Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ҚАРАСАЙ АУДАНЫНДАҒЫ БАЛА ӨЛІМІ ЖЕРГЕ ҚАТЫСТЫ БЫЛЫҚТЫҢ БЕТІН АШТЫ

Уақыты: 30.03.2021
Оқылды: 629
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Біз өзі болмашыға елп ете түспейтін, сабыры мол, көнбіс халық емеспіз бе?! Төтенше бір жағдайға тап болғанша қозғала қоюымыз да қиын. Астанада бес бірдей бүлдіршін өртеніп кеткенше көпбалалы аналардың жанайқайына құлақ түрмей жүргеніміз кеше еді. Ата-бабаларымыздан мирас болған қасиетті жеріміз ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатса да, мәселеге мән беріп жатқанымыз енді ғана. Сол сияқты Қарасай ауданына қарасты Ұлан ауылының сегіз жасар жеткіншегі жасанды көлшіктегі суға құлап мерт болғанша мұндағы жер мәселесі де көпшіліктің назарына іліге қоймады. Аядай ауыл тұрғындарын алаңдатқан мәселеге "Жетісу" газеті үңіліп, зерттеу жасап көрді.

Иә, Ұлан ауылының желкілдей өсіп келе жатқан жеткіншегі – Али-Нұр Орынбасардың ғұмыры осылайша қыршынынан қиылады деп кім ойлаған?! Ауылдың ортасындағы жалпақ жатқан саздауыт сайда қолдан қазылып жасалған көлдің маңында ойнап жүріп, абайсызда суға құлаған дейді тұрғындар. Бардық. Көрдік. Эксковатормен қазылған көлшіктің тіп-тік жағалауынан бала тұрмақ, үлкен кісінің өз бетімен шығуы неғайбыл. Мұны жазатайым оқиға деп жылы жауып қоюға болмайтынын да осы оқыс оқиғаға байланысты жиналған жұртшылық ашына айтты.

- Бұл осыған дейін де сан рет көтерілсе де, шешімін таппай келген күрмеуі қиын мәселе, – дейді кәсіпкер Төлеухан Әділханов бізге берген сұхбатында. – Біз, Ұлан ауылының тұрғындары, жерге қатысты жасалып отырған әділетсіздіктер жайында бұған дейін де сан мәрте айтқанбыз. Тіпті, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа да шағым түсірдік. Облыс әкімінің орынбасары С.Тұрдалиев пен аудан (Қарасай - авт) әкімінің орынбасары Қ.Аймановтың жазған жауаптары да қолымызда. Онда орын алып отырған олқылықтар мен заңсыздықтар жайында айтылып, түзетуге пәрмен берілгені ашық айтылған. Алайда халықтың мұң-мұқтажы бүгінге дейін ескерілмей келеді. Жас жеткіншегіміздің қазасы осы сыздаған жараның аузын ашып, көшеге шығуымызға себеп болып отыр.

«Даудың басы Дайрабайдың қызыл сиырынан басталды», – демекші, тұрғындарды ашындырған бұл жай әріден келе жатқан сияқты. Кешегі кеңестік кезеңде Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына (КИЗ) қарасты тәжірибе кеңшар шаруасы дөңгеленген ірі ауылшаруашылық құрылымы болған. Жерасты суларымен құбыр арқылы суғарылатын егін алқаптарында жайқала астық өсіріліп, төрт түліктің қарасы да әжептәуір деңгейге жеткен.

Еліміз тәуелсіздігін жария етіп, экономикамыз нарықтық қатынастарға көше бастағанда да кеңшар басты бағытын ұстап қалыпты. Өзге шаруашылықтар жерін, техникасын, малын жұмысшылардың үлесіне шағып, пайларын беріп жатқанда, мұнда барлық мүлік мемлекет меншігінде, атап айтқанда, Ауылшаруашылығы министрлігіне қарасты аталған институттың үлесінде қала берген.

Кеңшарда еңбек еткен 700 жұмысшының бірі де өз пайларын алған жоқ дейді ауыл адамдары. Халық оны да қалыпты қабылдап, шу шығармағаны белгілі. Алайда уақыт өте келе ауыл маңындағы барлық егістік алқаптар шаруашылықта бір күн де еңбек етпеген өзге өңір адамының меншігіне өтіп кеткені жария болады.

- Ұлан ауылының негізгі кәсібі егіншілік пен мал шаруашылығы, – дейді наразы топтың мүшелері Ұлан Махмұтов пен Руслан Әбдібеков. – Халық өсірген малының еті мен сүтін талғажау етіп, артылғанын қалаға апарып сатып, бала-шағасының нәпақасын тауып отыр. Елбасының екі сиыр асырау туралы айтқанын біз әзіл емес, тұйықтан шығар жол деп қабылдадық. Күнделікті қалаға қатынап, жалданып жұмыс жасағанша, ауылды көркейтіп, өз күнімізді өзіміз көргеніміз дұрыс емес пе?! Алайда малды жаятын жайылым, жемшөп дайындайтын шабындық болмаса, оны қалай бағамыз?! Сатып алған Бақытқожа Төлеубаев деген адам ауылдың айналасындағы жердің барлығын қоршап алды. Оның ішіне тұрғын үйлер мен молалар да кіріп кеткені белгілі болып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы қордаланып қалған мәселені шешуді тапсырғанын көріп отырмыз. Ендеше әкім-қаралар халықтың осы жанайқайына неге құлақ аспайды?!

