Журналистік зерттеу жұмысым жан-ға жағымсыз «жын» сөзінен басталды. Иә, жалпақ жұрт «жынды» деп атап кеткен жүйке ауруына ұшыраған жандардың жай-күйін білгім келді. Сөйтіп, Еңбекшіқазақ ауданының Есік қаласында орналасқан «Аманат» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Гүлсара Егенбаевамен телефон арқылы тілдесіп, жолға шықтым. «Жындыхана» деген қорқынышты сөзді естігенім болмаса, көргелі тұрғаным бірінші рет. Алыс жолды артта қалдырып, қаланың шет жағындағы көшенің етегінен орын тепкен темір есікті, сұп-сұр нысанның алдына аялдадық.
Жол жиегінен жан баласы көрінбейді. Үрей билеген бойы қоршаулармен қорғалған сол маңның биік ғимаратына қарай беттей бердім. Алыстан байқап келемін, айналасына темір тартылып, тұтас бөлігі тұмшаланған. Мен келе жатқан әлемнен ол жердің бөлек екенін сезетіндеймін. Иә, солай секілді, себебі есікке қолым тиген сәтте әлдебір белгісіз күш еңсемді басқандай болды. Ішке ендім. Күзет аймағынан өткенде шынымен де бөтен әлемге тап болдым. Темірторлы терезеден көз сүзген сырқаттарды көргенде еңсем төмендеп сала берді. Көңілімді қорқыныш торлады. Иә, олар да біз сияқты адамдар. Бірақ қоғамның сол жандарды бізден бөлектеп, өзгешелеу қылып көрсеткенінен болар, бойдағы қорқыныштың қадам сайын арта түскені. Рас, басқа бір әлемге енгендеймін.
Заман талабына сай жап-жаңа мекеменің тазалығы да тәнті етеді. Ауладағы гүлдер сәні келіскен саябақты есіңе түсіреді. Көз алдымда ары-бері жөңкілген аурулар. Әлсін-әлсін әлдекімнің оқты жанары желкеме қадалғандай сезіне беремін. Міне, сырқаттар да жетті жаныма. Кейбірінің шашы алба-жұлба болса, кейбірі қырықтықтан енді шыққандай. Алғаш кездескен қосақтасып келе жатқан жандарға қарап, ғашықтар болар деп пайымдадым. Сөйлесе үндемейін деп тұрған менің жанымнан жаңағылар ләм-мим демей, тіпті көз қиығын салмай өте шықты. Мүмкін әділеті мен зұлымдығы итжығыс қоғамнан келгенімді сезіп, сырттан енген жанға назар аудармаған болар. Болжауымша аурухананың әкімшілік бөлігі әлі алыста. Кетіп барамын, бірақ асфальтке табаным тиген сайын бойым түршігуде. Алыстан көргенімде қозғалыссыз тұрған жігіт тура жанынан өткен сәтте маған бұрылып әлденені айтып, жанымнан қалыспай барады. Ең бастысы – үндемеу. Бірақ сөйлесіп, сырлассаң жаман адам емес секілді. Тек біршама күн мен түнді арнау керек. Әйтпесе әлгі жанның әңгімесі бітер емес. Сырттан келгенімді сезіп, жаңалық сұрап жатқан сияқты. Жолай бір орынды айналшықтап, аспаннан көз алмай тұрған ақ көйлекті әйелге көзім түсті. Тәңірден жақсы күн тілеп, тағдыр сынына қапаланып тұрғандай. Иә, көктен көз алар емес. Қолын жайып, бірдеңелерді күбірлегенінен дәл солай екенін сездім. Кенет алдымнан қолында салынған небір суреттері бар, абақтыда жүргендей киініп алған орыстың жігіті шықты. Қасынан өтіп кеткенше асықтым.
