ҚАСКЕЛЕҢДЕ АСПАНҒА ОҚ АТЫП ЕСІРГЕН ЕР АДАМНЫҢ ҮСТІНЕН ІС ҚОЗҒАЛДЫ

Уақыты: 25.10.2021
Оқылды: 1169
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қаскелеңде той кортежінде жүрген көліктің салонынан әуеге оқ атқан бұзақы ұсталды. Ер адамның үстінен қылмыстық іс қозғалды.

Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Қарайсай аудандық полиция басқармасының қызметкерлері әлеуметтік желіге мониторинг жасау барысында ер адамның көлік ішінен әуеге оқ атқаны таспалаған бейнематериалды байқап қалған.

Жедел іздестіру барысында бұл оқиғаның 23 қазан күні, шамамен кешкі 17:30-да Қаскелең қаласының Абылай хан көшесінде болғаны анықталды. «Полиция қызметкерлерінің іздеу іс-шаралары нәтижесінде әуеге оқ атқан адам анықталды. Ол 25 жастағы Қарасай ауданының тұрғыны болып шықты. Оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 3-тармағымен қылмыстық іс қозғалды. «Mercedes» маркалы көлік айып тұрағына қойылып, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 590-бабы 2-тармағымен әкімшілік хаттама толтырылды. Қазақстанның қолданыстағы заңнамасының нормаларына сәйкес жауапқа тарту үшін кортеждің басқа да қатысушыларын анықтау іс-шаралары жүріп жатыр», - деді полиция өкілдері.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"