ҚАСКЕЛЕҢДЕ 32 ЖАСТАҒЫ ЕРКЕК ӘЙЕЛІНІҢ КӨҢІЛДЕСІН БАЛТАЛАП ӨЛТІРДІ

Уақыты: 09.11.2021
Оқылды: 1318
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қаскелеңде адам шошырлық қылмыс тіркелді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Қарасай ауданында тұратын ер адам әйелінің ашынасын балталап өлтірген. Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, осы қылмысқа қатысты 32 жастағы тұрғын ұсталған. Ол әйелінің көңілдесін өлтірді деген күдікке ілінді. Қазіргі уақытта сезікті азамат қамауға алынған.

Ал ашынасы деп танылған ер адам ауыр дене және ми жарақатымен ауруханаға жеткізілген. Ол сол жерде есін жимастан көз жұмды. Марқұм 36 жастағы Алматы қаласының тұрғыны болып шықты.

«Жүргізілген жедел іздестіру шараларының нәтижесінде 32 жастағы Алматы тұрғыны ұсталды. Ол өз кінәсін мойындады. Өзінің айтуынша, марқұмның туған күнінде әйелі онымен көңілдес болғанын білген. Үйге келген соң ол әйелімен сөйлесіп, оның мойындағанын видеокамераға түсіріп алған. Сосын марқұмды жасырын бір жерге шақырған. Оған видеоны көрсетіп, мойындауын талап еткен. Содан кейін оны балталаған», - делінген полиция мәліметінде.

Күдікті 2014 жылы да өлімге алып келген ауыр дене жарақатын салғаны үшін жазаға тартылған. Кісі өлтірген балта айғақ ретінде қылмыстық іске тіркелді. Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"