Мейірімділік белгілеріне көзім түскенде қорқынышым бір-ақ сәтте сейілді. Қоларбаға отырған өмірден күдерсіз қыз бала. Өмірдің ешбір сәті сырқатты селт еткізбейтін секілді. Себебі көңілінің жоқтығы кез келген жанға бірден белгілі. Көзін төмен салып, асфальттың әр тасын аңдығаны болмаса, басын көтеріп төңірекке қарағысы жоқ. Ал қоларбаны сүйретіп келе жатқан жанның да сипаты басқа. Ешкімде шаруасы жоқ. Бар міндеті арбадағы қызды сүйеп, соның көңілін табуға тырысу. Иә, солай екен. Жаңағы мүгедек арбасын сүйреген жігіт сәл жүріп, тоқтап, қызға күліп бірдеңені күбірлеп тұр. Ал қыз сезінбейді. Сонда да жігіттің қызға көмегі таусылар емес. Мені таңдандырғаны да осы. Арбада отырған қызға көмектесіп, көңілін табуға асыққан жігіттен үлгі алсақ дедім ішімнен. Жарымжан түгілі он екі мүшесі сау адамға сезім сыйлау да қолымыздан келмейді көбіне. Міне, әкімшілікке кіреберісте көрген көрінісім сол аулада өзімді еркін ұстауға септігін тигізді. Сырқаттардан да көпті үйреніп, талайды түсінуге болатынын байқадым. Бірден басшының кабинетін іздеп, есік қағып кіріп бардым. Сырт көзге бірден қарапайым, кеңпейілділігі болмысынан байқалып тұрған жан жылы шыраймен қарсы алды. Бұл аталмыш мекеменің директоры Гүлсара Қалиқызы еді. Сырқаттардың сырласындай болған Гүлсара Қалиқызы манадан бергі үрейімді мейірімді жүзімен, жарқын әңгімесімен сейілтіп жіберді.
ЖАНАЙҚАЙ
Тұрмыстық және медициналық қызмет көрсетуді қажет ететін мүгедектердің тұрақты тұруына арналған мекеме 1978 жылы ашылған. Содан бері созылмалы психикалық аурумен ауыратын науқастардың үйі болып саналып келеді. Облыс әкімінің қаулысымен ағымдағы жылдың тамыз айында интернат үйінің атауы «Аманат» болып өзгертіліпті. Бұл өңіріміздегі жоғары санатты үлкен мекеме. Ғимарат екі қабатты үш корпустан тұрады. Қазіргі таңда мұнда I және II топтағы 540 сырқат ем алады. Айналасына қауіп төндірмес үшін барлық науқас қабылданбас бұрын дәрігерлердің тексеруінен өтеді. Орталықта науқастарға қолайсыздық тудырмайтын, керісінше, өзінің үйіндей сезінуге мүмкіндік беретін жағдайлардың барлығы қарастырылған. Әсіресе, өмірден күдер үзгендердің көңілін табу үшін жүрген 331 қызметшінің еңбегі ерен. Менің бұлай деуіме себеп көп. Директордың орынбасарымен бірге мекемені аралауға кірісіп кеттік. Істі қызметшілермен танысудан бастадық. Басқарушы және шаруашылық, арнайы әлеуметтік қызмет көрсететіндер де жеткілікті. Сондай-ақ мәдени, еңбек, құқықтық, педагогикалық бағыттағы сырқаттар мәселесін шешіп беретіндер де бар. Өз басым ең күрделісі тұрмыстық және медициналық көмек көрсетушілердің жұмысы деп сезіндім. Аурухана бас-аяғы жеті бөлімнен тұрады. Ең біріншісі жазылу мүмкіндігі бар, аса қауіпті емес аурулар жататын бөлім. Аталмыш орынға табан тіреп, есігін де аштық. Ғимарат ауласынан көрген бірен-саран сырқаттың көпшілігі іште екенін сездім. Бірінші бөлімнің расымен-ақ қауіпсіз екені көрініп тұр. Уақыт пен мезгілге қарай өршитін ауру түрлерін бойына жиған науқастар осында. Сырт көзге сап-сау адамдар секілді. Сөйтсем олардың сырқаты біршама уақыт кідіріп қайта басталатын көрінеді. Жатын орындары жинақы, тап-таза. Кәдімгі демалыс орталығы секілді. Әр бөлімнің өзінің асханасы, денсаулық сақтау бөлмесі, сондай-ақ теледидар қарап, бір уақыт тыныстайтын орындары бар. Ерлер мен әйелдерге бөлек қабаттар қарастырылыпты. Иә, бұл бөлімнен сырттан алған секемім сейіліп кетті. Келесі бас сұққан бөлім де солай. Науқастардың арлы-берлі жүрісі болмаса, ел айтқан жындыхана дейтіндей түгі жоқ. Жатын орындары жинақы, бәрі кіреберістен күлімдеп амандасты. Қойған сауалың жауапсыз қалмайтын бірден-бір орта осы екен. Мүгедектігі болмаса, жүйкесі ауытқыды деген тұжырым жасау қиын.
