ТЕЛЕФОНҒА ТЕЛМІРГЕН ЖАСТАР. ҚАЛА МЕН АУЫЛ БАЛАСЫНЫҢ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ ЖЕР МЕН КӨКТЕЙ

Уақыты: 06.01.2023
Оқылды: 1697
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Шежіре кеудеде күлбілтеленіп жатқан көрікті ойдың ұшығын шиырып алып, уақыт тудырған, заман толғатқан тақырып тұрғысында тіберене термелей жөнелгенде «көш соңында көшелі керуен жүрмейтінін» пайымдадық. Өркениетті елдердің сапынан сараланып көрінуге тырысқан ширек ғасырда жіберген тәрбиедегі кемшілік былай тұрсын, тұрмыс билеген санадан бала болашағы, ұрпақ келешегі деген өміршең ұғымдар тысқары қалғандай көрінді. Біраз бұрын баспасөзге қатысты Жаркентте өткен жиында аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Тоқтарбай Керімқұлов айтқан пайымдар мезгіл-мезіреті жеткен, пісіп тұрған дүниелерді айшықтағандай.

«Ұлт боламын десең, ұрпағыңды түзе» атты жиында сөз алған Тоқтарбай ақсақал мәселенің мәнін тереңнен тарқатып, жастардың тәрбиесі, қоғамда ашық көрініс алып жатқан өскелең ұрпақтың түрлі келеңсіз әрекеті туралы ой толғады.
– Бүгінгі таңда қоғамдық пікір тудырған жастардың тәрбиесі жөніндегі мәселені ел болып дүркін-дүркін көтеріп жүрміз. Қанша тақырыпқа тұздық етсек те, мұнда бір байламмен шешілер дүние жоқ! Бәріне кінәлі – қоғам немесе ата-ана, ұстаз деп бөлуге болмайды. Әуелі телефонмен көп уақыты өтіп жатқан жастарды бір ауыздан қаралап, «желіге желімделген қайран жастық шақ» деп  жалпылама ой қорыту ұшқары болар. Интернеттің де пайдалы жағын ысырып тастай алмайсыз. Бұл жағынан алғанда оны адамның тұлға болып қалыптасуына, игілігіне жаратудың жолын жастарға нұсқаған жөн, – деп  әуелгі ойын сабақтап алды. Өз кезегінде кітап кеміріп өскен буынмен бүгінгілерді салыстыру қажет еместігін де атап өтті.
Иә, телефонға телміріп жүрген жастарға тағылар мін көп. Кейбірі Тоқтарбай Керімқұлов айтқандай жастардың емес, олардың тәрбиесіне жауапты адамдардың кемшілігі болса керек-ті.  Өйткені кейіпкеріміз олардың жанды мысалын тарау-тарау толғаммен тарқатып айтты. Мәселен, екі баланың төбелесіп қалуы салдарынан ұлт арасындағы жанжалға ұласып кете жаздаған Пенжім ауылындағы оқиғаны мысалға алған кейіпкеріміз, мұндайда баладан ата-ана «кіммен төбелестің?» емес, «не үшін төбелестің?» деген сауал қоюы керектігін алға тартады.
– Уақытында біз де жас болдық. Біз де арасында қатарластарымызбен, көз көрмеген азаматтармен сөзге келіп қалатынбыз. Сондай сәттерде білек күшін көрсетіп те аласың. Бірақ орыс не басқа деп ұлтына бөліп, жіктеп ұрынбайсың ғой. Жағдай туындап, керісіп қалған соң, азамат ретінде мәселені барынша ың-шыңшыз шешетінбіз. Бүгінгідей аттанға басып, елді алатайдай бүлдіретін есерлікке баспайтынбыз, – деген кейіпкеріміз ел ішіндегі тентектердің танауынан шертіп, «Қой бұл шатағыңды» деп ащы ескертпе жасау керектігін айтады. Тентегін тезге салып түзеген елдің ғұрпынан қиыс кетпей, ата-аналар өз баласын ауыздықтап, «жікшіл болма, көпшіл бол» деп жол көрсету керегін сөзге сүйеу етті.
Тәлім мен тәрбиенің тетігін ағытып отырып термелеген Тоқтарбай Керімқұлов бүгінде қала мен ауыл жастарының арасы анағұрлым ажырап бара жатқанын, өмір салттарында алабөтен айырмашылық барын да әңгімеге арқау етті. Телефон мен электронды темекінің зарын айтып, бұл қоғамдық дерттің жайылып бара жатқанын басылым беттерінен, игілікті іс-шаралар барысында дүркін-дүркін көтергенімізбен, ауылдағы жалпы жастар бұдан алшақтау екеніне сенім білдірді. Сөз тарқата келе:
– Азаматтарды «ауылдан ауып қалаға кетті» деп сөгіп жатамыз. Олар да өз болашағын ойлап, өркениеттің төрінде болмаса да көшінде жүргісі келетінін, ұрпақтары қала мәдениетін бойына сіңіріп өскен зияткер тұлға болып қалыптасуын ойлады деп неге мән бермейміз. Неге түсінбейміз? Ауылдың баласы ауылда қалып қызмет етсін деген заң жоқ. Сондықтан да әрбір азаматтың қазақ жерінің қай қиырында қызмет еткісі келсе, қолынан қақпауымыз, жолына тұрмауымыз керек, – деген пікір айтады. Оған қоса: «Бүгінде ауыл азаматтарының бойында қазақылық қалмады деп сөгудің де реті жоқ. Нағыз қазақылықты сақтаған ауыл азаматтары. Олар ауыр еңбекке ерте араласқандықтан қаладағы қай шаруа болсын тындырымды, нәтижелі істеп шығады. Бірақ, ауылдағы жастардың қалалықтардан кем түсіп жатқан жері де аз емес. Ол мемлекет тарапынан ойланатын мәселе. Мысалы, ірі қалаларда спорт кешендері бар. Оларды бірнеше миллиард қаржымен салады. Оған кеткен қаржыға ауылды жерлерден шағын 15-20 спорт кешенін тұрғызуға болады. Осы жерден келіп қаладағы Тоқтарбайдың баласынан, ауылдағы Тоқтарбайдың баласының қай жері кем? деген сауал туындайды, –  дейді көпті көрген ақсақал.
Шынында ақсақалдың уәжі орынды емес пе? Қалалы жерлерде жастарға арналған барлық дүние бар. Тіпті, тұрғын үйлер салынып, жастар бағдарламасы арқылы баспаналы болып жатқан да қаладағы азаматтар. Сөз барысында осыны да мысалға алған Тоқтарбай Керімқұлов: «ауылды жерлерге ыңғайлы үй салып, елді мекендердегі азаматтарға сол баспаналарды бағдарлама арқылы беретін болса жастар қалаға қашпас еді» деп те жоғарыдағы ойының тағы бір себеп-салдарын айшықтай түсті.
«Jetіsý» газетінің ұйытқы болуымен өткен аталмыш жиында осылайша «Қала мен дала» тақырыбында аталы сөз айтқан  кейіпкеріміз биілік ойланатын дүниені көрсетіп бергендей болды. Тәрбие-тәлімнің де олқы тұсын көрегендікпен көрсетті. Сондықтан біз де кейіпкер сөзін мақала ретінде оқырманға осылайша ұсынуды жөн санадық.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