«Ауылдың айналасындағы жеріміздің әлдекімге сатылып кеткеніне де көніп, амалсыз мойынсұнғанбыз, – дейді ауыл тұрғындары. – Енді ол аз болғандай Б.Төлеубаев ауылдың ортасында жатқан жалпақ аңғарлы сайды да жекешелендіріп алыпты. Ертеректе бұл сай аңғары ауыл малына жайылым ретінде тегістеліп, көпжылдық шөп егілгені жұртшылық есінде. Елді мекенде адамдар демалатын өзге саябақ болмағандықтан бұл жерде ауыл балалары футбол ойнап, спортпен айналысатын. Наурыз мерекесі кезінде алтыбақан тігіліп, қатар-қатар дастарқан жайылатын да осы жер. Тұрғындардың ұйымдастыруымен сауық кештері ұйымдастырылып, жарыстар өтіп тұратынын ешкім де жоққа шығара алмайды. Өзге де көпшілік шаралар осы жасыл алаңқайда өткізіліп келген. Үйде ұстайтын азын-аулақ мал да жазда сай аңғарында жайылады. Енді бұл жерге аяқ басуға тиым салынса, қайда барып күн көреміз?!»

Жол талғамайтын көлікпен ауыл ортасындағы сайды да аралап көрдік. Бұл өзі күрек бойы қазсаң, астынан су шығатын сазды жер екен. Құрылыс жүргізуге мүлдем келмейді. Тұрғындардың қарсылығына қарамастан құйылған үйдің іргетасы сазға сіңіп, оны тоқтатуға мәжбүр болыпты.

Меншік иесі түйеқұс асырайтын шаруашылық ашамын дейтін көрінеді. Ал жақында балық өсірумен айналысамын деп техника әкеліп, жоғарыда әңгіме болған көлшікті қаздырған. Бұл жерге жерасты сулары жиналып, ұзындығы 70, ені 15 метр болатын көлшік пайда болыпты. Жан-жағы қоршалып, қорғалмаған көл осы өңірдегі мал мен жанға қауіп төндіріп тұрғаны түсінікті.

Осы заңсыз құрылысты тоқтату үшін бір баланың қазасы қажет болғаны, әрине, қынжылтады. Себебі, құзырлы органдар көлдің пайда болуын заңсыз деп тауып, оны қайта қалпына келтіру үшін бір апта уақыт беріпті.

Бір қызығы, даудың нысанына айналып отырған 24 гектар жерді меншік иесі бар-жоғы 1 миллион 200 мың теңгеге сатып алған дейді ауыл тұрғындары. Ал мұнда үй салуға арналған 10 сотық жер 3 миллион теңгеден асып-жығылады.

Осы мәселенің мәнісін білу үшін алдымен Жамбыл ауылдық округінің әкімі Тұрарбек Ташовқа жолығып, меншік иесі мен талас тудырып отырған жер жайлы пікірін білген едік:

- Ауыл тұрғындарының наразылығын туғызып отырған сайдың алқабы 2014 жылы тәжірибе шаруашылығынан сатып алынған. Мендегі бар мәліметтер бойынша осы жерді 2016 жылы Б.Төлеубаев өзінің Әлия Бақытқожа деген қызына сатқан. Жекеменшік иелігіндегі жердің мәртебесін өзгертуге біздің құқымыз жоқ. Мұны сот қана шешеді, - деді ауылдық округ әкімі.

"Ал ауыл малының жайылымына қажетті алқап қалайша жекеге сатылып кеткен?" - деген сауалымызға әкім:

- Ол жер ауылдың ортасында тұрса да, елді мекеннің аумағы болып есептелмейді. Жайылым мәселесіне келер болсақ, айналамызда ондай мақсаттағы жер қалмағанын мойындауға мәжбүрміз. Барлық алқаптар кезінде сатылып кеткен, - деп жауап берді.

"Тұрғындар қайтыс болған адамдарды жерлейтін жер де қалмады деп шағым айтуда. Бұл қалай?" - дедік біз тағы бір маңызды мәселенің шетін шығарып.

- Ондай мәселе туындап отырған жоқ. Марқұм болғандарды жерлеп жатыр, - деді округ басшысы.