Келесі бөлімге кірмес бұрын басшының орынбасары біршама жайтты есіме салды. Үшінші бөлімде сырқаттардың асқынғандары жататындығын айтып өтті. Кіреберістен ғимарат керегесіне сіңіп қалған жағымсыз иіс қолқаны алып кетті. Содан-ақ өзінің не істеп қойғанын білмейтін аурулардың ортасына түскенімді топшыладым. Шынымен де бұл бөлім науқастары көзіме тік қарап, бейне бір мазамды алдың дегендей тіксірейеді. Жүрістері де суыт. Ұмыт бола бастаған қорқынышым бойыма қайта оралды. Не керек, ешбіріне көңіл аудармай дәліз бойымен жүре бердік. Бірақ артымнан қалмай келе жатқандарын байқап үрейленіп барам. Бөлмелері де шашыраңқы. Қазір жинаса араға секунд салмай шашылатын көрінеді. Қоғамда қалыптасқан түсініктегідей ойнақтап, секіріп жүрген бірі жоқ. Бәрінің көңілі түсіп, жабырқаған жанарлары ғана қалған. Ол аштықтан, немесе жағдайдың жоқтығынан емес. Тағдырдың тезіне түсіп, өмірдің ең ауыр өткеліне тап болғандар жабырқамай қайтсін?! Көңілі жарымжан, жүрегі жетім жандар жыламаса секірмейтіні белгілі. Дәліз бойымен тіктеп келе жатып темір торға көзім түсті. Жоқ, темір торға емес, оның ішінде отырған шашы алба-жұлба, қап-қара келіншекті байқап қалдым. Біресе күліп, біресе жылап есікті ашыңдар деп айғайлаған әйелдің дауысы құлағымды жарып, көзі өңменімді тесіп барады. Сырттағы сырқаттар болса оның сөзіне әзілмен жауап қайыруда. Бейнебір келекетіп жүрген сынды. Жалбыршаш, кең көйлекті әйелдің артында отырған үшеуін байқадым. Менен сескеніп тұр ма, әйтеуір бәрі бір қатарға тізіліп алыпты. Сөйтсем әр бөлімде осындай «К» деп аталатын жер бар екен. Оған ауруы асқынып, қиын жағдай тудырғандар жабылатын болып шықты. Сондай-ақ, бір-бірімен ерегесіп, жағаласып жұдырықтасуға барғандардың да орны осы. Суық жүзді, өмірдің сынынан сүрінгендерді артта қалдырып, келесі бөлімге бет түзедік. Жетер жерімізге келіп, есігін ашқанда дәл бағанағы иіс мұрынға бірден келді.
Жә, оны қойшы. Сәл жүргеннен соң бойыңды үйретіп, ол иіске де дағдыланып алады екенсің. Бастысы, бұл бөлім жүрегіңді жібітеді. Иә, өмірді түсініп, күн кешіп жүргеніңе шүкіршілік айтасың. Он екі мүшеңнің сау, аяқ-қолыңның барына тәубе дейсің. Мәңгілік төсекке таңылып, онысымен қоймай аяқ-қолынан айырылған жандарды көргенде көңілім күйреп кетті. Жанарыма еріксіз жас тығылып, өңешім өксікке толды. Кембағалдығын қойғанда жүйкесі де сыр бергендердің дауысын естіп құлағым тұнып барады. Қиын. Қатал тағдыр дегенің осы екен ғой. Отыру, ол түгілі тұру жоқ, ол да ештеңе емес, бастысы, ыңғайлы жатуды да арман еткендер бұл бөлімде. Бұларды далаға төсекке салып көтеріп шығып, қайтып ішке көтеріп кіргізеді екен. Ал тамақты төсектерінде береді. Бергенді шайнап, жұтқаннан басқа қызығы қалмағандардың қолынан түк те келмейді. Таңданғаным, дәл осылай 15-20, тіпті одан да көп жылды артқа тастап төсек тартқандар бар. Өмір мен өлімнің ортасында жатқан науқастар маған өмірді түсіндірді. Кейбірі сөйлеуді де арман етеді. Ымдап бірнәрсе айтқысы келеді. Әттең, тағдырдың соқпағы сыртқа жанайқайын шығарар емес. Жүрегім жылап, көңіліме мың сұрақты жинап бұл бөлімнен де шықтық. Әрбірінің жатысы, іске икемделгісі келген көріністер көз алдымнан кетер емес. Аурухананың әр бөліміне кірген сайын өмірдің әрқилы сынағын сезініп келемін.
