ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫР

Уақыты: 18.01.2019
Оқылды: 1155
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

   Туған жердің саумал самалымен тыныстап, асқар таулардың мұсатыр мұзына мейірлене қарап, сол мұздақтардан жылыстап шыққан мөлдір суға жүз шайып, емін-еркін арқаны кеңге салғанға не жетсін?! Кең даланың қасиетті пұшпағына табан тіреп тұрып өткен өмірге, ел дегенде ерен күшпен іс тындыруға ұмтылып, қасиетті Отанның текті тегершігіне айналуды мақсат тұтқан сонау жылдарға ойша сапар шегу де бір ғанибет екен-ау! Қарап отырса, сексеннің сеңгіріне шыққан осынау аяулы сәтке дейін талай мехнатты бастан кешіп, сан батпанды арқалапты. Екі ғасыр айрығындағы ұлы оқиғаларды көз алдынан өткеріп, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін салтанатпен жариялағанына жұдырықтай жүрегін атқақтата қуаныпты. Енді, міне, азат елдің аспанында күн күлгеніне ширек ғасырдан асып, Ұлы Дала елінің өркениет көшінен табылғанына және бір риза болып, саналы ғұмырының жігері тасқан, қуаты артқан сәттерінде еңбегінің өтеуін көріп, жон арқа мен маңдай тердің текке кетпегеніне іштей қуанатындай...

 
   Мәңгілік Ел боламыз деп белді бекем буып, сан ғасырғы тарихымызды түгендеп, алмастың жүзінде, найзаның ұшында жарқылдаған рухымызды бір, бір емес-ау, мың түлеткен бүгінгі шақта ел ардақтысы Аманғазы ШЕГІРОВ осын­дай парасатты пайым жасаса керек! Дәл осылай қанағат көңілмен, қуаныш лебімен арқаны кеңге салып өткен кезеңге сана жетелетуге, ойша сапар шегуге толықтай құқылы. Өйткені ол туған елдің түтінінің түзу ұшып, тұрмысының жандануына, ел еңсесінің тік келіп, рухының бекем, Отанының тәуелсіз де ғұмырлы болуы үшін аянбай тер төккен Алаштың атпал азаматтарының бірі.
   Өмір өткелдерінен өнегемен өту үлкен жауапкершілік пен ауыр міндет жүктемек. Тарау-тарау тарих тол­қы­нында текті жұрттың мұңы мен мұқтажын арқалап, қара нардай қайыс­пай көтеріп келе жатқан азаматтар арамызда бар­шылық. Сондай атпал азаматтардың бірі осыдан тура сексен жыл бұрын шырайлы шығыстың шоқтығын биік­теткен Ақ­шатауда өмір есігін ашқан Аманғазы Шегі­ров деп ерекше атап өтуге негіз бар. 
Алматы облысының және Талды­қор­ған қаласының Құрметті аза­ма­ты, «Құрмет» орденінің иегері Аманғазы Ахметқалиұлы жасынан ең­бек көрігін қыз­ды­рып, жұрт үшін тер төккен тек­тілердің бірі. Соғыстан кейін­гі қиын­дықтың кермек дәмін ерте татқан­дардың бірегейі. Энергетика саласында қарапайым жұмысшыдан ел басқару ісіне дейінгі еңбек басқыштарын та­бан­дылықпен басып өтіп, болаттай шың­далған ол бүгін­де бейнетінің зейнетін көріп отырған ұлт перзенті.
   Ел алғысын арқалаған Аманғазы Ше­гіров­тің бүгінгі дара тұлға, жарқын бейне, ас­қақ тұғырына өмірінің соқтықпалы-соқпақты жолдары негіз болған. Оның бал дәурен балалық шағы зұлмат дабы­лын қақтыра басталған Ұлы Отан соғы­сымен тұспа-тұс келген. Сондықтан да бұғанасы бекімеген бала Аманғазы «Бәрі де майдан үшін» деп аталатын тылдағы қызыл шоқтай лапылдаған еңбектің бел ортасында тәрбиеленді. Құс миын қайнатар аптапта жонарқадан тер саулап, тән қарыған аязда буы бұрқырай жұмыс жасағандардың ішінде Аманғазы да майдан үшін жастық жігерін сарп етті. 
