ҚҰМАР ОЙЫН ҚҰРДЫМҒА ҚҰЛАТАДЫ НЕМЕСЕ БАЛАЛАР СУИЦИДІ НЕГЕ ӨРШІП ТҰР?

Уақыты: 19.02.2022
Оқылды: 1615
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

"Айналайын-ау, компьютер көз жанарыңды жеп қоятын болды ғой. Тапжылмай  отырғаныңа  бірнеше тәулік өтті. Күн, түн бір көз ілмедің. Не деген аяқталмайтын ойын?" – деп налыды Гүлнұр баласына. Анасы ол кезде интернеттегі құмар ойын ұлының жас өмірін  жалмайтынын сезбеп еді. Жайнап, желкілдеп өсіп келе жатқан жасөспірім  соңғы күндері бозарып, жүзі солғын тартып, бетінен қан қашып, ішіне сыр бүгіп, сүлесоқ күйге түсті. Ешкіммен ашылып, әңгімелеспейді. Өзінше бөлек бір әлем. Тек, компьютердің алдына отырғанда ғана өзін ар жақтағы әлеммен байланыстырып, белсенділік танытады. Кей кездері компьютерге кіріп кете жаздап, ентелейді. Ұлы ата-анадан бөлектеніп кетті. Баланы басқа біреумен алмастырып жібергендей. Отбасындағылармен бірге отырып тамақ та ішпейді. Кейде бір нәрсеге кінәлі адамдай үйдегілерді алдаусырататын сияқты ма? Бірақ сыр ашпайды. Анасына жақсы көретінін айтады. Қиылып, қимастықпен қарайды. Гүлнұр баласының бұл мінезін жасөспірімдік қалыптасу кезеңі  деп түсінді.

Гүлнұр сол күні сүп-сүйкімді болып өсіп келе жатқан баласының қалқайған бойына сүйсіне бір қарап, жұмысына аттанды. Өзі халыққа қызмет көрсету орталығында қызмет істейтін. Көптің тілін табу оңай емес. Біреу әртүрлі сұрақ қойып отырып алады. Енді біреу қызмет көрсету жүйесіне ренішін білдіреді.

Жұмыс уақыты аяқталып, компьютерді өшіріп, демін алғанда барып шаршағанын біледі. Сол күні де үйіне кеш қайтты. Жолдасы алыстағы ағайынның сырқатын естіп, хал сұрауға кеткен. Бірнеше күннен кейін келу керек. Ол үйге жақындағанда  көңілін қорқыныш биледі. Себебі, бұл  кезде үйде жарық жанып тұратын. Оның үстіне мұржадан түтін де шықпайды. Жүрегі дүрсілдеп, шаңырағының сәні ұлының жүзін көруге асықты. Бір күдік, бір үміт кезек алмасып, жанын «шүберекке» түйді. Қашаға жақындаған сайын күдігі күшейіп, буыны босап, сүрініп құлады. Қайта тұрды, үйге қарай ентеледі. Баласының жүзін бір көрсе болды. Басқа арманы жоқ. Жарық та жанып, от та тұтанатын еді. Бірақ бәрі де кеш. Бала мойнына ілінген ақшалай қарызды қайтара алмаймын деген қорқыныштан өз-өзіне қол салған.

Қыршын өмір алаяқтардың кесірінен ерте үзілді. Өкініші бұл жалғанда кете ме? Құмар ойын алдымен қарызға батырып, содан кейін жүйкені жұқартқан. Тығырыққа тірелген жасөспірім қиындықтан шығудың жолы  жарық дүниеден «қашу» деп шешкен. Қарыз беруші де таба алмай қалады. Ата-анасы да қарызға батпайды. Бірақ  бұл шешім емес еді. Дүниенің орны толар-ау. Ана мен әкенің үміті ше?! Жұмбақ өлім қос мұңлықтың кеудесін шерге толтырып кетті. Бұл – интернет ойынның бір ғана отбасыға тигізген кесірі. Бір шаңыраққа салған ойраны. Басқа да қаншама жасөспірім, кейде тіпті ақыл тоқтатқан азаматтар да құмар ойынның «құрбанына» айналып жатады?!

