ҚАРАСАЙ АУДАНЫНДА ҚЫЗҒАНЫШТЫҢ СОҢЫ ҚАН-ЖОСА ҚЫРҒЫНҒА ҰЛАСТЫ

Уақыты: 24.10.2021
Оқылды: 1106
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қарасай ауданында тұратын нәзік жан жігітін қызғанып, қасында отырған әйелдің сегіз жерінен пышақ салды. Бұл туралы Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Таңғы сағат 04.30 кезінде Алматы қаласының қалалық клиникалық ауруханасынан Қарасай аудандық полициясының кезекші бөліміне хабар түсті. Онда мас күйдегі 32 жастағы әйелдің пышақ жарақатымен ауруханаға жеткізілгені айтылған.

Жәбірленушінің тұрғылықты жеріне барған тергеу тобы оқиға болған жерді тексеріп, жалға алынған үйде отырыс болғанын анықтады. Бірқатар жедел іздестіру іс-шараларын өткізгеннен кейін Қарасай аудандық полиция бөлімінің жедел уәкілдері кафеде демалып жатқан жәбірленуші сол жерден өз үйіне бейтаныс жұпты алып келгенін, олармен бірге ішімдік ішкенін анықтады. Тәртіп сақшылары солардың бірі жарақат салуы мүмкін деп болжаған.

Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде полиция күдіктіні ізін суытпай ұстаған. Ол дәлелдемелер ұсынғаннан кейін қылмысын мойындап, ішімдік ішкеннен кейін жәбірленуші серігіне тиісе бастағандықтан қызғанышпен оны асүй пышағымен бірнеше рет кеудесіне сұққанын түсіндірген.

Қылмыс құралы пышақ тәркіленді. Күдікті уақытша изоляторға қамалды. Аталған факт ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабы, 3-бөлігі, 99-бабы, 1-бөлігі бойынша тіркелді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"