Бесінші бөлім деп аталатын орында мейірімділіктің аса қажеті жоқ. Қатулы қабақ пен темірдей тәртіп болмаса бұл бөлім науқастары тіптен қауіпті көрінеді. Расында да солай. Өзінің туған әке-шешесін өлтіріп, болмаса бауырларын жер жастандырып темір торға тоғытылып, кейіннен істеген ісі маза бермей жүйкесі жұқарғандар жататын жер бұл. Иә, түрмеде ауру болып, есінен айырылғандар. Сондықтан тәртіп керек-ақ. Барлығын бірдей сап түзетіп сыртқа шығарып серуендетіп, қайтадан сол әдіспен кіргізеді. Өздері де жұдырықтасқыш. Оны беттеріне түскен жара мен шекелеріне тиген ізден байқадым. Бірақ ол жүректеріне түскен жараға қарағанда түк емес. Жетінші бөлімге жеткенімде беттеріне маска таққан тәрбиешілер қарсы алды. Карантин ба деп таңданыспен сұрағанымда:
– Жоқ, бұл жерде туберкулезден айығып шыққан аурулар жатады, – деді.
Мұнда да кәдімгі аурулар. Бірінші бөлімдегідей амандасып, күлімдеп, таңданып жүргендер бәрі. Бұларды туберкулезден айығып шыққандары үшін ғана оқшаулап ұстайды. Бөлім ішін аралап жүргенімде тағы бір тәрбиешінің: «Ренжімесеңіздер шыға тұрасыздар ма?» – дегенін естідім. Сөйтсем науқастың бірінің сырқаты сыр берген екен. Оны көзіммен көрдім. Бөлімдерді аралап, іштегі науқастардың халіне қанық болып сыртқа да шықтық. Алғаш ғимаратқа енген сәтте музыканың дауысын естіген едім. Іштей мән бермегем ол кезде. Енді, міне, сол музыканың ортасына түстім. Сырқаттардың көңілін бұрып, уайымдап қамықпауы үшін таңнан кешке дейін әуен қосылып тұрады. Түстегі екі сағаттық ұйқы уақытында тынышталады. Аулада небір науқасты көріп қайран қалдым. Бірі шаттанып билеп жүр, екіншісі жанына өзі секілділерді жиып алып өзінше бірдеңені жоспарлап бағуда. Ал кейбірі өмірдегі сәтсіз махаббатынан сүрініп, орталықтан ғашығын тауып бақыттан бал-бұл жануда. Қол ұстасып, құшақтасып, зеңгір көкке көз тастап армандарын құрып бара жатқандар осыған дәлел болса керек. Музыкаға құлағын да түрмей, би дегенді жақтырмаған тағы бірі ағаштың түбінде шылымын ширатып қалың ойға көміліп отыр. Сан түрлі адам, сан түрлі тағдыр. Өрімдей 18-ден бастап, сары уайымды 86-ға дейінгі жасты қамтитын жандар маған жатырқай қарап, таңданыс танытуда.
ҚАПАСТАҒЫ ҚЫЗ
Орталықта науқастардың өмірге ұмтылысын күшейтіп, қызығушылығын арттыратын бөлімдер жұмыс істеп тұр. Интернат-үйінің ауласында жылыжай бар, онда әртүрлі өнімдер өсірілуде. Өнген көкөністерді қамқорлықтағы адамдар өздері күтіп-баптауда. Мекеме ауласы толық жарықтанған, әр бұрышында бейнекамера орнатылған. Ол науқастардың қауіпсіздігі үшін қажет. Аурухана ұжымы Белоруссияға барып, ол жақтағы дәл осындай интернат-үйімен тәжірибе алмасып келген. Сондағы жерден қазылған тағам сақтайтын қойма аталмыш мекемеде де жүзеге асуда. Құрылыс жұмыстары басталып кеткен. Әлеуметтік-тұрмыстық дағдыларды үйрететін, науқастарды өз-өзіне қызмет көрсетуге шақыратын арнайы кабинеттер жетерлік. Ол жерде сырқаттар тамақ дайындау, қонақ күту, гигиеналық тазалықты сақтау сабақтарын үйренеді. Сондай-ақ, қамқорлықтағылар үшін қолөнер бұйымдарын жасау шеберханасы да жұмыс істейді.