Бір дәуірдің үстемдігі сол кезеңде ту­ған­дардың сегізкөзін сырқы­ра­тып, ті­лер­сегін орақпен осқандай жүрі­сі­нен жаңылдыратынын қарт тарихтың өзі куәландырады. Сондай кезеңде ең­бек даласында ержетуге тура келген Аман­ғазыға жазықсыз жала мен қуғын-сүр­гіннің салқыны қатты батқан. Алайда шы­на­шақтай шағынан шарболаттай шың­далуға, қайралуға бейіл келіп, төзім­ділікті тірек тұтқан ол күнұзаққа ауыр еңбекпен өмірін өткізген ересектер арасында тез ержетті. Кіндік қаны тама салып сақалы ақ селеудей болған қарияның ыстық құшағына кіріп, кимешекті әже әлдиімен тербеліп өскен ол Ақшатаудың үш сыныптық мектебін ойдағыдай аяқтап, сауат ашты.
   Тігерге тұяқ қалдырмаған саясат­тың салқынына ұшыраған қазақ отба­сы­лары қынадай қырылған қасіретті кезең кеше ғана өте шыққандай. Соғыс­тан кейін қарақан басының амандығы үшін жанындағы серігіне жалған жала жаба­тын қанды науқан басталды. Сол шақта Аманғазыны мынау сақи жалғанға шыр еткізіп әкелген әкесі мен шешесі осындай әділетсіздіктің құрбанына айнала жаздаған. Екінші дүниежүзілік соғыстың қарсаңында әскери борышын өтеуге аттанған абзал әке фин майданында тобығынан қан кешіп, 1944 жылы бір қолынан айырылып елге оралады. Ахметқалидың отбасы тұрмыс тауқыметінің зардабын тартады. Еңбекке жарамсыз асқар таудай әкенің жағдайы жас Аманғазыға үлкен жауапкершілік жүктейді. Содан бастап шыдам мен төзімді қажет ететін даланың ауыр жұмыстарына ерте кірісіп, өгізбен жер жыртады. Анасы Сахан мен әкесі Ахметқалиға қолғабыс жасаймын деп егістік басында тұқым септі. Сол тұста ауылда қатты жұт болып, мал біткенді жусатып салғаны бар. Ауа райы қытымыр келер шығыс­тың қаһарлы қысы мыңғырған малды бұрқасында адас­тырып, талмап жейтін талшық тап­тырмай әбден жұтатып жібереді. Табиғаттың теріс мінезінің сал­да­рынан қып-қызыл шы­ғынға ұшыраса да сыныққа сыл­тау тап­паған қатал билік Ахметқалиды он бес жылға итжеккенге айдайды. «Хал­ық жауы» атанған жазықсыз әкенің қилы тағдыры Аманғазының жүрегіне у құйғандай болады. Шиеттей төрт бала ана­сы­ның аузына қарап қалады. Алайда халықтың зары мен мұңына құлақ аспай, билігін шектен шығарған Сталин өмірден озып, ел іші тыныштыққа кенелген кез­де Аманғазының әкесі дін аман туған жері­не жыл құсындай қайтып оралады. Жапқан жала, жаққан күйеден арылады. Бұл күнде жүректе қалған бармақтай ізді, күш-жігерді сарп еткен жемісті еңбектерге ал­мастырған Аманғазы Шегіров сол кез­дер жайлы былай деп толғанады: «Әкей істі болып кеткен соң нағашымның үйін­де тұрып, оқып жүрген мен мектеп-интер­натқа барып орналастым. Тамақ әзір, жағдай тәуір. Жетінші сыныпты бітіріп шық­­тым. Жаңа оқу жылы басталғанда мені «халық жауының» баласы деп шы­ға­рып жіберді. Қартайған ата-ене, үш ұл, бір кестетігердің қамымен жүр­ген ше­шейге хабар бердім. Тал қармағандай тір­лік­ке басқан шешем жетектеп отырып Ая­гөз­дегі ағайын-туыс­ты жағалады, бір­ақ ешқайсысы да қол ұшын бермеді. Кей­біреуі ашығын айтып, бірі сырғақтады дер­сің... Содан кейін «ер мойнында қыл арқан шірімес» деген бабалардың жігерлі сөзін ақиқатқа айналдырып, Ойсылқара төлін бақ­тым. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, мектеп дирек­торы майдангер, контузияға ұшыраған адам еді. Мені оқушылар тізі­міне тіркеп қойды да емтиханға жібе­ріп тұрды. Сол ұстазымның арқасында қата­рымнан қалмай, түйе бағып жүр­іп мектепті «Күміс мадальмен» тамам­дадым. Әкей аман-есен оралған соң елдің де, жамағайын­ның да көзқарасы өзгеріп шыға кел­ді. Тіпті туыстың қатары көбейді... Мұның бәрі сонау күннің естеліктері».
Күрсініспен өткен күннің бәрі жылдар алмас­қанда өміріңнің толғана оты­рып термелей жеткізер ең нұрлы естеліктері болуы да мүмкін. Оны ардақты жанның жүрек толғанысынан айқын аңғарғандай болдық. Орта мектепті күміс медальға үздік аяқтаған әрі асыл арманына айналған мамандыққа тезі­рек қол жеткізгісі келген Аманғазы Ташкент қаласындағы Орта Азия политехникалық институтының энер­ге­ти­ка факультетіне оқуға түседі. Студент­тік қызықты өмір, жастық шақтың естен кетпес сан тарау соқпағы енді басталады. Ал, мамандық таңдауға түрткі болған оқиға жайлы Аманғазы Шегіров бір естелігінде: «Аягөзде мектепте оқып жүрген кезім. Балалық дарқан көңіл­мен жүріп қай мамандықтың басын ұстай­мын деп ойланған да емеспін. Бірде тұрғындардың арасында Аягөзге энергопойызы келіпті деген әңгіме шығып, кеңінен тарап кетті. Майшамның жарығымен сабақ оқып, сы­ғырайған оттың сәулесімен күнін әзер көр­іп жүрген халыққа электр жарығы таңсық болды. Тіпті сынып жетекшіміз марқұм Сейіт­қазы Жөкебаев экскурсияға барай­ық деп бізді сонда бастап барды. Кіріп барсақ, іші жап-жарық, жан-жақта лампочкалар жарқырай көзге ұрады. Құдды ертегі әлеміне енгендей күйге бөленгеніміз бар. Жарқыраған электр энергиясы, отарба ішіндегі электр генераторы мені қатты қызықтырды. Осы кезден бастап менің аңсарым энергетикаға ауды. Содан кейін біз тұратын қала жаппай электр тогымен қамта­масыз етілді», – деп толғаныпты. Өзі айшықтағандай, ойламаған жерден болған сол оқиға жас талапкердің жүрегіне нұр ұялатып, кейін мамандығы­ның майталманы атанарына әсер етеді деп сол кезде ешкім ойламаған да болар-ау...
   Жастық шақтың жайлауы кең ғой, шіркін! Көңілдің көк дөненін ойнатып тауға да шығып, шағаласы шулаған айдында желкен көтерем десең де сен үшін әрбір істің сөкеттігі жоқ. Алайда саф алтынның ерітіндісіндей сырғып өтер жастық шақты текке жіберіп ала­тын­дардың қатары тым көп көрінетіні бар. Дегенмен де Аманғазы ондайдан ау­лақ. Ол студент шағынан тыным тауып отырған емес. Институт қабырғасында тарих, саясиэкономия сияқты пәндерді өз­бекше, математика, химия пәндерін орыс­­ша тапсырып, өзінен бір жыл бұрын оқы­ған Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримовтермен лабораториялық сабақ­тарда бірге жүрді. Өмір мектебіне қана­ты қатаймай жатып түсіп, сұрапыл жылдардың суығына тоң­ып, әкесі мен анасына қаршадайынан қол ұшын берген жігіт студент кезінде-ақ іс-тәжірибеден өтіп, кәсіби біліктілігін шыңдайды. Сөйтіп жүріп 1961 жылы институтты жақсы біті­ріп шыққан. 
   Өзбекстандағы үлкен-үлкен энер­гети­калық орындарда тәжірибеден өтіп ысылған Аманғазы жолдамамен Қоқан қаласындағы Жылу электрстансысына барады. Диплом қолда, жұмыс жолда деп желпініп жеткен қазақтың жас жігітіне сол кездегі бұйырған қызмет – «кочегар». Бұл шартты атауы, былайғыда газ және мазутпен, аппараттың батырмаларын басып жұмыс істейсің. Арынды азаматты осындай жұмысқа жеккен стансы директоры: «Ештеңе етпейді, кейін маған алғысыңды айтасың», – дейді. 
   Расымен де энергетика саласы­ның ең төменгі сатысы саналар бұл қызмет­тің Аманғазыға бергені мол. Өйткені мамандығының майталманы болу үшін ортадан қойып кетпей, ең төменгі сатыдан бастап өрлеуі тиіс-ті.  Бұл – энергетиканың басты шарты! Он бес күн оқып, ендігі он бес күнде жұмыс істеп жүріп, алты ай өткенде Аманғазы ауысым бастығы болу үшін емтихан тапсырған. Сынақтан сүрінбей өткен ол қарамағындағы 36-40 адамға басшылық етіп, бір жылдан соң зауыттың, бір жарым жылдан соң қала­ның Құрмет тақ­тасына суреті ілінеді. Жа­лын­даған жиырма төрт жасында партияға мүшелікке өтеді. Алайда қалалық партия коми­тетінің бірінші хатшысының: «Қала­лық комсомол комитетінің екінші хатшысы болып кел» деген тілегін құп көрмей, «өз­бекше білмеймін ғой» деп сырғақтата жау­ап береді. Мұның аста­рында елге қайтып, туған жерде тыныстап, өскен ортаны өркен­детсем деген ұлы аңсар жатқан-ды.
   Қоқан қаласында аттай төрт жыл жеміс­ті еңбек еткен Аманғазы 1965 жылы Мәскеуге Энергетика министрлігіне өті­ніш жазып, Қазақстанға қайтуды сұрайды. «Өзге жерде сұлтан болғанша, өз жұртының ұлтаны» деп танылу азамат үшін арлы іс. Осындай оймен туған жердің түтінін түзу ұшырып, энергетика саласына сүбелі үлесін қосуды мақсат тұтқан оған Жамбыл, Екібастұз, Текелі қалаларының бірін таңдауға тура келеді. Көктен тілегені жерден табылғандай болған Аманғазы бірден жердің жұмақ мекеніне көңілі ауып, Текеліге ауысым бастығы болып келеді. Жыл өткенде аға инженер болса, ендігіде жыл толмай жатып Энергия комбинатының бөлім бастығының орынбасарлығына кө­те­ріледі. Одан кейін сол кездегі Текелі қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Қажыкен Сәдуақасовтың ұсынысымен салынып жатқан Ақсу қант зауытына бас инженер болып барса, бір жылдан соң директор болып сайланады. 
   Қоғам тынысын сезініп, ел игілігі жолында белсенділік танытып, тындырымды ісімен алға жылжыған еңбекқор, жауапкершілігі мол жан Талдықорған қа­ла­лық және облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, бөлім бастығы сынды жауап­ты жұмыстарды атқарады. Жеті жыл Талдықорған шаһарының әкімі қыз­метін абыроймен өткереді. Бұл жайлы ат­пал азамат: «Ол уақытта қала өндіріс ор­нының көптігімен танымал еді. Зауыт-фабрика, темір-бетон, жылына 2-2,5 мың дана өнім шығаратын қорғасынды және сіл­тілік аккумулятор зауыты. Мұнда екі жабық цех болды, оған тіпті атқару комитетінің төрағасы кіре алмайтын. Қазір ұшып жатқан ғарыш корабльдерінің батареялары осы Талдықорғанда жасала­тын. Онда он-он бес тексеруден өткендер ғана жұмыс жасайтын, көпшілік мұндай зауыттан хабарсыз да болатын», – деп бір естелігінде ғажап шаһарда басшылық жасаған жылдарын ерекше атап өтіпті. 
   Аманғазы Шегіров басқарған жыл­дарда әсем шаһар өзінің сәулетіне сән қосты. Оған көпшілік куә. Талдықорған қаласының әкімі лауа­зымды қызметін абыроймен атқар­ған азамат Қазақстан Респуб­ликасы Жоғарғы Кеңесінің ХІІ ша­қы­ры­лы­мының депутаты болып сай­ланған-ды.
   «Қаланың өркендеуіне, елдің әлеу­мет­тік-экономикалық жағдайын жақ­­сартуға мемлекет барынша қамқор­лық жасап келеді. Бүгінде Талдықорған қаласы тотыдай түрленіп, жылдан-жылға гүлдене түсуде. Таңертең тұрсаң бір өзгерісті байқайсың. Бұған қалайша жүрегің елжіремейді?! Алайда, кешегі кезеңнен бері жөндеу көрмеген мектептер, ойқыш-ұйқыш жол, шелектеп тасылатын ауызсу сын­ды көптеген дүниелер де көңілді кіреу­келемей қоймайды. Сана­малайтын болсаң санына жетпес мұқ­таждық қазақ­ылықтың қайнар бұ­ла­ғы, ұлттың қан та­мы­ры саналатын ауылдарымызда әлі де жетерлік. Ол жаққа да ерекше қамқорлық қажет», – деп бүгінгі күнге парасаттылықпен пайым жасап, жүрегін тулат­қан Тал­дықорғанның сұлулығына сүйсініп, кейбір кемшіліктерге де мән беріп отыра­тын Аманғазы Шегіров ерен еңбегінің өтемін көрген жан. Оны елдің ақеділ алғысынан, азаматтың аты аталған жердегі жетісулық жұрттың қоше­метінен-ақ пайымдауға негіз бар. Ардагердің сан жылғы еңбегінің өте­мі ретінде Алматы облысы және Талдықорған қала­сының Құрметті азаматы атақтарын, «Құр­мет» орденінің иеге­рі марапатын да алға тартуға болады. «Еңбектегі ерлігі үшін», «Еңбек ардагері», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Украинаны фашистерден азат етудің 60 жылдығы», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасы Тәуел­сіз­дігіне 20 жыл», «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысы Жеңісіне 70 жыл», «Қа­зақ­стан Конституциясына 20 жыл» ме­рейтойлық медальдарын да ерен еңбектің майталманына берілген лайықты баға, шынайы құрмет деп білген абзал.
   Біраз уақыт бұрын басылым беттері­нің бірінде жарияланған сұхба­тында ел азаматы: «Мен өте бақытты адаммын. Таңдаған мамандығымды меңгердім. Істеген қызметтерім адал да абыройлы бол­ды. Зайыбым Ғибадатпен сонау сту­дент­тік шақтың сәулелі кездерінен бастап, нақты айтсам, 1961 жылдан ынтымақты, берекелі, үйлесімді ғұмыр кешіп келемін. Ұл-қыз өсіріп, оларды қанаттандырдық. Олардан балдан тәтті немере сүйіп отырған жайым бар. Жетісу жері түгел танып, құрметтейді», – депті. Өзі атап өткендей, Аманғазы Ахметқалиұлы бақыт­ты жан. Оның маңдайына жаратушы ие бес елі бақ дарытып, бойына ел басқару ісін абыроймен өткерер төзімділік, ше­берлік, іскерлік қасиеттері мен адал­дық, зор жауапкершілік сыйлапты. Ұлын ұландай тәрбиелеп ұяға, қызын қар­шығадай баулып қияға қондырған ас­қар таудай әке бүгін солардан немере сүйіп отыр. 
   Ақшатаудан арман күлігіне мініп ат­тан­ған ол бүгінде жұмақ мекен саналар Талдықорғанға түпкілікті қоныс тепті. Ол осынау ғибратты ғұ­мы­рында ел үшін еңбек етіп, әйгілі Ақсу қант зауытының алғашқы өнімін шы­ғаруға атсалысқанына, алып қала Алматы мен Өскеменді бай­ланыстырып жат­қан Қараталдың жаңа көпі­рін сал­дыруға көмек қолын созып, Прези­дентке тікелей баяндап іргетасын қалас­қанына сан мәрте шүкіршілік етеді. Біз де осынау тұлғасы асқар таудай биік жанның өнегелі өміріне зер сала оты­рып, осындай азаматтардың барына шын риза боламыз. Сөз соңында секс­еннің сеңгіріне шыққан қайсар жанға қазақтың от кеуделі ақыны Жамбыл Жа­баев­тың жасына жетіп, азат елдің жетістіктеріне қуанып аман-есен жүре беруіне тілекші екенімізді жеткізгіміз келеді.
 
Гүлжиян СҮЛЕЙМЕНОВА,
«Құрмет» орденінің иегері, 
Алматы облысының Құрметті азаматы