Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ТОКИОҒА БАРҒАН ФОТОГРАФ: "ЖАПОНДАРДАН БЕЙСЕН ҚҰРАНБЕКТІҢ БЕЙНЕСІН КӨРДІМ"

Уақыты: 19.08.2021
Оқылды: 1951
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Жақында Токиода ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындары аяқталды. Жаһанның кіл мықтылары жиналған жарыстан еліміздің спортшылары сегіз қола медаль алды. Ал сол сайысқа түскен спортшылардың әр сәтін суретке түсірген белгілі жетісулық фотограф кім екенін білесіз бе? Ол, әрине, Жеңіс Ысқабай! Бүгін арал асып, Олимпиаданы объективке ілген ағамызбен емен-жарқын әңгімелесудің орайы келді.


– Ел ішіндегі, халықаралық, әлемдік жарыстарда фотограф болып қызмет істегеніңізді жақсы білеміз. Ал Олимпиадада алғашқы рет жұмыс істедіңіз. Бірінші сұрақ, ұсыныс қайдан түсті және оны бастапқыда қалай қабылдадыңыз?

– 20 маусымда Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінде жұмыс істейтін Әйгерім Тоқсанбек қарындасым хабарласып, мән-жайды толығымен түсіндірді. Карантинге байланысты шектеулер шамадан тыс көп болмаса, баруға келісім бердім.

–  Жапония жерінде сіздерге кім жетекшілік етті? Осыған дейінгі Олимпиада ойындарына елімізден екі фотограф қана барғаны белгілі. Ал осы жолы төрт фотограф барыпсыздар.

–  Жалпы елімізден барған медиа қызметкерлерге бағыт-бағдарды, нұсқауды Жанар Өтешова қарындасымыз берді. Жанардың осыған дейінгі еңбегіне сырттай қанық болсам, осы жолы өз көзіммен көрдім. Еңбеккерлігіне ризамын. Қарағамағындағы әр қызметкерге жақсы қарап, тиісті тапсырмалар беріп отырды. Ал фотографтарға келер болсақ, осы жолы төрт фотографтың барғаны өте ұтымды шешім. Өйткені, бір күнде үш-төрт спорт түрінен жарыс болса, әрқайсымызды соған бөліп жібереді. Яғни, қай спортқа қазақстандық спортшы қатысты, соның суретін түсіре білдік. 

– Қазақ спорт журналистикасының атасы Сейдахмет Бердіқұловтың: «Спорт журналисінің бағы да, соры да асығыстық», – дегені бар. Олимпиадада спортшыларымыз жарыс жолына шығып жатқанда, сол сәтте сіздің әлеуметтік желіде суреттеріңіз тарап жатты. Асығыстыққа суреттің сапасы қалай әсер етеді?

– Жалпы маған бір кездесуді үзіліссіз бастан-аяқ түсірген ұнайды. Оның үстіне бастапқыда күресті ғана түсіремін деп ойладым (күліп). Ал біздің спортшылар жарыс жолына шықса, суретке түсіріп алып, екі минут ішінде тапсыруым керек. Фотоаппараттың тілін түсінгеніммен оны жалғап, жіберетін құрылғыларды игеру үшін уақыт кетті. Сол жағыннан бөгелдім. Ал мен суретті жіберіп үлгергенше, спортшымыздың талай тамаша сәтін жіберіп алдым. Бастапқыда менен де қателік кетті дедім ғой (күліп). Күресті көріп отырып, қызығына кіріп кетсем керек, бір сайысқа баруды кеш есіме түсіргенім бар.

–  Жалпы еліміз Олимпиада тарихында алтынсыз және күміссіз қайтып, антирекорд жасады. Сіз қастарында болдыңыз ғой, спортшыларымызға не жетпеді?

– Нақты не жетпегенін білмедім. Оны мамандар айта жатар. Ал мен көргенімді айтайын. Шет елдің спортшыларына қасында жүргендерден бастап бәрі «сен үздіксің» дегенді миына құйып тастағандай. Оның үстіне өзіне деген сенімділікті арттырған. Олар алаңға, болмаса бозкілемге шықса шынымен де соңына дейін күреседі. Тап бір шылбырынан босап шыққан жараған аттай. Мәселен, жапониялық дзюдошы Сехэй Ононы алып қарайық (2016 жылы Риода, 2020 жылы Токиода Олимпиада чемпионы болды), ол өзіне сенімді, татамиде өзінің қожайын екенін білдіріп, әр іс-қимылымен оны көрсетіп отырды.

Жеңгеннен кейінгі сенімді көзқарасты айтсаңызшы?! Ал мен риза болған қазақстандық спортшы болса, ол – Елдос Сметов. Оның соңына дейін күрескені, әдіс-айла жасаудағы шеберлігі қатты ұнады. Риза болдым. Қалған спортшыларымыздың басым көпшілігенде физика бар шығар, бірақ өзіне деген сенімділікті сол сәтте жоғалтып алып жатты. Жігер мен қайратты қоса білмеген сияқты. Көпшілігі шамадан тыс мәдениетті, сабырлы ма деймін. Олар сайысқа келген жоқ па, керсінше көрінетін тұсы осы емес пе?!..

– Қазақ спорт фотожурналистикасының негізін салушы Дендербай Егізов 1988 жылы Сеул Олимпиадасында финалда кореялық Ким Ен Наммен күресіп жатқан Дәулет Тұрлыхановқа кілем жиегінен айғай салған бір естелігі бар. Сіз айғай салмадыңыз ба?

– Жоқ, ондай мүмкіндік болмады және ережеге сай айғайға басу былай тұрсын, еркін жүріп түсіруге рұқсат болған жоқ. Белгілі, өздері көрсеткен жерден түсірдік. Ал мен іштей қатты Елдос Сметовқа (Токио Олимпиадасында қола медаль алды) жанкүйер болдым. Қарап отырып-ақ өзім күресіп жатқандай әсер алдым.

– Әр суреттің орны ерек болғанымен өзіңізге ерекше әсер қалдырған фотоны атап өтіңізші. Түсіру барысында қандай қызықты сәт болды?

– Ерекше әсер қалдырған грек-рим күресінен төрт Олимпиаданың алтынын алған (Бейжің 2008, Лондон 2012, Рио 2016, Токио 2020) аса ауыр салмақта күрескен 38 жастағы кубалық Михаин Лопес болды. Финалда грузин Якоб Каджаяны қалай әдемі жеңіп кетті?! Жеңгеннен кейін көз алдымда Лопес «сальто» жасады. Ойлаңызшы, 130 келі. Соны суретке түсіріп алдым. Одан кейін ерекше әсер еткен ол қырғыз қызы Айсұлу Тыныбекова (Токио Олимпиадасында күміс алды). Финалда жапон қызы Юкако Кавайдан жеңілді. Күміс алды. Көңіл-күйі жоқ. Көрші елдің қызының жетістігіне қуанып, көңілін аулау үшін жеке фотоға түсіріп алдым. Содан: «Қазақтардың атынан көрімдік, күресіңе ризамын», – деп өзімде бар 100 АҚШ долларын қолына ұстатып жібердім. Жанкешті күрес көрсетті. Осыған дейін 2019 жылы Нұр-Сұлтанда өткен күрес түрлерінен әлем чемпионатында жеңімпаз болғанда, қатты риза болып едім. Сол суреттер өзіме ерекше ұнады деп айта аламын.

– Аға, біз жапон мәдениетіне, әдебиетіне сырттай қанық болғанымызбен, көзбен көрмедік. Қалай екен? Шынымен фильм мен кітаптағыдай ма?

– О, керемет! Әр іс үшін басын иіп, рақметін жеткізгенде, кең кіршіксіз көңілдеріне таңғаласың. Мәселен, бізді арнайы жарыстан аренаға жеткізген автобус жүргізушілері есіктен кіргенде басын иіп, сәлем берсе, есіктің бір жағында ілулі тұрған антисептикті көрсетеді. Қолыңды жуып болған сәтте тағы басын иіп, рақмет айтады. Болмаса бір көшемен екінші көшені шатастырып, адасып жүріп жол сұрасаң, өз жұмысын ысырып қойып, сені жетектеп өзі алып барады. Қарап тұрсаңыз, оның жұмысы жоқ па, уақыты көп пе, білмедім.

Бір байқағаным жалпы жапон жұртынан өзімнің Бейсен Құранбек ағамның бейнесін көрдім. Кең, кіршіксіз көңіл, таза пейіл, танысын-танымасын жәрдем сұрасаң көмектескісі келіп тұратындығы, жанашырлығы, күліп қарсы алып, дәл сондай нотада шығарып салатындығы қатты ұқсады. Бейсе-ағамның мәрттігінің өзі бір төбе еді. Жапондардан жұққан қасиетті айкидомен айналысып жүргенде үйренді ме деймін. Жапонның ақылға құрылған айкидосы қара күшті ғана шыңдап қоймай, бойдағы ерік-жігерді, сабырлылықты, рухты да жетілдіреді емес пе?!

– Сол Бейсен ағамыздың көзін көргендер, қызметтес болып, ағасы, інісі болғандар жиылып, сізді Токио сапарына аттанар алдында жақсылап шығарып салғанын әлеуметтік желіден көрдік.

– Иә, Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев, «Жетісу» телеаранасы директорының орынбасары Досан Қызайбекұлы, Алматы облысының дене-шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев ағаларым (Нұрбақыттың жасы кіші болса да, жолы үлкен мен үшін), Медет інім бәрі жиналып, өздері баратындай қуанып, ақ тілекпен шығарып салды. Шыны керек, бұл маған берілген сый болды. Мен Олимпиадаға баруды ешқашан армандаған емеспін, осы жолы да тек күрес көру үшін барғанмын, барлық спортты шама келгенше қамтып шықтық қой (күліп).

– Сұхбатыңызға рақмет!

Серік ҚАНТАЙ

Алматы облысы