"АУЫЛҒА БАРСАҢ ЖҮРЕГІҢ ШАНШИДЫ": САРЫБҰЛАҚТАҒЫ ЖҰПЫНЫ ӨМІР

Уақыты: 09.01.2023
Оқылды: 1803
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Бала күнімізде демалыс бола қалса ауылдағы ата-әжелеріміздің үйіне баруға асығатынбыз. Мыңғырған малмен бірге сұлу табиғаттың жұпар иісімен тыныстап, жайқалған егіс басында білегімізді талдырып, еңбек етіп, бір жасап қайтатынбыз. Бүгін ше? Ауылға барсаң жүрегің шаншиды. Күн қақтап, жел шайқап, су шайып, мүжілген тоқал тамдар мен тағаны ғана қалған кезіндегі мәдениет, білім, шаруашылық ошақтары, шаруасы шатқаяқтаған жатаған үйдің жағдайын көріп, жаның түңіледі. Күннің көзін алақанымен көлегейлеп қойып өлкенің өткенін әңгімелейтін аталарды, қыз-келіндерге қазақтың жол-жосынын үйретіп жүретін әжелерді кездестіре алмай көңілің құлазиды. Біз «Өркениетті ел болдық» деп малақайымызды аспанға атқанмен ауылды тоздырып жібергенімізді мойындағымыз келмейді. Оған бәріміз жауаптымыз. Кербұлақ ауданы, Сарыбұлақ ауылдық округіндегі сапарымызда осындай ой түйдік.

Кеше және бүгін

Сарыбұлақ асыл тұқымды қой кеңшары 1944 жылы Ақсу ауданының Қопа ауылындағы қой кеңшары негізінде құрылыпты. Қазіргі Сарыбұлақ ауылдық округіне қарасты Шилісу ауылы 1-ферма, Сарыбұлақ ауылы 2-ферма, Қазынсу ауылы 3-ферма болып, орталығы Қарағашта орналасқан. Жүнді бағыттағы қой шаруашылығымен айналысып, атағы Одаққа жетіп, дүрілдеген кеңшар болған екен.
– Осы ауыл құрылған 1944 жылы тудым. Балалық, жастық, кәрілік шағым осы ауылмен бірге өтіп келеді.  Алғаш құрылғанда 15 мың қой болса, кейін 100 мың тұяқтан асқан мыңғырған малы бар кеңшарға айналды. Мектеп интернат, клуб, балабақша, монша, алма бағы ауылға сән беріп тұратын. Мыңнан аса үй, бірнеше мыңдаған тұрғыны болды. Сол жылдары  90-нан аса трактор, 100-ден аса машина, 56 комбайн, 22 «К-700»,  70 су таситын көлік, тағы басқа техникалар самсап тұратын. Қазір соның елесін ғана көресің. Тағаны қалған, қабырғасы қаусаған, шаңырағы ортасына түскен үйлерде талай өркенді істердің болғанын балаларға айтсаң, ертегі тыңдағандай әсерде қалады. Еліміз тәуелсіздік алды деп қуанғанымызбен ауылды тонап, тоздырып, құртып тындық қой, – дейді ауыл ақсақалы Жанат Байсалақов. 
Қазір ауылдық округке қарасты Шилісу, Қазынсу, Сарыбұлақ елді мекенінде 297 үй, 1605 адам тұрады. Округ орталығы Қарағаштағы ауылдық орта мектепте 176 бала оқиды. Оқу ордасы күрделі жөндеуден өтіп, бар жағдайы жасалған. Алайда Шилісу, Қазынсу, Сарыбұлақ ауылындағы жоғары сынып оқушылары арысы 20, берісі 5 шақырым жерден қоғамдық көлікпен осында келіп білім алады. Бұл жүрісті құп көрмеген кейбір ата-аналар аудан орталығы Сарыөзек, болмаса Қапшағай қаласынан үй жалдап балаларын оқытуға мәжбүр. «Өткен жылы Алматы – Талдықорған күрежолынан ауылға дейінгі аралықтағы екі жарым шақырым жол жасалды» деп өрлі-төмен есеп берілгенімен елді мекендегі жол мәселесі әлі де өзекті. 
Су тапшылығы – күнделікті күрделі тақырыптың бірі. Кезінде Қарағаш ауылының тау жағында үлкен екі көл болған екен. Ауылға сол көлден құбыр тартылып, ауызсуды қамтамасыз етіпті. Ол көл қазір тартылып қалған. Бүгінде ауылдық округке қарасты елді мекен тұрғындары жерасты суын игіліктенеді. Ал су сорғыш құрылғылар жұмыс істемей қалғанда ауыл маңынан ағып өтетін жыланшық өзендерден су тасып ішеді. Ауылда жұмыс істелмей жатыр дегеннен аулақпыз. Тұрғындардың жайлы тұрмысын қамтамасыз ету үшін қолдан келер шаруаның бәрі жасалуда. Келеңсіздіктер ретімен шешіліп келеді. Десе де, Сарыбұлақ ауылдық округінде жұртты әбден қажытқан, шешімін күткен  бірнеше толғақты мәселе бар.

