Жақсылық ҮШКЕМПІРОВ: "БЕС МЫҢ ҚАЗАҚ ЖІГІТІ ТАБЫЛМАЙ МА?"

Уақыты: 28.11.2018
Оқылды: 1600
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Тұңғыш Президентіміз маған Қазақстанның Еңбек Ері атағын тапсырып тұрып, меценаттық жұмыстарымды атап өткені елдің есінде болар? Соның артынша-ақ бұқаралық ақпарат құралдары атымтай жомарттығым жөнінде жазып жатты. Әрине, өзің туралы жылы пікір естігенге не жетсін?! Ал сол сөзді Мемлекет басшысының өзі қолыңды қысып тұрып айтса, бұл зор мәртебе емес пе?! Иә, сол сәтте кеудені мақтаныш сезімі кернегені рас. Еңбегің Елорда төрінде еленіп жатса, бұдан асқан құрмет бар ма?! Алайда менің айтайын дегенім - мұндай құрметке қазақтың барлық жігіттері ие болса екен деген тілек.

Кезінде спорттың шыңына шығып, осы салада жинақтаған бай тәжірибемді кейінгілерге үйреткенім белгілі. Одан кейін кәсіпкерлікке бет бұрғаныма да ширек ғасырға жуықтап қалыпты. Өйткені ауылда өскендіктен, барша қазақ баласы сияқты атакәсіп менің де жаныма етене жақын болды. Оның үстіне ветеринарлық дипломым бар маманмын. 1995 жылдан бері мал шаруашылығымен айналысамын. Осы істегі кәсібімді кеңейтуге 2007 жылы Жамбыл ауданындағы Мыңбаев ауылына келдім. Бірақ оның тоз-тозы шыққанын көріп, көңілім құлазыды. Бір кезде атағы дүркіреп тұрған ауылдың жүретін жолы бүлінген, инфрақұрылымы ақсап жатыр. Бәріміз де ауылда өстік қой, байтақ Отанымыздың қай ауылы болсын жаныма оттай ыстық көрінеді. Сонда маған осы елді мекенді көркейтуге үлесімді қоссам деген ой келді. Өзім бір істі қолға алсам соны жеріне жеткізбейінше тынбайтын әдетім бар. Бала кезден бойыма мықтап сіңген қасиет осы. Олимпиада чемпионы атануыма да үнемі бірінші болсам деген талпыныс жеткізгенін жасырмаймын. Ондай ұмтылыс болмаса адам үлкен жетістікке жете алмайды.

Табандылықпен іске кірісіп, жеке кәсібімнен тапқан табысымды ауылдың дамуына жұмсаудан еш тартынбағаным жалпақ жұртқа аян. Тозығы жетіп, қаңырап бос тұрған ғимараттарды бірінен кейін бірін жыл аралатып жаңартып, кезегімен іске қостым. Сөйтіп, жаңадан жұмыс орындары ашылып, жергілікті тұрғындар екі қолға бір күрек тапты. Оның ішінде бюджеттік сала қызметкерлері де бар. Ауыл маңындағы шаруашылығымды дамытумен қатар әлеуметтік нысандарды қыруар қаржыға күрделі жөндеуден өткізіп, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, жұмысын тиісті деңгейде жолға қою қазір айтуға ғана оңай. Әйтпесе астарында еселі еңбек, қомақты қаржы, қымбат уақыт жатыр.  Осылайша ауылда спорт кешені, балабақша, қолжетімді көппәтерлі тұрғын үй, Мәдениет үйі ашылып, тұрғындар көгілдір отынның игілігіне қол жеткізді.

Мұны мақтанғанымнан айтып отырғаным жоқ. Менің ойымша, молшылыққа қол жеткізген әрбір азамат айналасындағы адамдарға, ауылдастарына көмектесуге міндетті. Тәуелсіз ел атанғалы қаншама адам істің көзін тауып байыды?! Солардың ішінде ақшасын осы елдің игілігіне жұмсаудың орнына миллиондап сыртқа жөнелткендері қаншама?! Оны шетел асырғанша, өз Отанының қажетіне жаратса игі еді. Қалталылардың көбі ақшамды біліп қоймаса, маған ешкім тиіспесе екен деп ойлайды. Ол түбірімен қате пиғыл. Қазақ: «Барымен базар» деген. Олардың табысқа кенелуі сондай мүмкіндікті берген мемлекетіміздің арқасы емес пе?! Ендеше қаржы да сол елдің игілігіне жұмыс істесін. Қазіргі менің Мыңбаев ауылындағы тірлігімнің барлығын келешек ұрпақ үшін жасадым деп есептеймін. Елдің қамы үшін сондай шаруаларды басқалар да істесе екен деймін.

Бұл тұрғыдағы тілегімді Ақордадағы кездесуде Елбасыға жеткізген болатынмын. Қазақстанда көп болса бес мыңнан аса ғана ауыл бар шығар. Сол бес мың ауылды өз қамқорлығына алатын бес мың қазақтың жігіті табылмайды деймісіз? Табылады! Әрқайсымыз бір-бір ауылды қолға алып көтеріп жіберсек, ұрпақ үшін одан асқан қандай бақыт болуы мүмкін?! Менің басты арманым осы. Отанын, туған жерін сүюді, өз елінің патриоты болуды біз осындай нақты істермен көрсете білсек, қанекей?! Бұл жастарға үлгі болар еді. Артымнан жастар ерсе екен деймін. Қаржыңды осындай игілікті іске салып, ауылды түлетуге атсалысу неткен ғанибет?! Ауылдың жағдайы жақсарса, жас мамандар да көптеп келетіні анық. Туған жерге туыңды тігуді біз осылай түсінуіміз керек.

Мұндай іске баруым асып-тасығаннан емес, қазақ деген ұлы халықтың бір перзенті болғандығымнан. Әйтпесе, мен де қарапайым бір қазақпын. Елге қызмет етуді өзіме парыз санаймын. Жетістікке жетсем, ол – еңбекқорлықтың жемісі. 1980 жылы Мәскеу Олимпиадасының чемпионы болғанымда сол кезде бір «Жигулидің» құнына да жетпейтін бес мың рубль ғана алғанмын. Ал қазіргі чемпиондарға 250 мың доллар береді, оған қоса көлік, пәтер сыйлайды. Қазір заманымыз жақсы, еліміздің еңсесі биік. Елбасы саясатының арқасында Ұлы Дала елі түрленіп түлеп келеді. Соның қадірін түсініп, барымызды бағалай білуіміз керек.        

Жақсылық ҮШКЕМПІРОВ,

Қазақстанның Еңбек Ері,

«Жақсылық» шаруа қожалығының жетекшісі

Жамбыл ауданы