ТАЛҒАРДА АҒАЛЫ-ҚАРЫНДАС БІРІГІП, ЕСІРТКІ САУДАСЫМЕН АЙНАЛЫСҚАН

Уақыты: 08.11.2021
Оқылды: 1321
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Алматы облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметкерлері Талғар ауданында тағы бір қылмыстың көзін жойды.

Күдіктілер - туыстық қатынастағы жігіт пен қыз синтетикалық есірткіні өндіру және өткізу фактілерін анықтау бойынша жүргізілген «Рефлекс» арнайы операциясы барысында полиция назарына ілікті. Жедел қызметкерлер барлық мән-жайды анықтау және күдіктілердің есірткіні өндіру мен таратуға қатыстылығын дәлелдеу үшін оларды бақылап жүрген. Қылмыстық әрекет расталып, есірткі мен шикізатты қылмыстық мақсатта пайдалану немесе оларды жойып жіберу қаупі туындаған кезде қылмыскерлер ұсталды.

Мәлім етілгендей, тінту барысында 3,6 келі альфа-PVP синтетикалық есірткісі (7200-ден астам бірреттік доза), прекурсорлар, респираторлар және синтетикалық есірткі заттарын дайындауға қажетті құрылғылар алынды.

- Ұсталғандардың жауабынан белгілі болғандай, есірткі өндірумен айналысу идеясы бірнеше ай бұрын пайда болған. Алдымен олар Алматы қаласында есірткіні белгілі бір жерге жасырумен айналысып келген, кейін оларды өндіруге көшкен. Талғар ауданы Тереңқара ауылында үй жалдап, қажетті химикаттар мен жабдықтарды сатып алғаннан кейін есірткі өндірісін бастаған. Оны өткізу үшін көтерме саудагерлерді іздестірген. Дайын есірткіні кент маңында адам жүрмейтін жерлерге Құлжа жолының бойында жасырып отырған. Күдіктілер есірткі жасырып жатқан жерлерінде ұсталды, - дейді полиция өкілдері.

Күдіктілер уақытша ұстау абақтысына қамалды, олар өз кінәсін толық мойындады. ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігі 1,3-тармақтары (Адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша жасалған аса ірі мөлшердегі есірткі заттарын заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау не өткізу) бойынша сотқа дейінгі өндіріс қозғалды. Бұл бап бойынша 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"