Интернеттегі құмар ойын ешкімді де аямайтыны белгілі. Өзіміз байқап жүргендей, компьютерлік ойындар негізінен атыс-шабысқа құралған. Яғни, бала мылтықпен атып, машинамен таптап, сойылмен соғып, қатыгездікке тәрбиеленеді. Қарсыласын жеңу үшін ойынның барлық қатыгездігін  пайдаланады. Ал жеңілген жағдайда күйінеді. Сөйтіп, ұл-қыздың жүйкесі жұқарады. Тірі адам емес, жекпе-жекке шығып, ашуын шығарып алатын. Алыста отырып, балтасын тасқа соғады. Содан балада ызақорлық қалыптасады. Өз-өзіне көңілі толмайды. Жүйкесі жұқарғандықтан әр сөйлеген адамның бетінен алады. Қалай да жеңемін деп компьютерге қайтадан байланады. Ойынның жеңімпазына айналғысы келеді. Ол жеңіске оңайлықпен жетпейді. Жауын қанға бояп, өлтіріп, қырып-жойып барып, батыр атанады.

Осыдан кейін интернеттегі құмар ойынға «байланған» баланың болашағы жайлы елестете беріңіз. Сана уланды. Ұл, кей жағдайда қыз бала да жолынан адасады. Мұндай жағдайда жақындары тез арада  арнайы дәрігер, яғни, психологқа жүгінген жөн.

Біз де мақала жазу барысында тақырыпты ашу үшін маманның кеңесіне жүгіндік. Отбасылық психолог Мөлдір Болатқызы  компьютерге тәуелділіктің салдары жайлы кеңейте айтып берді. Баланың құмар ойынға беріле бастағанын қалай білуге болатынын түсіндірді. Жөн сілтеді.

- Ұл-қыз ес біліп, жеті-сегіз жасқа толғанда ғана аптасына бір рет, оның өзінде аз уақыт компьютерде отырғаны жөн. Себебі, 12-13 жаста баланың құмар ойындарға қызығушылығы артады. Бұл кез баланың ағзасы да үлкен адамдікіне ұқсап, өзгеріске түсе бастайды. Яғни, гормондық түзілу басталады. Ағзадағы құбылыс ұл мен қыздың мінезін өзгертеді. Тіпті, дауыс та  күшейеді. Осы кезде балаға көп көңіл бөлу керек. Оларды ғашықтық сезімдері де әуреге салады. Мазасыздық әр нәрсеге ұрындыруы мүмкін. Бойдағы күш буырқанып, жер-әлемге сыйдырмайды. Ұл-қыздар бұл мезгілде спорттық ойынмен шұғылданып,  бос уақытын пайдалы іске жұмсағаны дұрыс. Бірақ, әр бала әртүрлі. Тәрбиеленген ортасына қарай, ата-анасының бағыттауына орай мінез-құлқы  қалыптасады. Мұнда қиындық отбасылық жағдайы ауыр, ата-анасы көңіл бөлмейтін, басқа біреудің тәрбиесінде қалған балаларда туады. Көбінесе, ешкіммен тіл табыса алмайтын, жанашыры жоқ, өмірге келгеніне өкінетін, өзін басқадан кем санап өскен, томаға-тұйық жүретін балалар алаяқтық ойынның құрығына ілінеді. Себебі, олар ақылшыны сол жерден табады. Өзін батыр, басқаларға керек сезінеді. Жан-жағындағылармен тығыз қарым-қатынас болмағандықтан, сөздік қоры да жеткіліксіз. Көптің ортасында ойын жинақтап, сөзін жеткізе алмайды. Қақ-соқ көріп, кемсітіліп өскендіктен ойын ашық  айтуға батылдығы жетпейді. Ал компьютер ойынында пікіріңді айтудың керегі жоқ, – дейді психолог.

