«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің»

Уақыты: 24.06.2023
Оқылды: 4145
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Адам үшін отбасы – басты байлық. Туған жері, өскен үйі, жүрген ортасы, бәрі дерлік балаға әуел бастан үлгі болмақ. Шаңырағындағы адамдардың сөйлеуі, жүріс-тұрысы, іс-қимылы, тіптен ойлауы да балаға тәрбие есебінде беріледі. Халқымыз сол себептен де «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді.

Өткенге көз жүгіртсек, хакім Абайды даналық деңгейге көтерген ең әуелі өз топырағы, төл мәдениеті, өскен ортасы. Оның қалыптасуында әулетінің рөлі зор. Арғы атасы Ырғызбайдан бастау алып, әкесі Құнанбайға дейін жалғасқан билік дәстүрінен Абай қалыс қалмады. Жастайынан ру ағаларының кеңесін, анасы мен әжесінің өнегесін көп алған ол елдің жақсысын үйреніп, жаманынан жирене білді. Дәл осы секілді біздің адам болып қалыптасуымызға отбасымыз бен ортамыз ерекше әсер етеді.

Бала әкеден ақыл, анадан мейірім алады. Баланың көп уақыты отбасымен өтеді. Сондықтан да ата-ана перзентіне мейлінше көп көңіл бөліп, онымен үлкендерше әңгімелесіп, барынша досы ретінде көрсе, бала да соған мейірленіп, болашақта өзі де сондай отбасының егесі болғысы келері анық. Өкінішке қарай, қазіргі таңда отбасы құндылығы, ата-ананың балаға деген көңілінің жұмысқа ауып кеткендігі, бала тәрбиесіне бейжай қарауы, қадағалау мен бірге орындалатын жұмыстардан бас тартуы көптеген шаңырақта орын алып жатқан жағдайлар тізбегі. Мұндай қарым-қатынаста жетілген бала ертең өз өмірі мен жоспарларына аса мән бермеуі мүмкін. Себебі ол ата-анасының жасап жүргенін қалыпты дүние деп қабылдайды. Сондықтан балаға ақылы толысып, бұғанасы қатпай мейірім мен тәлімді қатар беру керек.  

«Ел болам десең, бесігіңді түзе» демекші, әр бала отбасы тәліміне бейімделеді. Бұл орайда үлкендер ұрпағына өнеге көрсетуі тиіс. Әр ата-ана өзіне жүктелген міндетке жауапкершілікпен қарап, балаларына жақсы тәрбие мен біліміне инвестиция салса, перзентінің жұлдызы жарық болмақ. Ал негізінен алғанда, әр бала өз ата-анасының бет-бейнесі, айнасы екені өмір айқындаған шындық.                                                                                                     

Еркеназ СҮЛЕЙМЕН,
Алғазы орта мектебінің 9-сынып оқушысы
Қаратал ауданы

Сурет ғаламтордан алынды