МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ АСАНБАЙ АСҚАРОВҚА - 100 ЖЫЛ!

Уақыты: 08.08.2022
Оқылды: 1896
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Тарихты тасқа басқан талай таңбалар көмескіленсе де, мүк қабаққа қонған талай зердің жүзін жауын мен күн мүжіп кетсе де, адам деген ұлы жаратылыстың соңында қалтырған ізгілікті ізі сақталады екен. Қалың ел өзі сүйген перзентін ғасыр жөңкісе де жадында тұтып қалады екен. Туғанына аттай 100 жыл толған бірегей тұлға, мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаров бұл ойымыздың алтын айғағындай.

Өткен ғасырдың екінші жартысында халық үшін терсіңді еңбек етіп, телегей қажырын сарыққан, бойындағы туабітті дарыны мен қабілет-қарымын аямай ел көсегесінің көгеруі жолына жұмсаған Асанбай Асқаров туралы заманында ақын-жазушылар, қоғам және мемлекет қайраткерлері көптеп естелік қалдырған. Белгілі жазушы Әшірбек Көпіш тұғырлы тұлға өмірден өткенде «Таулар да көшер дүниеден» атты естелік жазып, жан тебіренісін қотарып салған. Жазушының ол жазбасында: «Асанбай ағаның адам болып жаратылғандағы тылсым тереңдігі, ауқымды, жүйелі құштарлығы, нақпа-нақ шешімге табан тіреп тұратын алғыр сарапшылдығы, дүниені әділ таразылай отырып, ел қамын іске асырарда – пікірін мірдің оғындай айтатын шешендігі және осының барлығын бірден лықсыта жосылтып әкететін ой дариясының телегей теңіздігі еді»,– деп тебірене термелейді. Осы бір тұтас сыңар жүлгемен ақтарылған пікірді тарамдата талдап кеп жіберсек, Алаш Асанбайының портреті көз алдымызда көлбеңдейді.

Иә, заманында тұлғалар аузынан «асыл қасиеттері мемлекеттік билік тізгінінің шырқау шыңына жеткізген» деген де пікір туындағаны рас. Бұл жоғарыда айтылған жазушы ойымен астасқан, сабақтасқан байлам. Ғасыр дарабозы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевпен бірге тізе қосып еңбек еткен тұлға ақсақалдық жасқа көтерілгенде де елін таңдандырып, ой тереңдігін көрсете соқталдай шығармалар жазған-ды.

Мен елімнің перзентімін,
                                 гүлімін,
Арқа сүйер азаматы – ұлымын.
Еліме мен аямаймын, 
                               жұмсаймын, 
Ғұмырымның мағыналы
                           шырынын,
– деп өзі жырлағандай, тағдырдың талай тақсіретін тартса да адамдық, адалдық қасиетін асқақ ұстап, өмір өзегіне кір шалдырмай кеткен Асанбай Асқаров шын мәнінде Алаш зиялыларының ізбасары сынды көрінеді. Ол қоғамның ішкі дағдарыстарының себеп-салдарын ашуға ерен күш жұмсап, тарихи заңдылықтар мен кездейсоқ оқиғалардың жігін ажырата отырып ертеңгі күнге нақтылы қадам жасай білген көреген басшы еді. Оның бұл қасиеттері Алматы, Жамбыл және Шымкент  облыстары партия комитеттерінің бірінші хатшысы болып қызмет еткен жылдары ерекше көрініс берген-ді. Үш облыстың тізгінін ұстаған  26 жылда ол жердің қадірін, елдің қасиетін кемел жүрекпен сезініп, қағыр жерге гүл өсіріп, құмшауытқа алтын дән жайқалтты. Күллі халыққа азаматтық, ақындық жүрегін айқара ашып, ел болашағы, халық тағдыры туралы терең толғана білді. 

Асанбай Асқаров тарихшы, қоғамтанушы-зерттеуші, мемуаршы ғана емес, көзінің тірісінде үлкен ғалым екенін де танытып үлгерген жан. Қос тілде, қазақ және орыс қарпімен жазылған «Ұлы Тұран ұлдары» кітабы оның ғылымдық жолға нақтылы дәйектемелерді жинауға деген қызығушылық барысында түскеніне дәлел болатындай. 

Соңынан өшпес мұра жазып, ірі істер жасап қалдырған Асанбай Асқаров жайлы бір кітапқа жетер шығарма жазуға болады. Бір басына сан өнер қонақтаған, кең жүрегімен елін шексіз сүйген өз дәуірінің дауылпаз тұлғасы жайлы Алаш мұрасын індете зерттеген Мәмбет Қойгелдиев былай деп жазады: «А. Асқаров бар бітім-болмысымен кеңестік жүйе жағдайында қалыптасқан қайраткер еді. Ал кеңестік билік болса ұлттық кадрларды перманентті, жүйелі түрде ылғи да електен өткізіп, тазалап отырды. Соған қарамастан Қазақстандағы басшылықтың арасында ұлттық құндылықтарды қорғап, оларды одан ары өрістетуге ынталы, таза көңілді, биік мұратты азаматтар аз болған жоқ. Асанбай Асқаров сондай еліміздің бағына туған қайраткерлердің бірі әрі бірегейі еді».

Бұл ойды жүлгелесек, кейіпкеріміздің қайраткерлік болмысын, қазақ үшін қысылтаяң шақта ерен еңбек етіп, шынжырлаған жүйенің, бірбеткейлі саясаттың бұғауынан қазақ халқына самаланың жетуін, жарықтың төгілуін көксеген ұлы перзенттік махаббатпен іс тындырған ерлігін танимыз. Ал, осындай заман яки ғасыр сомдаған адам жайлы біз де алдағы уақытта көсілте жазып, әрбір азаматтық қасиетін салалай талдайтын боламыз.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