Сырқаттардың жасаған заттарын көруге қызығып, ішке ендім. Бір үйдің адамдарындай қауқылдасқан бір қауым қарсы алды. Әп-әдемі әңгімелерін үзіп алдым ба деп ыңғайсыздандым. Әзіл-қалжыңдары жарасып, жұмысқа ден қойғандардың бәрі орнынан тұрып амандасып жатыр. Әрқайсысы өз қолымен жасаған бұйымдарын көрсетуде. Мен де көңілдерін аулап, қызықтап бақтым. Расымен де шебер жасалған дүние. Сау адамның қолынан келмейтін небір керемет бұйымдар бар. Тоқылған жемпір, моншақтан жасалған ыдыс түрлері таңдай қақтырмай қоймайды. Шеберліктеріне шын алғысымды айтып бұл ортадан да шықтым. Келесі бас сұққан орнымыз ауруларды арнайы емдеу бөлмесі болды. Бұл жерде теледидар арқылы жарық белгісімен емдеу, суық бассейн, сондай-ақ, небір массаж түрлерін жасайтын аппараттар тұр. Ой-сананы жетілдіру үшін арнайы есеп сабақтары мен сурет салу бөлімдері қызмет көрсетеді. Ол жерге енгенімде 50 жас шамасындағы сырқат салған суретін көрсетіп, мақтанып қояды. Қуанышы кәдімгі бала тәрізді.
Бұл бөлмеде сурет салдыру арқылы аурудың деңгейін анықтайды. Сонымен қатар, жаттығу залы да осы ортадан табылды. Таңнан тұрып денсаулығына күтім жасайтындар да көп. Би, домбыра үйірмесінің жұмысы да тәнті етті. Домбыраны серігіне айналдырғандар бар екен. Би десе ішкен асын жерге қойып, тек сонымен шұғылдануға ден қойғандар да осында. Ең кереметі, сырқаттар сауатын жоймасын деген ниетте кітапхана жұмыс істеп тұр. Кітапханаға кірген бойда бос орынның жоғын байқадым. Көзіме сонау артқы орында жерге еркін жайғасып газет оқып отырған қарт түсті. Кідірместен қасына бардым. «Түсіне ме, оқи ала ма?» – деген сауал көкейімде тұрақтады. Сөйтсем ол кісі кітапхана ашылғалы шықпайтын оқырманның бірі болып шықты. Басқа ешнәрсе қызықтырмайды, күні бойы оқулықтарға телміріп отыратын көрінеді. Алдыңғы орында отырған әйел адамның көк сиямен бірдеңені шимайлап жатқанын көзім шалды. Жанына барсам өлең жазып отыр екен. Оқуын өтіндім. Өлеңнің аты – «Тәуелсіздік». Ұйқасының мәз емес екені белгілі, бірақ тіркестері шымыр. Ең бастысы, ниетіне риза болдым. Өзі өмірдің қапасына түссе де елінің еркіндігін ойлап өлең жазғаны жанымды жылытты. «Тағы да бар, тағы да», – деп келесі өлеңін бастай беріп еді, артқы орында отырған қыздың мен де өлең жазамын деген сөзі құлағыма жетті. Сол арада әңгімемізге тәрбиеші араласып: «Бұл Сахида есімді қыз. Өлеңдерін оқысаңыз өте тамаша. Біз оны жинақтап, кітапша ретінде құрастырып та қойдық», – деді. Қыздың жанына бардым. Жер шұқыған жанарын жоғары көтерер емес. Басын төмен салып, сөзіме жауап беруде. «Өлең жазасың ба?» – деген сауалыма:
– Иә, кейде жаным қысылғанда, – деп жауап қатты. Бір жағы сырқат болған соң ойына келген бірінші сөзі осы шығар деп қабылдадым, бір жағы сөзі жүрегіме жетіп, әлдеқандай әсер етті. Қане оқышы дегенімде тәрбиеші:
– Ол өзі оқи алмайды, жаза да алмайды. Өлең жазғанда ойланып отырып, тек дыбыстайды. Ал жанында отырған Катя айтылғандарды қағаз бетіне түсіреді, – деді.