Күн электрстансысы бар,  жарық жоқ

Сарыбұлақ ауылдық округінің әкімі Еркебұлан Жармұхамбетұлының айтуынша, өткен жылы Қарағаш ауылының көшелеріне жарық шамдар орнатылып, жұрттың қуанышын еселепті. Алдағы уақытта Шилісу, Қазынсу ауылындағы көшелерді жарықтандыру бағытында жоспар жасалып, қаржысы анықталып, құзырлы мекемелерге жолданыпты. Өкінішке қарай, осындай тынымсыз еңбекті естігендегі көңіл-күйімізді Сарыбұлақ ауылындағы жарықсыз отырған жұрттың жанайқайы су сепкендей басты.
– Міне,  30 жыл болды жарықсыз отырмыз. Интернет деген атымен жоқ. Алыстағы ағайынмен хабарласу үшін телефонымызды көкке көтеріп алып, төбе-төбені қыдырып кетеміз. «Жедел жәрдем» шақыруды ұмытып кеткенбіз, – деп мұң шақты Сарыбұлақ ауылының тұрғыны Асқар Есімбеков.
«30 жыл жарықсыз отырды» десек артық болмас. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» дегендей, жарықсыз қалудың себебі – осы бір құм шетіне орналасқан ауылды «Жарықпен жарылқаймыз» деген орашолақ жоспардың кесірі екен. 2012 жылы Сарыбұлақ ауылында, Қазақстанға Корея көмек беру үкіметаралық бағдарлама аясында және «Green Village» халықаралық жоба бойынша, «Daegue Қала Газ» Корей компаниясымен «DostykEnergo» ЖШС бірігіп, 52 кВт қуатты күн электрстансысын салған. 
 Дүрілдеп тұрған тұсында 80-нен аса үй болған, бүгінде 10-ға тарта түтін түтетіп отырған алақандай ауылға мұндай шығыны көп, техникалық басқаруы күрделі электрстансының қажеті жоқ еді. Басында ауыл тұрғындары бұл жоспарды құптамай, елді мекенге Қарағаш ауылынан электр жарығын жеткізіп беруді талап етіпті. Бірақ тұрғындар уәжіне құлақ асар пенде табылмай, алып құрылыс бой көтерген. Арада бір-екі жыл өткенде ауылды жарықтандырған стансы күйіп кетіп, ақыры ауыл жарықсыз қалады. Тұрғындар өрлі-төмен шапқылап жүріп, 2016 жылы  тағы бір мәрте жаңғыртып алыпты. Алайда екі жылдан кейін стансы мүлде істен шыққан. Қазір ауылдағылар жылтылдаған майшамның қалқасында ұзақ сары таңды сабырмен атырады. 
– Күн электрстансымыз тұрып, жарыққа жарымай отырғанымыз былайша ұятты іс. Жағдайымызды айтып баспаған табалдырық, ашпаған есігіміз қалмады. Бұрындары «Жасаймыз, қатырамыз» деген жауап алушы едік. Қазір кейбір мекеме басшылары есігін тарс жауып, кіргізбейтінді шығарды. Оны қойшы, бізді анадайдан көрсе, «Жау көргендей» жасырына қалатын жағдайға жеттік. Діңкеміз құрып, төзіміміз таусылды, – дейді ауыл тұрғыны Абдұл Хунчеев.
Ауыл тұрғындарынан білгеніміздей, Қазақстан мен Кореяның ынтымақтастығы аясында бой көтерген, әлемдік деңгейдегі күн электрстансысы осы күнге дейін ешбір мекеменің балансына алынбапты. 
– Күн электрстансысы 2016 жылы қайта жаңғыртылды. Естуімізше, 10 млн. теңге қаржы жұмсалыпты. Сонда ешбір мекеменің балансында болмаған нысанға сонша қаржыны қалай аударып, пайдаланып отыр, – деп бізден сұрайды Сарыбұлақ ауылының тұрғындары.
 Ашық ақпарат көздерін қанша ақтарсақ та, «Camruk-Green ENERGY» компаниясының сайтынан іздесек те қаржы туралы, оның қалай пайдаланылғаны жайында дерек таппадық. Сондықтан бұл мәселе бойынша Жетісу облыстық прокуратурасына хат жолдап, мәселенің мән-жайын анықтап беруді өтініп көрмекпіз. 