Маманның сөзінше, компьютердің алдында үзіліссіз жұмыс істеу – адамның жүйке жүйесін әлсіретіп, қан қысымын көтереді. Мониторға үзіліссіз қарап отыру жанарды шаршатады. Сөйтіп, көзге шамадан тыс салмақ түсіп,  көру қабілеті нашарлайды. Мәселен, экрандағы түрлі түстер, тіпті, әріптер мен терезелер де көзге теріс әсерін тигізеді. Осының салдарынан көз жасаурап, тез шаршайды. Егер дер уақытында алдын алмаса, бұл түрлі көз ауруларына соқтыруы мүмкін. Құлаққапты киіп отыру –  естуді нашарлатады. Ұзақ уақыт дұрыс тамақтанбау асқазан жарасын тудырады. Ал компьютерге тәуелділік –  сана-сезімнің дамуын тежейді. Алыс-жақын туыс, ағайынның мәселесіне көңіл аудармайтын, тіпті, ата-ананың жан қиналысын түсінбейтін тасжүрек адамға айналады.

Психологтың айтуынша, компьютерге тәуелділік баланың ақшаға сұранысын арттырады. Уәде Алланың бір аты екенін түйсінбейді. Денсаулық сақтау саласының білікті маманы, невропатолог Ақмаржан Тәшімова бүгінде балаларда  интернетте көп отырудың кесірінен мидағы қатерлі ісіктің көбейіп отырғанын айтады. Одан кейін ұйқысыздық дертіне шалдығып, жүйке-жүйе аурулары диспансеріне түсіп жатқандардың барын айтады. Қасірет пе? Қасірет.

Ең қорқыныштысы, өткен жылы облыста 23 бала суицид жасаған. Өзіне-өзі қол жұмсағандардың алтауы қыз, 17-і ұл. Осы орайда өзіне-өзі қол жұмсамақшы болған балалардың жан-дүниесіне мамандар үңіліп көрген. Нәтижесінде, жасөспірім қыздардың ата-аналары мен мұғалімдерінің назарын өздеріне аудармақшы болғандығы анықталды. Сондықтан, балалардың ойынға салынып кетпеуін қадағалау, оларға ата-ана мен мұғалім мейірімін төгу маңызды іс. Компьтердегі құмар ойындар баланың психологиясын өзгертумен бірге өз-өзіне қол жұмсауына да итермелейтіні дәлелденген. Оған жоғарыдағы мысал куә.

Бұл орайда облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы ювеналды полиция тобының аға инспекторы, полиция майоры Алма Алтынбекова жасөспірімдердің тәрбиесі мен қылмысқа ұрынбауы үшін үздіксіз жұмыс жүріп жатқанын жеткізді. Мектеп, колледж, көшеде балалар тәрбиесіне көп көңіл бөлінеді. Қылмыстың алдын алу бойынша түнгі клубтар мен компьютерлік ойынханалар қадағалауға алынады. Бұл орайда облыста «Жасөспірім»  және  «Түнгі қаладағы балалар» атты шаралар ұйымдастырылған.

Нәтижесінде, 111 хаттама толтырырылып, іс жауапты мекемелерге жіберілген. Ата-аналармен жұмыс жүргізіліп, балалардың арақ пен темекіге құмартпауы назарда ұсталатынын әңгімеледі. Сауда орындарында зиянды заттардың сатылмауы, жасөспірімдерге ішімдіктің ұсынылмауы қадағаланады. Алма Амантайқызы балалар арасында қылмыстың алдын алу мақсатында балалар мекемелерінде 4311 лекция оқылғанын айтады.

Елдің жинап-тергенін арам жолмен барымталап, жанын жаһаннамға жіберіп үйренген алаяқтар аңқау елді  алып та, шалып та жығуда. Олардың қулығына құрық бойламайды. Заманауи байланыс құралының барлығын бүге-шігесіне дейін меңгеріп, пайдаға кенеліп жатқандар қатары өсіп келеді. Жас өскіндерді арам пиғылдылардан аман сақтаудың жолы – жүріс-тұрысын әрқашан назарда ұстау. Қоғам, отбасы болып, бос уақытын тиімді ұйымдастыру. Көршінің баласына да көз қырымызды сала жүрейік. Құмар ойынның түбі құрдымға құлатады.

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы