"ӘКІМ-ҚАРАЛАРДЫ КӨРМЕДІК. БҰЛ НЕ МАСҚАРА?" ТАЛҒАРДА СУ ДАУЫ ӨРШІП ТҰР

Уақыты: 19.10.2021
Оқылды: 1756
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Кеңдала ауылының тұрғындары осыдан тура үш жыл бұрын су құбырларын жаңарту мақсатында көшелерінің қазыла бастағанына қуанған. Себебі, сонау 60-шы жылдарда іргесі қаланған ауылдың орталық көшелеріне тартылған су құбырларының жүйесі әбден ескіріп, тозығы жеткені белгілі. Оған қоса, халық санының артуы да ауызсу мәселесін күрделендіре түскен. Елді елең еткізген жағымды жаңалық зор қарқынмен басталғанымен жұмыстың соңы сиырқұйымшақталып кеткеніне ауыл тұрғындары осы күні күйініп жүр. Оның басты себебі, жаңа су құбыры тартылғанмен тұрғындар оған әлі қосылмаған. Екіншіден, су құбыры қазылған көшелер толық асфальтталмай жыртық-жамау, ой-шұқыр болып қала ма деп қапаланады.

- Үш жыл бұрын Кеңдала ауылының жаңадан асфальтталған көшелерінің талқанын шығарып, су құбырлары жүргізілген еді. Қазылған көшелердің жиектері толық тегістелмей, ой-шұқыр болып қалды. Осы атқарылған жұмыстарды қадағалап, бақылап жүрген әкім-қараларды көрмедік. Жер қойнауы тастақ болғандықтан, қазылған орға қойтастар қайта түсті. Оның пластмас құбырларды жаншып тастағаны айтпаса да түсінікті. Қысқасы, қыруар қаржы бөлінгенмен, талапқа сай жұмыс жасалмады. Көшелерге нанға жұқалап май жаққандай етіп, шалажансар асфальт төсеген болды. Толық жасалмаған жол жиектері жауын-шашынды күндері езіліп, балалар батпақтап қалады. Содан бері үш жыл өтсе де, су әлі іске қосылған жоқ. Соған қарамастан судың құны шарықтап барады. Бұл не масқара? – деп ашынды Кеңдала ауылының тұрғыны Мақсат Ережеп.

- Былтыр қыста екі рет суымыз қатып, адам жалдап, әрқайсына 10 мыңнан ақша төлеп, әрең дегенде суымызды ағыздық. Жаз болса, аптап ыстықта бір шәугім шайға су таппай қаламыз. Ал бағасы аспандап барады. Ай сайын шамамен 3 мыңнан артық ақшамыз тек суға кетеді. Тарифі өте қымбат, әлгіндей қатып қалған кездерде су мекемесінің бірде-бір маманы төбе көрсетпейді. Бар шығынды өзіміз көтереміз, – дейді осы ауылдағы Абылайхан көшесінің тұрғыны Жазира Төлеген.

Қара судың қиындығын көріп отырған тұрғындардың пікірінен кейін Кеңдала ауылдық округінің әкімі Алмас Өмірзақовтың өзін тыңдауды жөн көрдік.

Кеңдала ауылында 6 жаңа құрылыс бар. Бұрынғы санақ бойынша округтегі халық саны 13 мыңнан асса, Кеңдалада ғана 8 мың тұрғын тұратын. Биылғы халық санағының бірінші кезеңі бойынша болжам 50 мыңға жуықтайтындығы байқалады. Яғни, Талғар қаласының халқы 70 мыңға  жетсе, одан кейінгі ең үлкен округ Кеңдала екендігі аңғарылады.

- Сонау іргесі қаланған алғашқы жылдары төрт көшеде ғана 3 мың халық тұрған ауылдың бүгінгі күні қанша есеге артқанын бағамдай беріңіз. Сол кезде, яғни 1963 жылдары тартылған су құбырлары әлі күнге кәдеге жарап келеді. 2003 жылдан бері халық санында қарқынды өсім бар ауылды ауызсумен қамтамасыз етуде 2015-2016 жылдары жоба жасалып, 2018 жылы осы ауылға әкім боп келгенімде жаңа су құбырының жұмысы басталды. Бастапқыда 25,8 шақырымға жаңадан су құбырын тарту жоспарланған еді. Кейін ол 31 шақырымға артты. Оны жүзеге асыруға бюджеттен 268 млн.теңге қаржы бөлініп, игерілді. Аталған жұмысты алматылық мердігер компания «Глобал Тренд Центр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырды. Алайда көп істің шала жасалғанын жасыруға болмайды. Олар белгіленген уақытта бітіргенмен, сапасы көңілден шықпады. Әсіресе, ескі арық жүйелеріне көп зақым келді. Салдарынан суару кезеңінде арық суы арнасынан асып немесе арнасын таппай қалғандықтан жайылған су тұрғындардың аулаларын басып, ылғи зиян шегеді. Осыған орай, алдағы жылдан бастап арықтарды жүйелендіріп, қалпына келтіруге аудандық бюджеттен қаржы сұрап отырмын. Оған қоса, жолдар да бүлінген күйде қалды. Қара жолды былай қойғанда ескі асфальттар да дұрыс қалпына келмеді. Соған сәйкес тұрғындар тарапынан наразылық көп болды. Себебі, жаңа құрылыстағы жолдарды тұрғындар өз қаражаттарына жасатқандықтан, қопарылып, бүлінгеніне күйінді. Ауылдық әкімдік тарапынан өз ресурстарымызды қолданып жасатқан жерлер болғанымен, ол аз. Бұл мәселелерді аудан әкімдігіне бірнеше мәрте айтып, ұсыныс хат жазғаныммен әзірге еш жауап болмай тұр. Ал ескі құбырлардан ажыратылып, жаңа су құбыры жүйесіне әркім өзі қосылып, есептік құрылғыларын орнатуы керек, – дейді ауыл әкімі Алмас Өмірзақов.

Осы жерде туындайтын тағы бір мәселе, аталған мердігер компания тұрғындардың орталық су құбырынан үйіне қарай тартып, кіргізіп алатын абоненттік су желілерін шығарып қалдырмаған. Енді су тарту үшін әлгі жауып кеткен құбырды қайта қазуға тура келетіндігін айтады. Тұрғындардың шымбайына батып тұрған да осы мәселе көрінеді.

Ал 2018 жылы басталып, 2020 жылы аяқталған су құбыры «Талғарсу» мекемесіне өткен. Суға төленетін қазіргі тариф көрсеткіші 1 м 3 үшін 123 теңге 32 тиыннан болған.

Осы округке қарасты Еңбекші ауылына былтырғы жылдың қыс айларында 50 млн.теңгеге ауызсу құбыры тартылғандығын да айта кету орынды.

Қыста суы қатып, жазда арығы арнасынан асып жататын Кеңдала ауылының тұрғындары бұл азаптан қашан құтылатынын сұрап, әкімдік есігін тоздырудан жалықпай келеді. Ал ауыл әкімі осы бір өзекті мәселенің түйін шешу үшін ауылдың ең ұзын Алматы көшесін асфальттауға 42 млн. теңге сұрап отырғандығын ортаға салды. Сондай-ақ, Мейірманов көшесі де осы сұранысқа ие.

Жуырда «Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары Д.Қалибековтың және баға бөлімінің басшысы Б.Камзиннің қатысуымен Талғар ауданының «Талғар су» ШЖҚ МКК 2020-2021 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламалар мен тарифтік сметаларды орындауы шеңберіндегі өз міндеттемелерін орындауы бөлігінде табиғи монополиялар субъектілерінің объектілерімен танысу мақсатында баспасөз турын өткізген болатын. Оған БАҚ және қоғамдық бірлестік өкілдері, «Талғар су» мекемесінің жауапты мамандары қатысты.

Қатысушылар алдында аудандық «Талғар су» ШЖҚ МКК кәсіпорнының бас инженері К.Сүлейменов инвестициялық бағдарлама мен тарифтік сметалардың  орындалу барысы туралы есеп берді. Инвестициялық бағдарламаны орындау барысында алынған негізгі құралдар мен жүзеге асқан жұмыстар жайын баяндаған.

Тарқатар болсақ, 2020 жылға Талғар қаласы, Бесқайнар ауылы, Қотырбұлақ елді мекенін сумен қамтамасыз ету бойынша инвестициялық бағдарламаны орындауға жұмысалған шығындардың жоспарлы сомасы 8 215 500 теңге, нақты орындалғаны 8 507 000 теңгені құраған.

Талғар ауданының Тұздыбастау, Бесағаш, Рысқұлов, Береке, Дәулет, Кіші Байсерке, Жаңалық, Жалғамыс, Қызылту, Еламан, Панфилов, Көктал, Сақтан, Достық, Қызыл Қайрат ауылдарын сумен жабдықтау инвестициялық бағдарламаның 3 500 000 теңге сомасындағы жоспары 3 555 700 теңгеге артығымен орындалған.

Су бұру (кәріз) Талғар қаласы, Панфилов ауылы, Бесағаш пен Дәулет ауылдары бойынша 12 189 200 теңгеге жоспарланып, іс жүзінде 12 003 600 теңге игерілген.

Объектілерде ЭЦВ тереңдік сорғылары, екінші көтеру сорғылары, фекальды сорғылар, электр қозғалтқыштары, тереңдік кабелі, СУЗ станциясы, «ұшу» шығын өлшегіші, газ талдағыш, асфальтты кесуге арналған станок, түрлендіргіштер, генератор, мотопомпа, ысырмалар, компьютер, электрмен дәнекерлеу аппараты, шойын люктер сатып алынып, орнатылғаны баяндалды. Сондай-ақ, техникаларды жоспарлы арнайы жөндеу, объектіні газдандыру да тыс қалмаған.

Алайда бас инженердің бұл баяндамасына қоғамдық бірлестік өкілдерінің көңілі аса толмағаны ақиқат. Есептік жиынға қатысқан С.Дружинина, Б.Жәкішев, Г.Павленко, Ш.Әкімбаева, Д.Иманбаевалар тарифтің қымбаттығына, халықтың ала жаздай ауызсудан тапшылық көретіндігін, қыста қатып қалған немесе жарылып кеткен жағдайда өз қалталарындағы қаржыға жасататындығы жайындағы ащы шындықтарын ақтарып салып, айқай-шумен тарқасқан-ды.

Бұдан аңғаратынымыз Талғар ауданында су мәселесінің өзектілігі өршіп тұр. Мәселенің мәнісі инвестициялық бағдарлама аясында бөлінген қыруар қаржының қайда жұмсалғаны қағаз бетіндегі есеп күйінде ғана емес, нақты жұмыстың жасалуымен, халықтың ауызсумен толық қамтылуымен, әлгіндей қиындықтарды көрмеуімен бағаланғаны жөн дер едік.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы