"ТАБАНЫМНАН ТОЗДЫМ": 33 ЖЫЛДАН КЕЙІН АҚТАЛҒАН ЖЕЛТОҚСАНШЫ

Уақыты: 13.12.2019
Оқылды: 1207
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Тәуелсіздік жолында ойып орын алатын Желтоқсан көтерілісінің бел ортасында қанға боялған қазақ жігіттерімен бірге тепкіге түсіп, таяққа жығылғандардың қатарында жаркенттік Ерік Нұрғалиев те болған еді.

Әскерден кейін Алматы денешынықтыру институтында 2-курста оқып жүрген Ерік Әлімғазыұлы да сол бір аласапыранның арасында ұлтым деп ұрандап шыққан мыңдаған жастың қатарын құраған. Жастарды аяусыз жазалап, жаншыған Желтоқсан көтерілісінің екінші күнінде Октябрь аудандық ішкі істер бөліміне жабылып, соққыға жығылып, сан сұраққа, толассыз тергеуге алынады. Қорлаудың небір түрін  көреді. Біраз уақыт оқудан да шеттеп қалады. Бірақ бойдағы ерік-жігері мен намысы ер жігітті еңкейтпей, оқуын тәмамдап, дипломын алады. Діттеген мақсат-мұратына жету жолында жігерін жаниды.

– Еркектердің таяққа жығылғаны ештеңе емес екен, мұнда аяулы әпке-қарындастардың тепкіге түскені жанымызға қатты батты. Көз алдымнан шашынан сүйрелген, ұрып-соғылған қаракөздеріміздің аянышты халдері әлі күнге кетер емес, – дейді Ерік Әлімғазыұлы.

Міне, сынаптай сырғып, уақыт озса да, санада жаңғыратын Желтоқсан оқиғасына қатысқан ержүрек азамат араға 33 жыл салып ақталғаны туралы құжатты қолына алған. Онда Алматы қаласы Бостандық аудандық сотының шешімімен Ерік Нұрғалиев 1986 жылғы орын алған Желтоқсан көтерілісіне қатысқаны үшін қуғын-сүргін құрбаны ретінде танылып және ақталатыны айтылған.

– Тарих қойнауына кірген бұл қанды оқиғаның ортасында болып қана қоймай, ата-баба арман еткен тәуелсіздікке тамшыдай үлес қосқан ержүрек жастардың қатарынан көрінгендігімді дәлелдеу үшін бірқатар есікті қағып, табанымнан тоздым, – деген Ерік Нұрғалиев ақталу жолында жылға жуық ізденгендігін айтады.

Желтоқсан оқиғасына қатысқанын айғақтайтын құжат өзінен бұрын жас ұрпаққа да үлгі-өнеге болары сөзсіз. Бұл күнде Алматы қаласындағы №15 мектеп-интернатта денешынықтыру пәнінен сабақ беріп, оқушыларға ұстаздық етіп жүрген желтоқсаншы Ерік Әлімғазыұлының жары Ардақ Әнесова да сын сағатта алаңға шықандардың бірі. Қазіргі таңда жары да кеңестік кездегі айыпты ресми алып тастау бойынша құжат жинастырып жүргендігін айта кеткен артық болмас.

– Қолыма құжат тиген соң ерекше сезімде болғанымды жасырмаймын. Бұл, шын мәнінде, халқымыздың азаттығы жолында менің де үлесімнің барын, тамшыдай қаным тамып, дауысымның естілгендігін, жастық жігерімді жұмылдырғанымды дәлелдейтіндей. Осы орайда, өскелең ұрпақтың өр мінезді, өжет те айбарлы, ел мен жерін қорғауда Қазақстанның патриоты болуын қалаймын, – деген ұстаздың осы күні ұрпақ тәрбиесіне сіңіріп жүрген еңбегі де ерен.

Ұлбосын ИСАБЕК

Алматы