Таңданысымды жасыра алмай себебін сұрағанымда тәрбиеші:
– Сахиданың жасы 26-да, ол ауруханаға келгелі көптеген жыл артта қалды. Екі жанары бірдей тас қараңғы. Қыз балаға тағдырдың сынағы ауыр-ақ, – деп күрсінді.
Жүрегім селт ете түсті. Жанарын жерден алмай отырғанын енді түсінген мен қызды қатты аяп кеттім. Шимайланған дәптерді парақтаған Катя сиясы кеппеген жаңа өлеңді оқи жөнелді.
Уақыт өтеді, бәрі кетеді.
Маған да бақыт жетеді!
Қайда әкеліп тастады,
Тылсым тағдырдың жетегі?!
Аспанда жұлдыз, жерде гүл,
Жанып тұр бәрі, гүлдейді.
Белгісіз бірақ болашақ,
Жүрегім оны білмейді.
Жанардан жасым ағады,
Жүрегім, жаным жаралы.
Көрмесем де мен көзіммен,
Мен үшін өмір бағалы.
Жалғызбын, орным осы жер,
Мәңгілік мүмкін қаламын.
Қалсам қалайын, көрсе ғой
Жарық әлемді жанарым.
Болса, шіркін, жанымда демегенім,
Жалғыз досым – қаламым, өр өлеңім.
Туған күнді жыл сайын қарсы аламын,
Жалғыз өзім ішінде керегенің.
Жүректен толқып шыққан аяушылық сезім жанарыма жас болып тығыла берді. Тағдыр қинаған қыздың кіршіксіз көңілі өмірді сүюді үйретті. Көпті түйдім, осындай жерде жатқан, осындай кембағал қыздың қабілеті таңдандырды. Ойнап-күліп, өмірді өтпестей көріп, қадіріне жете алмай жүргендер ойыма оралды. Қапастағы қыздың қалауы – сол жерде қалса да жанарының көріп кетуі. Тәрбиешіге барып өлеңдерін жинастырып беруді өтіндім. Ақ қағазды тез арада ақтарып, қалғандарын өзім оқып шықтым. Ех, өмір қатал-ақ. Жанарыма келген жасты байқатпай, қызға сәттілік тілеп, ол жерден де шықтым. Қол бұлғап тағы бір тағдыр қалды ту сыртымда.
Көпшіліктің түсінігінше жын бақсылықтан тарқатылады. Көзіммен көріп, түйсігіммен сезгендей ауруханаға түскендердің басым көпшілігі белгісіз елеске еліріп ауруға душар болғандар екен. Ал тағдырдың соқпақ желіне шыдас бермей сырқат болғандар өмірдегі өкініштерін мәңгілікке айналдырып, күйреп тынғандар көрінеді. Өкініштісі, біздің қоғам жүйке ауруына шалдыққандарға күлкімен қарайды. «Жындысың ба?» деп бір-біріне әзілдеп жататындар да қаншама?! Жындылар жайлы әзілдерді де жиі-жиі құлағымыз шалады. Менің айтарым – ол әзілге айналдыратын әншейін дүние еместігі. Кез келген адам жүйке ауруханасындағы жағдайды көзімен көрсе, бұлай жеңіл әзілге айналдырмас еді. Сыртқы әлемнен суықтық сезініп, торлы терезеден телміріп отырғандардың тағдыры тіптен қиын. Олар – тағдырдың тезіне ұшырағандар.
Басшылыққа алғысымды айтып, мекемеден шығып барамын. Күзет бекетіне жеткенше санамды сан ойлар шырмап алды. Күзетшімен қоштасып сыртқа шықтым. Жап-жарық. Бөлек бір әлем. Еркіндік, өмір. Мен шықтым, менің бұл ғимараттан шығуға құқығым бар. Ал іште жүздеген тағдыр қалды. Қаласа да, қаламаса да олар сол жерде өмір сүреді. Өйткені, олардың көпшілігінің толықтай жазылып шығуы екіталай. Жүйкесі сыр берген 540 тағдырдың ауруынан айыққандары аз. Осыған дейін әлемде обыр дауасыз деп жеңіл түсініп келдік қой. Анығында, естің де емі жоқ екен. Артыма ұзақ қарап, ойға шомдым. Темір есік, түйе бойынан биік қоршау мелшиген қалпы міз бақпай көз ұшында қала берді.
Еңбекшіқазақ ауданы.
Құралбек Сәбитов