"Темекі шеккенмен тең": Фастфудтың зияны

Уақыты: 24.06.2023
Оқылды: 2981
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

XXI ғасырда адамға уақыт жетпейді. Ас ішсек те асығыс-үсігіс тамақтанамыз. Кейде жылдам дайындалатын ауқатты дүңгіршектерден ала саламыз.  Көлемді шығарма оқуға, ұзақ бейнеүзіктерді көруге уақыт құртқымыз келмейді.  Шаруамыздың тез аяқталғанын қалаймыз.

Бүгінде ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүретін адамдар баршылық.  Жылдам жасалынатын затқа әуестігіміз күн санап артып барады. Тіпті, еңбектеген баланың өзі мультфильмнің ортасындағы 5 секундтық жарнаманы көргілері келмей жылап жібереді.  

Дәмділеп ас әзірлеуге,  оны шәймен асықпай ішіп отырғанға уақытты аяйтынымыз рас. «Fastfood» сөзі ағылшын тілінен «жылдам әзірленетін тамақ» деп аударылады. Fastfood жейтін  адамдар оның қандай қауіп төндіретінін білмеуі де мүмкін.  Ең зиян фастфуд өнімдеріне пицца, шауырма, фри картоптары, грильдегі тауық еті, хот-дог, чипсы, гамбургер, бургерлер және тағы да басқалары жатады. Бұл тағамдарға  адам ағзасына зиянды қоспалар, қант пен тұздың жоғары мөлшері, темекі өнімдері сияқты тәуелділікті тудырады.  Әлемнің көптеген елдерінде фастфуд ең арзан тағам  болып табылады. Оның үстіне тағам көшеде, көпшілік орында дайындалатындықтан көптің назарын аударып, тәбетін ашады.  

Тұтынушылар фастфудты бағасының арзандығына ғана емес, сонымен қатар, дәміне қарай да сатып алады. Түрлі қоспалардың әсерінен әдеттегі тоқаш пен шұжық ерекше нәзік дәмге ие.  Фаст фудты үзбей тұтыну артық салмақ, бүйрек, атеросклероз, өтте тастың жиналуы, холестериннің жоғарылауы, қандағы қант деңгейінің көтерілуі, гипертония, бауыр мен ұйқы безі аурулары, кариес, асқазанның ойық жарасы және гастрит сынды кеселге душар етеді.

Бір қарағанда барлығымыз сүйіп тұтынатын фри картобының зияны жоқ сияқты көрінеді. Көкөніс ретінде қолданылып жүрген  картоптың қуырылған түрі деп ойлаймыз. Ал  сол картоптың маймен қуырылғандағы құрамы 2,5 қорап темекі шеккенмен пара-пар. Темекі шегу кезінде қан тамырларын түзетін жасушалар тобының қызметі 4 сағатқа дейін әлсірейді. Ал бір уыс фри картобын тұтынғанда жасушалар қызметі 24 сағатқа дейін қалпына келмейді. Бұл темекінің ағзаға тигізетін кері әсерінен 6 есе көп.  Темекі шегудің жантүршігерлік салдары қораптарда бейнеленгендей, денсаулығымызға зиян келтіретін тағамдардың да салдарын солай түсіну керек. 

Британдық жазушы Джордж Оруэлл: «Уақыт өте келе біз пулеметтен емес, консервідегі тамақтан қорқынышты қару болмас деген қорытындыға келеміз», – деген болатын. Кез келген өнім шамадан тыс тұтынылса адам ағзасын зақымдайтыны айдан анық. Үйде дайындалған тағамнан пайдалы ештеңе жоқ.  Майлы тағамдар мен жоғары калориялы тағамдардан бас тартуға тырысыңыз. Зиянсыз аспентамақтану принциптерін ұстаныңыз. Бұл – сіздің денсаулығыңызды сақтаудың жалғыз жолы.

Айнұр Рахымбекқызы, 
ЖУ-дің «Журналистика» мамандығының 3-курс студенті