ҚАРТТАР СЫНШЫЛ, ЖАСТАР МІНШІЛ

Уақыты: 27.08.2023
Оқылды: 2113
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Бүгінде қариялар тарапынан жастарға артылар сын көп. Оны көз көріп, құлақ естіп жүр. Бірақ айтылып жатқан сынның бәрі орынды ма? Жастар соғұрлым төмен ойлайтын, қатігез, заманға қарай батыс пен шығысқа еліктеп, икемделіп, дәстүрден аттап, олпы-солпы күн кешетін ойсыз-қамсыз буын ба? Осындау сан сауалға кейде өмірдің өзі жауап қатып жататындай көрінеді де тұрады.

Әрине, жас болған соң өмірдің қыр-сырына толықтай қанықпаған буыннан қателік пен кемшілік кететіні де жасырын емес. Алайда «жар жағалаған жастар» дейтін айыпқа тұтас буынды таңа аламыз ба? Қиыс басқан, қиғаш кеткен тұста тәрбиенің таза шырынымен тояттатқызып, тентегін «тәк» деп тезге салып түзейтін аға буын емес пе? Дегенмен осы тұста жастарға қарттар сөзін өткізе алмай немесе абыз кеуделердің ақылына жас ұрпақ мойынсал хәлде бола алмай жатқан бір қайшылықтың барын білеміз. Сірә, мұны  түсінісе алмаушылық деуге де болатын шығар.

Қазіргі технология дамыған заманда қоғамдағы болып жатқан түрлі жаңалық, оның ішінде жан жатыратарлық немесе жаға ұстарлық оқиғаларды көріп жүрміз. Күні кеше TikTok желісіндегі бір видео көңілге күрсініс алып келді. Видеодағы оқиға – қоғамдық көлікте келе жатқан ақсақал қолындағы тосабының бір мөлшерін жерге төгіп алады. Аңдаусыз, абайламай төгіп алған асты көрген әйелдер қауымы ұлардай шулап: «Бұл не масқара?», «Шалдар неге үйінде отырмайды?» деп бірі сынап, тірі сөгелді. Араларында егде апалар да бар. Осынау оқиғаны көрген жас қыз өздеріндей жүргіншілердің жөнсіздігіне шыдамай қарияны қорғамақ болады. Ақыры айла таппаған ару өз жейдесімен тосап төгілген жерді сүртіп, мұнтаздай етеді. Ал сын айтуға, жөнсіз жекуге, дәлелсіз ділмарсып біреуді тұқыртуға үйренген әлгі әйелдер қауымы бойжеткенді қариямен қоса жерден алып, жерге салды. «Өзінің бала-шағасы неге қарамайды?» деген ақылға қонымсыз сөздер де айтылып жатты. Осынау видеоны көріп, астындағы пікірлерді оқыдық. Желідегі көпшілік қыздың адамгершілігін ерекше бағалап, ризашылығын білдіріп жатты. Осы жерден сұрақ туындайды. Сонда жас егде тартқан, кейуаналық жасққа жеткен әйелдер мен апалар ана жас қызға қандай тәрбие үйретіп жатыр? Көпшіліктің сөзі дұрыс па? Жастар соғырлым сынайтындай қатігез, ақылсыз ба? Міне, осының өзі өмірдің бір дәлеліндей дүние.

Қоғамда осы сияқты біз білмейтін түрлі жағдай орын алуда. Әрине, жастардың да бұрыс басатын жері бар. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» демекші жас буынға тағылар сынның да өз орны, салмағы болу керек. Тентегін «тексіз», тентірегенін «тәлімсіз» деп жерден алып, жерге салмай, сипай қамшылап жолға салған кешегі даналарымыз секілді, бігінгі аға буын жастардың мінін ашып айтып, ашындырмай жеткізуге міндетті. Дегенмен бүгінгі сынның көбі адамның жеке басына, ар-намысына тиетіндей ауыр байламдармен астасып жататыны жасырын емес. Сондықтан да ашындырып айтқан ақылдан ащы соққысы дұрыс еді дейтін жастар үлкеннің жанашырлығын жүрдім-бардым тыңдауға көшкен.

Расында, кешегі күнге көз жіберсек, қазақ баласын үлкенді құрметтеп, ешқашан оларға қарсы келме, қашанда жасы үлкен жанның жолын кеспе, ауызын тоспа деп тәрбиелеген. Бұл тәлімнің таза шырыны болса, оны таңдайға баса алған тектілікке бет алмақ. Бұл орайда да, «Тектілік тұқым қуады», – деп айтқан қазақтың тәлімді сөзі ойға оралады. Тәрбиенің тұнығы бойға дарыған, көреген, дана адамдарды текті жерден шыққан дейтін. Ондай адам қашанда ортаға сіңімді, сыйлы болады. Дегенмен қазіргі қоғам адам танымына, тәрбиесіне, адами қасиетіне ерекше әсер етеді. Сонымен қатар, жас ұрпаққа ащы, бірақ мағыналы, кемшілігіне дөп тиетін жебедей өткір сын керек. Алайда сол сын жебесі ұшқары кетіп, не жетпей орта жолда адасып кететіні де, жалқыға емес, жалпыға таңылатыны да рас. Соның салдарынан қарттар сыншыл, жастар міншіл көрініп, өзара рухани байланыс жоқ секілді сезілетіні де бар. Әйтпесе, санаулы болмаса жалпы жастар ата тағылымынан тәлімалып, тұрпатына қарап бой түзеп жүргені де жасырын емес.  

Айғаным АЙТМҰХАН
Фото: көрнекілік үшін