы Мақаншы деген жер».

Түк те қиындығы жоқ. Оқуға болады екен. Ниет болса, оп-оңай. Латынды қабылдасақ, әдебиет пен мәдениетіміздің қоры толығып, түркі әлемімен біте-қайнасып кетер едік. Ілекеңнің әңгімелері мен мақалаларын оқып отырып, жақұтқа тап болғандай күй кештік. Туған өлкенің табиғатын суреттегенде көңіл-күй жетегінде қазақы теңеулер қолданады. Тілге жеңіл, жүрекке жылы. Дыбыс үндестігі де ұғынықты. Өлеңдері әуезді. Мұның бәрі бізге латын қарпінде таңбалаудың артықшылығы екені айтпаса да түсінікті болып тұрды.

Біздің буын кириллмен сауат ашты. Басылымдарда орыс тілінен енген сөздерді сол қалпында, жіңішкелік және жуандық белгісімен жазатын болдық. Сөйлегенде, тіпті қиналдық. Қазақ тілінің 28 дыбысы 42 таңбадан тұратын ұзын-шұбақ әліпбиде орысша дыбысталады. Тіліміздің әуезі бұзылды. Бұл орайда Ахмет Байтұрсынұлы 1914 жылғы «Қазақ» газетінде: «Ресей тілін, дінін, жазу-сызуын орысқа аударса, үкіметке онан артық іс болмас», – деп «тілді отарлау» саясатынан қорыққан еді. Заманынан оза туған ойшылдардың сөзін ол кезде кім ескерді, кім еледі, кім тыңдады?! Бірақ айтқандары айдай келіп, сөздің айтылуымен бірге ой-санамыз орыстанды, тіліміз шұбарланды. Бүгінде одан да сорақысына тап болып жүрміз. Соңғы жылдарда өзімізде жарық көрген орфографиялық сөздікте төл дыбыс үндестігіміз мүлде бұзылды.

Мысалы, айтылуы әп-әдемі ләзім деген сөзді сөздік бойынша «лазым» деп жазуымызға тура келеді. Өйткені, қазақ газеттері сөздерді Қазақстанда шығарылған орфографиялық сөздікке сүйене отырып, бірізділікпен жазады. Сондай-ақ, тәмам «тамамға», хәкім «хакімге» айналып кетті. Кей журналистер сөзді қазақы қалпында жазып, оны корректор «бірізділікке» түсірмеген жағдайда газет шыққан соң емле қателігіне байланысты мәселелер туындап жатады. Мынау «газет тіліне келмейді» деп кейбір ауызекі сөздерді мақаланың ішінен күзеп тастаймыз. Ой нақты емес болып, жетеге жетпей жатады. Ал қазақ, әсіресе, бұзақыны тезге салғанда немесе араздыққа араша түскенде «айтпаса сөз атасы өледі» деп ойды бүкпесіз, сол қалпында жеткізбеп пе еді?! «Ішегің шықса да айтайын» деп те сөз сабақтайтын кезіміз болады. Бұдан біз сөз құдіретінің қаншалықты маңызды екенін түсінеміз. Өкініштісі, кирилл қарпі қазақ тілінің орфографиясы мен орфоэпиясын алшақтатып тастады.

Баршаға ортақ, түсінікті тілде сөйлейміз деп ұлттық бірізділік пен қазақы қалпымыздан арылып қалғанымыз рас. Латын әліпбиіне ауыссақ, қазақ тілінің табиғи мазмұнын сақтап, ұлттық санамызды қалпына келтіретініміз анық. Өзімізді орыс тіліне деген тәуелділіктен арылтамыз. Артық дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, емле ережелерді қайта қарап, қазақ тілінің табиғи қалпын сақтасақ несі айып?!

Мұндайда қазақ «Өзіңді-өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» демеуші ме еді?! Сондай-ақ, әлем бойынша, математика, физика, химия формулалары, терминдер, мамандықтарға қатысты ғылыми әдебиеттер латын әліпбиінде таңбаланады. Әрбірден соң күнделікті өмірімізде кездесетін, дәрігердің «нақтамасы» да латын қарпіне тәуелді емес пе?!

Әліппбиді қолданысқа енгізу үшін жаңалық ашудың қажеті жоқ. Бұрынғы әдісті қолдансақ жеткілікті. Мысалы, өткен ғасырдың 20-30 жылдарында латын графикасына негізделген әліпби қолданысқа енгізілді. Бұл орайда «Жаңа түрік әліппесінің комитеті» құрылды. Нәтижесінде, «Жаңа түрік әліпбиі» атты кітап шығарылып, мектептерде оқытылды. Барлық мемлекеттік мекемелер мен оқу орындарында «Жаңа әліпбишілер үйірмесі» немесе «Латыншылар үйірмесі» ашылған. Осы үрдісті қайтадан енгізсек болды емес пе? Оған біздің елдің мүмкіншілігі әбден жетеді. Аталмыш әліпби арқылы ғылыми, экономикалық әлемімізді кеңейте аламыз. Қазақ жазуын латын қарпіне көшіру арқылы ұрпақты оқу-білім және ғылымға бағыттаймыз.

Осыдан бірер ай бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев латын графикасына негізделген жаңа қазақ тілі әліпбиін жетілдіруді тапсырғаны белгілі. "Әліпбиді латын қарпіне көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына екі жылға жуықтады. Бірақ қарпімізде әлі де олқылықтар бар. Тіл мамандары жаңа әліпбиді жетілдіруі керек", – деді ол. Бұл орайда арнайы мамандар жұмыс жасап жатқаны белгілі. Десе де, жер-жерлерде курстар ашылып, оқыту жұмысы жүргізілсе құба-құп.

Егеменбіз! Өз елімізде өзімізге пайдалы шаруаны шешуге мүмкіндігіміз бар. Латын бізге бөтен емес. Бірден сыдыртып оқып кетпесек те, «жетекке» жүретініміз анық. Ең алдымен ниет керек. Күнделікті ғаламтор желісіндегі әңгімеден халықтың латын қарпін меңгеруге деген ынта-ықыласы байқалады. Ендеше, алпауыт елдермен тереземізді теңестіретін, білім-ғылымға барынша жол ашатын, түркі халқымен етене жақындастыратын, шетте жүрген қандастарымызбен ой жалғастыратын қаріпті неге оқып, үйренбеске?! Ендеше, дәстүрдің озығына қол созайық!

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды