Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

АБАЙДЫҢ 175 ЖЫЛДЫҒЫ ЕУРОПАДА ТОЙЛАНЫП ЖАТЫР

Уақыты: 12.02.2020
Оқылды: 237

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «дана ақын тек қазақтың ғана емес, бүкіл адамзат баласының рухани өмірін жан-жақты байыта алады. Өйткені, Абай туындыларының мазмұны жалпыадамзаттық құндылықтарға толы», - деген болатын.

Расында да теңіздей терең, тағылымы мол Абай Құнанбай-ұлының мұрасы тек қазақ халқына емес, күллі адамзатқа тиесілі. Оны ұлы ақынның: «Адамды сүй, Алланың хикметін сез» деген бірауыз сөзінен аңғара аламыз. Гуманизмге бағытталған хакімнің сөзі тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін келтіргендей. Ұлтаралық кикілжің, оқтын-оқтын орын алатын түсініспеушіліктердің нүктесін адамгершілікке, махаббат пен сүйіспеншілікке қарай бұрып, жер бетіндегі жұмыр басты пенденің бәрін даналыққа шақырады. Сол үшін де Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Абай – әлемдік деңгейдегі ойшылдардың қатарындағы ғажай­ып тұлға» деген болатын.

Абай мұрасы халықаралық деңгейде тойлануы тиіс. Оның алғышарттары бұған дейін де кеңінен көрініс тапқан. Оған әлем тілдеріне аударылған ақынның шығармалары дәлел бола алады. Ал биыл қазақтың бас ақынының туғанына - 175 жыл. Айтулы шара мемлекет ішінде ғана емес, халық­аралық деңгейде аталып өтеді.

Әлем халықтарының тілі, түрі, нәсілі өзгеше болғанымен рухани құндылықтар баршаға ортақ. Осы ортақ мүддеге қызмет еткендердің бірі әрі бірегейі Абай Құнанбай­­­­ұлы десек қателеспейміз. Сол үшін де өзге мемлекеттер дана ақынның мерейтойына өз үлестерін қосып келеді. Еуропаның еңселі елдерінің бірі Чехия астанасы Прага қаласындағы Клементинум Ұлттық кітапханасында «Абай» мәдени-ақпараттық орталығы ашылған. Екі ел арасындағы көпірге айналған рухани орталықтың ашылуы да ерекше салтанатпен өтті.

Ұлттық академиялық кітапхана мен Мәдениет және спорт, Сыртқы істер министрлігінің бастамасымен зиялы қауым өкілдері Прагага аттанып, әсерлі кештің куәсі болып қайтты. Қазақстан елшілігінің Чехиядағы өкілі Марат Тәжин сөз бастап, шараның шымылдығын ашты. Алғы сөзінде ұлы ойшылдың тағылымды мұраларын әлем назарына ұсынудың маңызымен бөлісті.

Сөз арасында Чехия ұлттық кітапханасына алғыс білдіріп, екі ел арасындағы мәдени қарым-қатынастың дами түсетіндігін тілге тиек етті. Сөз кезегін алған Чехия Республикасы Парламентінің депутаты Станислав Беркувич қазақ жұртын жақын тануға үлкен жол ашылып отырғанын ерекше әсермен жеткізді. Абай Құнанбайұлының қара сөздерін чех тіліне аударып жатқан Владислав Куичек те сол арадан табылды. Ұлт мақтанышын өзге тілде сөйлеткен аудармашыға ілтипатпен ізет көрсетіп, шапан жапқан делегация мүшелері ел атынын ризашылығын білдірді. Салтанатты ашылу шарасы «Әлем таныған Абай» атты «дөңгелек үстелге» ұласты. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, елші Марат Мұханбекқазыұлы, абайтанушы Тұрсын Жұртбай қатысушыларға баяндама оқыды.

Танымды шара Венгрия астанасы Будапешт қаласында Түркі Кеңесінің Мажарстандағы салтанатты кеңсесінде Венгрия және Қазақстан зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен өткен «Абай оқуларымен» жалғасын тапты.

Аталмыш шараға Қазақстанның Венгриядағы Төтенше және өкілетті елшісі Жәнібек Жарасқанұлы, түрколог-ғалым Дәуіт Шомфай Қара, қоғам қайраткері Айша Мандоки қатысты. 

Будапештің Сечени атындағы Ұлттық кітапханасына Абай мұрасын насихаттау мақсатында кітаптар сыйға берілді. Қазақ­­станнан арнайы барған делегация елшілікпен бірге баба рухына тағзым етіп, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Словакияның Братислава қала­сындағы Я.Коменский атындағы университетінде Абай оқулары өтті. Аталған шараға ҚР Словакиядағы Елшілігі, елімізден барған зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жоғарыда аталған шаралардың басы-қасында жүрген ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Ұлттық академиялық кітапхананың басшысы Үмітхан Дәуренбекқызының да ерен еңбегі бар екендігін айта кеткен жөн. 

Роза КАБИЕВА,

Алматы қаласы орталықтандырылған кітапханасының директоры

Сурет ғаламтордан алынды