Алматының төңірегіндегі ауылдарда бос жер қалмағанын жұртшылық жақсы біледі. Ендеше, жер учаскесінің сатылатыны жөнінде Ұлан ауылының әр көшесінде жарнамалап қойған жерлер қайдан шығып жатыр деген сұрақ туындайды. Бұл жайды да құзырлы органдар анықтай жатар.

Осы мәселе бойынша Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Қанат Аймановқа жолыққанымызда, ол да ауыл маңындағы жерлерді сатуға аудан әкімдігінің қатысы болмағанын мәлімдеді. Яғни, аталған жерлер тікелей Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының әкімшілігі саудалаған делінеді. Ол халық пен меншік иесіндегі даулы мәселенің нүктесін тек сот қоя алатынын айтты.

Ел мен жердің иесі – жергілікті биліктің қатысуынсыз мемлекет меншігіндегі жерлердің жекеге қалай өткенін түсіну үшін қолымызға тиген Алматы облысы әкімінің орынбасары С.Тұрдалиевтің 2020 жылдың 8-ші қыркүйегінде арызданушы А.Әділхановаға берген жауабына үңілгенбіз. Онда: «Қарасай ауданы Жамбыл ауылдық округіне қатысты жер-кадастрлық құжаттарды зерттеу барысында анықталғаны: кадастрлық нөмірі №03-047-089-368 жер учаскесі Қарасай аудандық әкімдігінің 09.04.2012 ж.№4-409 қаулысымен «Қаскелең тәжірибе шаруашылығы» ЖШС-не беріліп, 14.08.2012 ж.№778 қаулысы бойынша аталған жер учаскесін жалға алу келісім-шарты жасалған. Тиісінше, 28.08.2012 ж.№ 0990019 қаулысымен 113,3070 гектар алқапқа уақытша жер пайдалану құқығымен өндірістік ауылшаруашылығын жүргізуге рұқсат берілген. Осыдан кейін «Қаскелең тәжірибе шаруашылығы» ЖШС-і Қарасай ауданы әкімдігінің 18.04.2014 ж. №4-753 қаулысының және 13.05.2014 ж. №999 типтік сатып алу-сату шартының негізінде аталған 113,3070 гектар алқапты өндірістік ауыл шаруашылығын жүргізу мақсаттық бағытымен 16.05.2014 №0992339 актісімен жекеменшік иелігіне берген. Осылайша, «Қаскелең тәжірибе шаруашылығы» ЖШС-і  кадастрлық нөмірі №03-047-089-368, көлемі 113,3070 гектар жер учаскесін 27.05.2014 ж. №927 сатып алу-сату шартымен аз. Б.Төлеубаевтың меншігіне өндірістік ауыл шаруашылығын жүргізу мақсатымен сатқан. Өз кезегінде Б.Төлеубаев Қарасай аудандық жер қатынастары бөлімінің 10.07.2014 ж.жолданған хатына сүйеніп, кадстрлық нөмірі №03-047-089-368, көлемі 113,3070 гектар алқапты өз алдына бөлек-бөлек алты учаскеге бөлшектеген», – деген анықтама бар (кадастрлық нөмірлері көрсетілген).

Осы хатта: «Арнайы мамандардың жермен танысуы кезінде аталған учаскелерінің бірі де өз мақсатында пайдаланылмай отырғаны анықталды», – деп жазылған.

Сол сияқты хатта су жағалауын пайдалану заңдылығының өрескел бұзылғаны да айтылады. Бізді тұрғын үй құрылысын салуға арналған 10 сотық жерді айлап-жылдап құжаттай алмай жүргенде, аса ауқымды алқаптың аз уақытта рәсімделіп кеткені де таңдандырды.

Аталған жерлерді аралап көргенімізде алқам-салқам тұрған үлкен-үлкен темір-бетон құрылғыларынан басқа ештемені кездестіре алмағанымыз өтірік емес. 2014 жылдан бері бұл алқаптарда астық пен мал немесе өзге де ауылшаруашылық дақылдары өсірілмегенін тұрғындар растап отыр. Біз де жеке кәсіпкердің құқығы заңмен қорғалғанын жақсы білеміз. Дегенмен, «Күштінің арты диірмен тартады» дегендей, «қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» болмай, қалың көпшіліктің үніне де бір ауық құлақ түретін кез келген сияқты.

Жалпы жұртшылық журналистерді «Төртінші билік иелері» деп әспеттегенімен, қолымызда әділетті орната салатын қауқар жоқ екені мәлім. Біздің шамамыз мәселенің мәнін ашып, халық пен билік арасында түсіністік орнатуға жеткеніне қуанамыз. Ендеше, бүгінгі тақырыбымызға өзек болып отырған, бір қауым елдің ашу-ызасын тудырған жайдың шешімін құзырлы органдардың үлесіне қалдыра отырып, Мемлекет басшысының ел алдына қойып отырған аса маңызды мәселесі – жер дауы әділ шешімін табатынына сенгіміз келеді.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Қарасай ауданы

Алматы облысы