ӘЛЕМ НАЗАРЫНДА

Уақыты: 04.12.2018
Оқылды: 1152
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Еліміздің тұрақтылығы, бейбітшілігі, тыныштығы күллі әлемнің назарында. Оған себеп, мемлекетіміздің өз алдына ел болғалы игілікті істердің ұйытқысы, тиімді шаралардың бастаушысы ретінде барша мемлекеттер арасында алдыңғы саптан көрінуі дер едім. Осындай орасан әрі тынымсыз істердің басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұр.

Шындығында келісім, тіл табысу, өзара әрекеттесу, тығыз қарым-қатынас орнату адамзат ғұмырындағы бұлжымас қағидалардың бірі. Мұның ерте замандардан жеткен дәлелін көптеп келтіруге болады. Ұрпағының қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заманды көруін, үрім-бұтағының тыныштыққа, бақ-берекеге, бірлікке қол жеткізгенін аңсаған халқымыз өзгелермен достық рәуіште байланыс құруды атадан балаға мирас ретінде қалдырып отырды. Осынау ұлттық құндылықты бүгінгі күні күллі әлемге Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың паш етіп отырғаны жасырын емес. Қазақстан басшысы биыл ресми сапарға көп шығып, бірқатар бітімгершілік келісімін жасады. Атап айтқанда, жыл басында АҚШ-қа барған Елбасы Ақ үй басшысы Дональд Трамппен кездесіп, бірқатар келісімге қол қойды. Осының өзі әлемдік супердержава санатындағы вашингтондық саясаттың Қазақстан секілді дамушы мемлекеттің пікірін тыңдауына мүдделі екендігін білдірсе керек. Шыны керек, Президенттің 16-18 қаңтардағы сапарының соңында Америка тарапы қазақ мәдениеті мен әдебиетін зерттейтін орталық ашатындарын мәлімдеген болатын. Сол мәлімдеме жүзеге асып, қазір мұхиттың арғы беті Ұлы Далада жазылған поэзия мен прозаның айтар ойын салмақтауға кіріскен. Сол жолы Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тың іскер топтарының өкілдерімен, АҚШ-тың Энергетика министрі және «Шетелдік жеке инвестициялар жөніндегі Корпорация» мемлекеттік агенттігінің президентімен кездесіп, отандық өндірістің өркендеуіне қажетті келісімдер жасады. Алыс-жақын елдерге бауырластық құшағын ашқан Елбасымыздың мұхит асқан қадамын АҚШ Президенті Дональд Трамптың өзі қарсы алуын әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары әрқилы сипаттап, әртүрлі реңк беруге тырысқаны жасырын емес. Тіпті, іргедегі Ресейдің баспасөзі бұл сапардан саяси астар іздеп, өзара таласып жатты. Қалай болғанда да берісі Еуразия кеңістігінде, арысы жер бетінде қырғи-қабақ қақтығыстың орын алмауын көздеген Назарбаевтың жаңа қадамын әлем жұртшылығы қуана қабылдады. Өйткені, сол кездесуде АҚШ пен Солтүстік Корея арасындағы бітіспес жаулықтың тігісін жатқызып, өзара келісімге келтіруге ықылас танытқан Елбасының сөзі біртіндеп орындала бастағанын қос Корея арасында қалыптаса бастаған қарым-қатынастан, АҚШ-қа арнайы барған Ким Чен Ын сапарынан анық сезінеміз. Міне, бұл Ресей мен Түркия арасында туындаған түсініспеушілікті тарқатып, Путин мен Эрдоғанды бітістірген Назарбаев ұстанымының заңды жалғасы іспетті.
«Туған ай – тураған ет» дейді қазақ уақыттың тұрлаусыздығы жайлы. Биылғы жылдың басталғаны кеше секілді еді, бүгін соңғы айдың үзеңгісіне аяқ салып тұрмыз. Осындай қысқа уақыттың ішінде көптеген өзекті мәселенің шешілуін қарап, ұлттар арасындағы тағдыршешті түйіннің дұрыс тарқатылуына қатысқан Елбасы Қазақстанға келген Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Иран, Эстония Президенттері сынды тұлғалармен кездесулер өткізіп, әлемнің тынысын құраған мемлекеттердің бағытынан хабар алды. Одан бөлек, еліміздің барлық аймақтарына ресми сапармен барған Мемлекет басшысы халықтың көкейінде жүрген тамыры терең ойлардың жиынтығын «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласына арқау етті.

Мәди АЛЖАНБАЙ