Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"ГОЛОВАЦКИЙҒА ШҮЙЛІКТІМ": АРДАГЕР ЖУРНАЛИСТ БОЛАТ ДӘКЕР 70 ЖАСТА

Уақыты: 25.05.2020
Оқылды: 291
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Өзегіне табиғат дарытқан қасиетті құндақтаған сәбидей аялап, шалқар шабытпен іс қылу азаматтың адами болмысын айшықтайтын негізгі дүние болса керек-ті. Ал қарыс маңдайға қасиетті сөз өнерінің иесі болу жазылса, онда саған қарапайым жандардың кемі мыңы тындыратын істі тиянақтап, түмен қол арқалауға тиіс жүкті қылша мойныңмен көтеруге тура келетіні бар. Елдің мұңы, жердің тіні, қоғамның тынысы, уақыттың жылысы дегеннің бәріне дер шағында үн қатып, қаламмен тауарих қашау – сол қаламгерлік қасиетіңді аялаумен пара-пар. Кешегі кеңестік жүйенің кесіріне кейіс білдіріп, ұлтты ұлтандай табанға таптамақ болған кеудемсоқтардың қолындағы қансіңді қамшыдан именбей, ұлтым деген жігерлі журналистің бірі Болат ДӘКЕР болатын.

«Ұлтын сүймегеннен ұлтшыл көзқарас қалыптаспайды» деп кеңестік жүйенің дауылдай екпін алып тұрған шағында талай қаламгерге рух беріп, өзі де қазақ қоғамының қалыптасуы жолында бір адамдай күрескен Болат Дәкер жетпіс жастың желкенін көтерді. Бір кездері «Октябрь туы» атанып, кейіннен «Жерұйық» деп бір түлеген, бүгінде «Жетісу» деген ғасыр асқан басылыммен бірігіп, екінші жүзжылдықты аттаған ата газетте қызмет еткен.

Болат Әбікенұлы саялы Сарқан өңіріне қарасты Бақалы ауылында (қазіргі Кәкімжан Қазыбаев ауылы) 1950 жылдың 13 мамырында өмірге келген. Жасынан қазақ ауыз әдебиетімен сусындап өскен ол табиғат дарытқан дарыны арқасында Жетісудағы журналистиканың дамуына өзіндік үлесін қоса білді.

«Журналистикалық жолда жүргеніме де аттай қырық жыл. Бұл бір адамның тұтас ғұмыры деуге болады», – деп қызығы мен қиыншылығы мол мамандық жайлы тебірене термелеп отыратын ата басылымның ардагер журналисі қызметтік жолын Өскемен қаласындағы облыстық телерадиодан бастаған. 1972 жылы Өскемендегі мемлекеттік педагогикалық институттың тарих және педагогика факультетіне студент болып қабылданған кезінен қаламын серік етіп, ақпарат айдынында жемісті қызмет атқарды. 1978 жылы институтты бітіріп, шығыстағы «Коммунизм туы» атты облыстық газетіне қабылданған.

Қаламының желі бар журналист шығыстағы басылымда журналистика саласындағы тәжірибені молынан жинақтап, билік пен бұқараға алтын көпір болды. Жыл толғанда жемісті қызметінің арнасын туған жеріндегі «Октябрь туы» газетінде жалғастыруға мүмкіндік алып, 1979 жылы ата басылымның есігін айқара ашқан.

«Мен айдынды басылымның экономика бөлімінде қызмет еттім. Бұл ауылшаруашылығы және егін шаруашылығы деген екі тарапты қамтыған бөлім еді. Мен көбіне диқандардың қызу тірлігі жайлы қалам тарттым», – дейді сақа журналист. Егін-жайдың бітік өсімін, диқандардың далаға төккен терінің қарымын құлаш-құлаш материал арқылы оқырманның көзайымы етіп, шаруашылықтың ақсап жатқан тұсын ащы сынға алатын журналист Жаркент жеріне меншікті тілші болып ауысқанында Головацкийдің өзін сын садағына алған екен. Бұл жайлы ата басылымның ардагері: «Жазиралы өлкеде 3 жыл меншікті тілші болып істедім. Бара салып сүт өнімінің төмен екені жайлы ащы сыни материалды жазып, Головацкийға шүйліктім. Сөйтсем, ол өкіметтің таңдаулы, оң көзқара- сындағы адам екен. Мені сол үшін кейбір белсенді келген жеріме қайтарғысы келіп, мәселемді май шаммен қарамақшы болғаны бар. Сонда ұлты өзге болса да аталы сөзден аса алмаған Головацкий: «Бұл азаматтың жазбасымен танысып шықтым. Ұшқары пікірі жоқ, нақты жазылған материал. Сын мінді түзеу үшін айтылады. Журналиске ризамын», – деп белсенділердің ниетіне жығып бермеді», – деп тебіренеді.

Иә, қай тақырыпты қаузаса да Болат Дәкер ұлт перзенті ретінде үн қататын. Диқан тірлігі туралы толғанып, ұлт қамбасына түсер қазынаның шашауы шықпағанын тілесе, руханият туралы қозғап, ұлттық болмыс, таным мен тарихтың рухымызға, болмысымызға жұмыс жасауын ниет етті.