Құм басып барады,  әрекет жоқ

Сарыбұлақ ауылдық округі тұрғындарын тағы бір алаңдатар жағдай – елді мекендерді құм басу жағдайы. Аудан әкімдігі тарапынан құрылған комиссияның талдау нәтижесі бойынша, бүгінде Қазынсу ауылы аумағындағы 1606 гектар жердің солтүстік- батысынан шығысына дейінгі 851 гектар жерді, ал Қарағаш ауылы аумағындағы 2897 гектар жердің 851 гектарын құм басып үлгерген. Осының салдарынан елді мекендерге шөп шықпай, мал азығын дайындау қиынға соғуда. Оның үстіне Қарағаш-Қазынсу-Сарыбұлақ ауылдары арасындағы жолды құм басып, көлік қатынасы қиындай түскені анық. 
Сарыбұлақ ауылдық округінің әкімі Еркебұлан Жармұхамбетұлының айтуынша, осы мәселені көтеріп, жоғары-төмен шапқылап, көмек сұрап көрген. Тіпті аудан, облыс аттап, Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасына да уәждерін жеткізіпті. Бірақ тұшымды жауап, қолға алған шара, қабылданған нақты шешім болмаған. 
– Егер елді мекендерді құм басу жағдайы тез арада реттелмесе, ауылдың келешегі бұлыңғыр. Оның үстіне құм басқан аумақтың көлемі кеңи түссе, Алматы – Талдықорған күре жолының қатынас жұмысына да кері ықпалын тигізбей қоймайды, – дейді ауыл басшысы.
Расында, «Ерін кетсе, тіс тоңады» дегендей, Жетісу облысындағы аша тұяқты жануардың жартысынан көбі қыстап шығатын аумақтың жағдайын түзеу ауылдық округтің қолынан келмейді. Оны ел болып қолға алып, жұрт болып түзеуіміз керек. Осы мәселе төңірегінде Жетісу облыстық әкімдігі мен облыстық экология департаментіне сауал жолдайтынымызды айта кеткенді жөн көрдік. 

Байлық бар, қарекет жоқ

Сарыбұлақ ауылының орналасқан аумағы туризмді түрлендіретін жер-ақ. Бұл маңда қазақ-жоңғар соғысына қатысты, Ресей отаршылдығы тұсындағы тарихпен сабақтасатын, Кеңес одағы кезінде қуғын-сүргін, ашаршылықтың ауыр дертінен дерек беретін тарихи жер өте көп. Айталық, Талдықорған – Алматы күрежолынан бұрылған тұстан Көлтабан, Қарабайтал, Нұрмолданың қыстауы, Жөңкебай, Шұрық, Мақпал ана жерленген жер, Балпық бидің ұлы Тіленші қазының атақонысы, Тесіктас, Үңгірқора, Шаңқұдық, Шоқпартас, Қаумен, Балабекті өлтірген тас, Шорман байға қатысты жер атауы сияқты тарихи жерлер Құланбасымен түйіседі. Тарихи деректерде 1223 жылы Шыңғыс хан Хорезм жорығынан қайтар жолында Құланбасыда құрылтай ашып, төрт ұлына жер-шекара бөлген. Сол жер осы Құланбасы болуы мүмкін деген болжам бар. Малайсары қыраттары – тұнған тарих. Тау беткейіндегі тастарға салынған суреттерге тіл бітсе, ең кемі 3000 жыл бұрынғы дәуірді көз алдыңызға әкеледі. Өкінішке қарай, сол бағалы байлықтың бағын ашып, алыс-жақындағы ағайынға жеткізетін харекет қана жоқ.

Қажет АНДАС
Сарыбұлақ ауылы
Кербұлақ ауданы