БІЗ АТАМЫЗҒА ҰҚСАЙМЫЗ

Уақыты: 22.01.2019
Оқылды: 1377
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Халық мойындаған тұлғаның жөні бөлек. Көпшілік ондай адамды атқарған лауазымына, алған марапатына қарап бағаламайды. Ең алдымен елі үшін сіңірген еңбегі мен азаматтығына тоқталады. ұлтым деп соққан жүрегінің дүрсіліне құлақ түреді. Ондай жандарды ұрпаққа үлгі етеді. өнегелерін рухани мұраға айналдырады. Қайраткерліктің сондай бір мысалы ретінде Абыхан ЖЕКСЕМБЕКОВТІҢ есімін атар едік.

Қиындықта шыңдалған

Абыхан Аманбайұлы Қаракемер ауылының тумасы. Әкесі Аманбай Түменбаев Қаракемердегі көзі ашық, білікті жандардың бірі болыпты. ұжымшардың есепшісі ретінде өз ісінің майталманы атанған. Сондай-ақ, ағайын-туыс арасында өзіндік беделімен ерекшеленген. Оны мына бір оқиғадан да көруге болады. Шыр етіп дүниеге келген нәрестеге әйелінің бауыры Жексембек Қаңлыбаев қолқа салып, ырым етіп асырап алуды өтінеді. үлкен жүректі Аманбай ішінен қанша қынжылса да туысының ұсынысын жерге тастай алмады. Барлығын дұрыс түсінді. Сыр бермеген күйі Жексембектің тілегін орындаған екен. Алайда Абыхан асқар тауындай болған екі әкенің де шапағатына бөлене алмады. Кенеттен басталған Екінші дүниежүзілік соғысқа арыстай азаматтар бірінен соң бірі аттанды. Аманбай Сталинград майданында, Жексембек Курск шайқасында ерлікпен қаза тапты. Соның салдарынан буыны қатпаған жас баланың маңдайына жетімдіктің қасіретін көру жазылыпты.

Ол екі әкесінің асыл бейнесін көз алдына елестететін. Көпшіліктің олар туралы айтылған ризашылыққа толы әңгімелерін елжірей отырып тыңдайтын. Содан кейін елге сыйлы екі азаматтың тұқымы екені есіне түсіп, көкірегін өзіне ғана аян бір мақтаныш кернейтін. Әкелер атына кір түсіріп алмауды ойлайтын. Ол үшін адал жолмен жүріп, білім алуға ұмтылды.

Абыхан мектепті үздік бағамен бітірді. Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына оқуға түсіп, оны да қызыл дипломмен аяқтап шықты. Сөйтіп үлкен өмірге жолдама алды.

1963 жылы сол кездегі Шелек ауданына қарасты «Горный овцевод» кеңшарына мал дәрігері болып жұмысқа келді. Шаруашылықтағы әріптестері жас жігіттің қабілет, дарынын бірден аңғарды. өйткені Абыхан араласқан жұмыстың бәрі оңға басатын. Қой шаруашылығын көбейту жолға қойылды. Жоспар ойдағыдай орындала бастады. Мал шығындары азайды. Жас маман еңбек етуден жалыққан жоқ.

Мал дәрігерінің іскерлігі жоғарыдағы басшылардың да назарына ілікті. Осы кезде Балқаш ауданында қой өсіретін «Желтораңғы» кеңшары іргесін жаңадан көтеріп жатқан. Мұндай жұмысқа білімді әрі тәжірибелі маман керек. Таңдау Абыхан Жексембековке түсті. Ол өзіне жүктелген зор сенімді ойдағыдай атқарды.

1971 жылы шаруашылықтың ісіне әбден төселіп, төрт аяғы тайпалған жорғадай толыққан айтулы маманды Түргендегі Ленин атындағы ұжымшар басқармасы бастығының орынбасары етіп тағайындады. Ол осы жерден табан аудармай 20 жыл бойы басшылық қызметтің тізгінін ұстады.

