"ЖЫЛДА ОСЫ ЖАҒДАЙ": САРҚАННЫҢ АУЫЗСУ ЖҮЙЕСІНЕН АҚАУ ШЫҚТЫ

Уақыты: 02.12.2021
Оқылды: 1194
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Сарқан қаласының тұрғындары Тұңғыш Президент күні қарсаңында сусыз қалған.

Сарқан ауданы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 29 қарашада қала бойынша мүлдем су болмаған. Кейін бұл мәселе біртіндеп шешілген. «Сарқан қаласы бойынша ауызсу жүйесінен ақау шығып, тұрғындар сусыз қалды. Мұның себебі, Сарқан қаласының жоғары су алабында мұз көшкіні жүріп, су құбырларын бөгеттеп тастаған. Қазіргі таңда мекеме қызметкерлерімен бірге 3 техника, 20 жұмысшы жөндеу жұмыстарын жүргізді. Қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз», - делінген әкімдік хабарламасында.

«Жылда осындай жағдай қайталанады. Қыста қаланың жартысында су қатып, болмайды. Көктем шыққанша осындай қиындықты көреміз. Неге әкімдік осы мәселені түбегейлі шешпейді? Қай ғасырда өмір сүріп жатқанымызды білмей қаламын. Бізде бала-шаға бар. Ауызсусыз отыру өте қиын», - дейді өзінің атын жасырын қалдыруды сұраған Сарқан ауданының тұрғыны.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"