Сонау 1991 жылы республикалық «Азат» қозғалысы Талдықорған облысы ұйымының төрағасы болып сайланды. Сол кезеңде ел қамын Едігедей жеген азамат жарғақ құлағы жастыққа тимей, жұрт қамы үшін сөзін ісімен айшықтады. Одан кейін 1993 жылы «Жетісу» әдеби шығармашылық бірлестігінің төрағасы болып бекітіліп, бұл салада да талай жас дарындардың қаламын ұштауға мұрындық болды. Қайрат Әлімбек сынды отты ақындардың шығармашылығына шалқар шабыт беруге тырысты. Өңір әдебиетінің жас өскіндеріне өзінің танымындағы дүниелерді дарытуға күш салды. 1987-1996 жылдары Қазақстан Журналистер одағының Талдықорған облысындағы хатшысы қызметін атқара жүріп, қоғамдық-әлеуметтік сала жұмыстарының да белсенді ұйымдастырушы- сы ретінде асқақ тұрпатпен жемісті еңбектер атқарды.

«Жетісу» газетінің жалынды журналисі, ақпарат саласының ардагері Болат Дәкер кезінде Ғайыс Егембердиев, Тұрсын Әбдуәлиев сынды майталмандармен бірге газет шығарып, қазақ әдебиеті мен журналистикасының таланттары Тәкен Әліпбаев, Жұмахан Майтжанов, Әбен Дәуренбеков, Болат Бисұлтанұлы сынды көптеген асыл азаматтармен тонның ішкі бауындай араласып, ұлттық руханият үшін тізе қосып үлкен істер атқарды. Батылдықты қажет ететін жерде нартәуекелге басты. Бұғып қалмады. Тайсақтамады.

– Облыс орталығындағы № 19 Мағжан Жұмабаев атындағы мектеп жаңадан бой көтеріп жатқан кез. Естуімізше, аралас мектеп болады екен. Содан ешкіммен кеңеспестен тәуекелге басып, «Мағжан Жұмабаев атындағы мектеп бой көтеріп жатыр» деп газетке материал беріп жібердім. Заты бар да, аты белгісіз мектепке қазақ классигінің есімін теліп жібергенімді білген бас редактор байқашы деп ескерткен еді. Ал мен бұл ісіме бола өкінбейтін едім, – дейді Б.Дәкер.

Содан қазақтың қаракөз балаларының тізімін жиып, Әбен Дәуренбеков екеуі талай қазақ отбасының табалдырығын тоздырған көрінеді. Оған қоса, ономастика бөлімі ақсап тұрған сол бір кезеңде жалынды журналист қазақтың келешегі үшін қыршын кеткен Ләззат Асанова мен Ербол Сыпатаевтың есімдері Талдықорған көшесіне берілуге ықпал етті. Тіпті, қос аяулы перзент есімінің жаңғыруына тікелей өзі бас-көз болғанын да ерекше атап өткені бар.

Қай кезеңде болмасын ел үшін ерен істерге баратын азаматтар болады. Қаламын қару еткен Болат Дәкер ақпарат айдынында құлаш-құлаш материалдар жазып, орайы келгенде батыл көзқарасын, ұлтшылдық пайымын да газет бетінен оқырманға жолдап отырған. Іскерлігімен, еңбекқорлығымен талайдың алғысын арқалаған. Сол бір кездері өжеттігі мен еңбексүйгіштігі арқасында журналистер ішінен бірінші болып облыстың Құрмет тақтасында жарқырап суреті ілінген екен. Сонау 1985 жылы «Қазақстан» баспасынан очерктер жинағы, 1987 жылы өлеңдер топтамасы, 2002 жылы «Қыран ұшар қияға» публицистикалық кітабы жарық көрген қаламгердің руханиятқа қосқан өзіндік үлесі қомақты. Бүгінде екі кітабы «Жазушы» баспасында жатыр.

Әбікендей асқар тау әке мен Тұрардай ғазиз жүректі ананың тұла бойы тұңғышы Болат Дәкер 9 ағайынды. Бес ұл, төрт қыз өсірген ата-ананың тұңғышы. Бүгінде жетпістің желкенін көтеріп отырған жалынды журналист сонау Өскемен қаласында оқып жүріп танысқан, арман қосысып, мұрат жалғасқан аяулы зайыбы Ғалия Дәкеровамен тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқанына 45 жыл толған. Тіршілік тінін қаламымен қаузап, өмірдің сан қилы сәттерін сыршылдықпен дөп басып жырлаған жалынды журналистің ұлт үшін ой қозғап, талай кемел істі жасауына аяулы зайыбы Ғалия Дәкерованың тигізген септігі мол. Шалқар шабыт беріп, жұбайының журналистика жолында жалынды дүние тудыруына күтім жасаған ғазиз жүректі жан екеуі 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп, олардан 6 немере сүйіп отыр.

Қара ормандай әулеттен өз арнасын таратып отырған Болат Дәкер өз кезінде оқырмандары іздеп жүріп оқыған журналист болғаны әмбеге аян. Бүгінде бей- неттің зейнетін көріп отырған ардагер журналист өзі қызмет еткен ата басылымдай жетпістен өтіп, ғасырды еңсерсін демекпіз.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы