ІЛЕ АУДАНЫНДАҒЫ ЖЕР ДАУЫ: АЛАЯҚҚА АЛДАНҒАН ТҰРҒЫНДАР ӘКІМДІККЕ БАРДЫ

Уақыты: 30.10.2021
Оқылды: 1413
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Іле ауданындағы "Дружба" саяжайының түрғындары әкімдікке барып, жер телімдерін заңдастырып беруді талап етті. Мұнда тұрғындар жер алып, үй салып алғанымен, қолдарында бірде-бір құжат жоқ. Бұл туралы "Жетісу" газеті "Еуразия" бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлады.

Айбек Бидаев бірнеше жыл бұрын Іле ауданына қарасты "Дружба" саяжайы маңынан жер телімін сатып алыпты. Ауызсу, электр қуатына деп барлық шығынды қосқанда шамамен 2 миллионға жуық қаржы төлеген. Алайда қолына бірде-бір құжат берілмеген. Қазір жер телімі келісілгендей 8 сотық емес одан екі есе кем болып шығыпты.

- Келіп жан-жағымызды қысып, "времянканың" мына жағын неғып отыр. Машина кіретін жері жоқ, үй саламыз деп қойып отырған жеріміз. Осы жаққа келіп, көздерін сүзіп отыр. Мына жағынан да қысып тастаған, - дейді ол.

Даулы жер осыған дейін бос жатқан. Жартысы қоқыс полигоны болыпты. Тұрғындардың айтуынша, кезінде "Алел агро" компаниясының өкілдері келіп, жер телімін сатып алу туралы өздері ұсыныс жасаған. Оларға имандай сенген халық белгілеп берген жерге үй салып алып, қаржы жинап, ауызсу мен электр қуатын тартыпты. Осылайша, құжаттарын рәсімдеу үшін қыруар қаржыға заңгер жалдап, топографиялық түсірілім жасатып болғанда, жер телімі жеке кәсіпкерге сатылып кетіпті. Тұрғындар сотқа берейін десе, иелері жиі ауысқандықтан нақты қожайынын таба алмай отыр.

- "Алел агро" айтқан сөзінде тұрмай, басқа біреуге сатып жіберіпті. Ол кісі келіп жолдарың дұрыс емес, анау участокты бұзып тастаймын мынау участокты бұзып тастаймын деп біраз әңгіме айтты. Қазіргі таңда мына 56 участокқа документ шығардық дейді. Ол документтің жартысы дұрыс емес. 3 сотықтан бөліп тастаған, 2,40 қылып тастаған. Біреуге сарайыңның шеті кетеді, біреуге моншаң кетеді дегендей әңгіме шығып жатыр, - дейді "Дружба" бау-бақша серіктестігінің төрағасы Нұржан Қабдуалиев.

Осылайша өз беттерінше мәселені шеше алмаған тұрғындар жергілікті билікке барды. Аудан басшысы қабылдап, тұрғындардың алаяқтардың құрбаны болғанын жеткізді. Дегенмен, бұл мәселені шешуге талпынып жатқанын айтты. Екінші тараппен келісімге келіп, үй салып алған 56 жер телімінің мәселесін шешуге күш салып жатқанын мәлімдеді. Ал үй салып үлгермегендерге қол ұшын бермек.

Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаев бұл мәселеге қатысты: "Қазір өздеріңіз білесіздер. 2026 жылға дейін мораторий жарияланған. Ауылшаруашылық мақсатындағы жер сатылмайды. Сол үшін кейбір жерлерді 5-6 жылға арендаға береміз. Прокуратурамен шақырдық. Жалға береміз. Мораторий біткеннен кейін үй салғаннан кейін өздеріңіз заңға сәйкес заңдастырып аласыздар", - деді.

Аудан әкімінің айтуынша, мәселе жуық арада шешілетін көрінеді. Ал алаяқтарға жем болған жұртшылық өздерін алдап соққан тұлғаларды жауапқа тарту үшін бас прокурордан көмек сұраған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"