Ел Тәуелсіздігін алып, қоғам ауысқан өтпелі кезеңде жұртқа жол көрсететін көшбасшылық қабілетімен танылды. Басқа ұлттың өкілі болған шаруашылық төрағасы өзіндік таңдауын жасап, ел ауыстырғанда мұндағы барлық мәселенің жүгі Абыхан Аманбайұлының иығына артылды. Ол жауапкершіліктен қашқан жоқ. Ең бастысы, елді қожыратпай, ауылдың ажарын кетірмей өтпелі кезеңнен абыроймен алып шығу мүмкіндіктерін қарастырды. Оның жолын тапты да. Батыл шешімдер қабылдады. өздері  сенген азаматтың көпшілік көңілінен шыққаны үшін түргендіктер ол кісіге күні бүгінге дейін риза.

Ауылын алға сүйреген

Алпыс жасында атқа қайтадан мініп, ауыл әкімі боламын деп Абыхан Аманбайұлының өзі де ойлаған жоқ. Бәрі жерлестерінің талап-тілектерінен туындаған жай. Аумағында он мыңнан астам адам тұратын, он сегіз ұлттан құралған Түрген жұртының ауыз біріктіріп бір байламға келуі оңай емес. Соған қарамастан олар жергілікті биліктің басшылығына Абыханның келгенін қалады. Аудандық әкімдік те осы пікірді қуана қостап, 1997 жылы оны Түрген ауылдық округіне әкім болып тағайындады.

Бұрын ауылды үштаған болып – шаруашылық басшысы, партия комитетінің хатшысы және ауылдық кеңестің төрағасы басқарса, енді соның бәрі жиналып жалғыз әкімнің мойнына жүктелген. Міндеті көп, құқығы аз. Жергілікті бюджет әлі заңда қарастырылмаған кез. Оның үстіне жаңа кезең әлі орнығып болған жоқ. Міне, осындай шақта ауыл әкімінің ерекше ширақ және ұлтжанды болу керектігі өмірдің талабы еді. Абыхан Аманбайұлы бұдан да сүрінген жоқ.

Ең алдымен жекеменшік жағдайындағы жаңа көзқарастарды қалыптастырып, ондай түсініктерді санаға сіңіру қажеттігіне көңіл бөлді. Ол үшін қожалықтар мен кәсіпкерлер алғашқы нәтижелерге қол жеткізіп, табыстарының дәмін татуға тиісті. Сондықтан «Түрген» агрофирмасын құруды қолға алды. Жұртшылық оған белсене қатысып, оның қызығын өздері көре алатындарына сенімдері нығайса деді. Тіпті агрофирманың негізгі жұмыстарымен қатар екі наубайхана жұмыс істеді. Сол арқылы қарт кісілерге күн сайын тегін нан беруді қамтамасыз етті. Қант-шай үлестірді. Бастауыш қазақ сыныбын да қамқорлықтарына алды. Осылардың негізінде көпшіліктің жаңа экономикалық саясатқа деген көзқарастары орнығып, құлшыныстары артты.

2000 жылы «Егемен Қазақстан» газетіне белгілі журналист Мейрамбек Төлепбергеннің мақаласы жарық көрген болатын. Соны оқып отырған кезде көп жайларға көз жеткіздік. «306 шаруа қожалығы, 26 дүкен, 42 такси жүргізушісі, 37 шағын сауда орны, жеке иеліктегі 743 автокөлік, 15 трактор, 5 комбайн және 21 әртүрлі техника құралдары осы ауылдың еншілес дүние-мүлкі мен табыс орны» деп жазған екен. Міне, осыдан 19 жыл бұрын Түргендегі жаңа кезеңнің іргетасы осылай қаланған.

Бүгінде өркендеген, түрленген Түрген ауылында 16 мыңнан астам халық тұрады. Кәсіпкерлік кеңінен дамыған. Мәдени және рухани саладағы жетістіктері де аз емес. Мұндағы жұрт көпұлтты сипатта өмір сүргенімен бәрі бір атаның баласындай тату-тәтті. Ең бастысы, Абыхан Аманбайұлының ізгілікті ісін ізбасарлары сәтті жалғастыруда.

Ұлтжандылық

Абыхан Аманбайұлының ұлтына деген азаматтығының бірі – қазақ мектебін ашудағы ерен ерлігі. Кезінде он мың халық мекендегеніне қарамастан Түргенде қазақ мектебі болмаған. Ондай мәселе көтеруге жергілікті басшылықтың құлқы да, қауқары да жоқ еді. Қатып қалған осы заңдылықты бұзуға Абыханның белсене кіріскені талайдың жігерін жанып, намысын оятты. Жарғақ құлағы жастыққа тимеген ауыл азаматының бармаған жері, ашпаған есігі қалмады. Біреулері ұлтжанды азаматтың ниетін дұрыс түсінсе, екіншілері басқаша қарады. Абыхан Аманбайұлының «Бала – біздің болашағымыз, келешегіміз. өсіп- өнер бұтағымыз қараусыз қалмасын», – деуі сондықтан.

1994 жылы Түрген ауылының шежіресіне айтулы жаңалық енді. Тұңғыш рет қазақ мектебі бой көтеріп, елге есігін айқара ашты. Әсіресе жергілікті ұлттың қуанышында шек болған жоқ. Тәуелсіздіктің әсеріне бөленгендей шалқыды. Сол кезде мектеп табалдырығынан аттаған 50 бала ақжолтай атанды. Жеті мұғалім өз қызметіне белсене кірісті. Бос қалған балабақша үйінің терезесінен шамның жарығы көрінді.

– Мектеп кейін кәсіптік-техникалық училищенің ғимаратына ауысты. Абыхан аға оқу орнының материалдық-техникалық базасын нығайту жолында аянған жоқ. Қажет болса қаржыны қалтасынан алып беретін. Қазір мектепте 600-ге жуық оқушы бар. 60-қа тарта мұғалім жұмыс істейді. Небір білімді түлектер осы жерден қанаттанып жан-жаққа самғап жатыр. Олар түргендіктердің мәртебесін өсіруде. 2015 жылы ҚР үкіметі Қаулысымен мектепке Абыхан Жексембековтің есімі берілді. Асқақ мүсіні бой көтерді. Асыл азаматтың өнегесін артындағы ұрпақтары рухани мұра ретінде қабылдады, – дейді А. Жексембеков атындағы орта мектептің директоры Гүлбақыт Қасымжанова.

Абыхан ата мен Әуес апамыздың балалары да өздеріне тартқан  білімді, іскер және ұлтжанды. үлкен қызы Венера саясаттану ғылымдарының докторы, Мәншүк – биология ғылымдарының кандидаты, «Түрген» агрофирмасының басшысы. Гүлжанат, Гүлмира, Гүлнарлар ұстаздық жолда тәлімдерін танытқан ағартушылар. Кенже қызы Балқаш айтулы заңгер. ұлы Берік те әке жолын жалғастыруда. Немерелері де «Біз атамызға ұқсаймыз» деп қуанады.

– Әкеміз жеке отбасының қамын ғана ойлап өмір кешсе, бұлай болмас еді. Әрине, шаңырағымыз бақуатты болды. Алайда ол кісіні ең алдымен елдің жағдайы алаңдататын. Түргендегі бір үйдің қарны ашып қалса, өзіне ас батпайтын. Ауылдастарын бөліп-жарып, алалап көрген емес. Қолындағы барын көпшілікке ұсынатын. Анамыз Әуес те отағасының іс-әрекетін дұрыс деп танып, ол кісіні үнемі қолдайтын, – дейді Мәншүк Абыханызы.

«Біздің заманның тұлғалары» деген тіркес бар. ҚР Білім беру ісінің үздігі, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы Абыхан атаны сондай қайраткерлердің қатарынан көруге болады деп ұйғардық. Сөз түйінін өзі жақсы көретін ақиық ақын Тұманбай Молдағалиевтің өлеңімен аяқтауды жөн көрдік.

Жақсылыққа шашумен берілгенің,

Жұрт алдында жарқырап көрінгенің.

Еліңе еткен ересен еңбегіңмен,

Ел жадында жүресің ерім менің, – депті жыр тарланы. Ақынның асыл сөзіне бұдан артық не қоса аламыз?!

 

Болат МӘЖИТ
Еңбекшіқазақ ауданы