Мәселе: Кибер алаяқтардан қалай қорғанамыз?

Уақыты: 08.10.2023
Оқылды: 1869
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

«Заманың сенің құбылды, текеметтің түріндей, ойлағаны жамандық», – дейді Шортанбай Қанайұлы. Зар заман дәуірінің өкілі өз кезеңін осылай суреттесе керек. Кейде баба жұрт қалдырған туындылар өткен шақтың емес, тап осы кезеңнің бедеріндей көрінеді. Шыны сол, қазіргі қоғам мінсіздей болғанымен зерделесеңіз, бүгінгінің адамы бірін-бірі алдауға, арбауға дайын тұрады. Сенбейсіз бе?

Сандарды сөйлетсек, осы жылдың 9 айында өңірімізде 410 кибер алаяқтық орын алыпты. Бұл – ресми мәлімет. Нақты, алаяқтардың арбауына түсіп, құқық қорғаушыларға шағымданған адамдардың саны. «Өлімнен ұят күшті» дегендей, «жұрттың алдында масқара болмайын», «алданғанымды ағайын білмесін» деген оймен саусағын бүгіп, «ақымақ» болғанын құқық қорғаушылардан жасырғандар да жетіп артылады. Егер олардың бәрін тізбектей жөнелсек ресми сан айқайлап аспанға шығар еді. Осы ретте заңды сауал туындайды. Неге алаяқтар көбейді? Неге халық арбауға жиі түсіп жүр? Тарқатайық...

Талдықорған қаласының бір тұрғыны (аты-жөнін атамауды өтінген) OLX сауда платформасына бұрын тұтынған, қазір қаңырап тұрған ескі жиһазын сатуға шығарады. Не керек, жиһазды жарнамалап болған бетте сатып алушы пайда бола кетеді. Емен-жарқын сөйлесіп, ескі бұйымның кем-кетігін сұрап, әйтеуір алуға уағдаласады. Жиһазына қызыққан кісінің іші-бауырына кіріп тұрғанын уайым етпеген әлгі байғұс сатып алушының дегеніне көніп, жіберген сілтемесіне енеді. Нұсқаулық бойынша тиісті орындарға банк шотының кодтары мен сандарын тізбектей орналастырады да жібереді. Содан бітті. Сатып алушының телефоны өшкен. Байланыс жоқ. Гәп қайда жатыр, зейнетақысы түсіп, несиесін төлеуге қалдырған қаржысы құмға сіңген судай жоқ болады. Не баласына, не құқық қорғау органдарына шағымданбаған тұрғын осылайша сан соғып қалған. Бұл болған оқиға.

Тағы бір мысал. Кезіндегі Қапал ауданы, Қоңыр ауылының тумасы Алмас Омаровты алаяқтар тіптен қатырған. 1972 жылы дүниеге келген азаматтың басынан ақылға қонымсыз жағдай өткен. Биыл қыркүйек айының соңында телефонына банктегі шоттарының бұғатталғаны жөнінде хабарлама келеді. «Апам да аң-таң, мен де аң-таң». Содан шапқылап отырып шоты бұғатталған «Kaspi bank-ке» барады. Күтпеген жайтқа сонда қанығады. Осы жылдың 14 шілдесінде «Халық банк» арқылы атынан несие рәсімделген. 1 800 000 теңге. Арнайы QR код арқылы алынған несие тауар алуға төленген. Алмас Омаров бұл жайдан да хабарсыз. Екі айдан аса уақыт өткенде шоттарының бұғатталғаны жайында хабар алғаннан кейін несие туралы біледі. Атынан несие рәсімдеген кісілер де ақылды болып тұр ғой. Алған қаржының көп бөлігін қалтаға басып, шотта 90 мың теңге қалдырған. Алаяқтың есебі бойынша екі ай көлемінде қалған сома несиені өтеуге бағытталады. Алданған кісі тыныш болып, қылмыстың арты бұралаңға салуға уақыт жеткілікті. Бүгінде Алмас Омаров құқық қорғау органдарын жағалап жүр.

Жоғарыда айтқанымыздай, биыл өңірімізде 410 интернет алаяқтығы орын алған. Жетісу облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Нұрлан Сағындықовтың айтуынша, алаяқтар үшін әлеуметтік желілер мен онлайн сауда платформалары аса тиімді көрінеді. Осындай желілерді пайдалану арқылы 135 қылмыс тіркелген. Алаяқтар онлайн несие рәсімдеу арқылы 43 қылмыс, жобаларға инвестиция салуға итермелеу арқылы 103 қылмыс және банк қызметкерлерінің атын жамылып 129 қылмыс жасаған. Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Н.Сәбитұлының сөзінше, осынша қылмыстың тек 61-і ғана ашылған. Бұл орын алған қылмыстың 15 %-дей ғана. «Ай-қап!» дерек.

Алаяқтық, оның ішінде интернет алаяқтығымен күресу үшін Жетісу полиция департаментінің басшысы №190 бұйрығын шығарған. 6 шілдеде шыққан құжатқа сай «Cyberpol» тобы құрылған. Аталмыш топтың құрамына Жетісу облысы полиция департаменті тергеу басқармасынан 3 тергеуші, криминалдық полиция басқармасынан 3 жедел уәкіл, жедел криминалистикалық басқармасынан 2 криминалист, ақпараттандыру және байланыс басқармасынан 2 маман кірген. Қазір осы құрылым алдын алу шараларына ден қойған. Әлеуметтік желілерде, БАҚ-та интернет алаяқтығының алдын алу бойынша жұмыс жүргізуде екен. Аталмыш топ жыл басынан бері 40 мыңнан астам үндеу парақшасын таратып, 23 мыңнан аса тұрғын үйді аралап, алаяқтардың арбауынан сақ болуға шақырған. Сонымен қатар, «Интернет алаяқтыққа жол жоқ», «Алаяқтарға жол жоқ» акцияларын тұрақты өткізіп келеді екен.

Осындай ауқымды жұмыстар жүргізіле тұра өңірде алаяқтық, оның ішінде кибер алаяқтық неге азаймай тұр? Заңды сауал! Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Нұрлан Сағындықов мұндай қылмыстың шектен тыс өршуіне қаржылық сауаттылықтың төмендігі себеп екенін алға тартады. Үгіт-насихат жұмыстары жүргізілгенмен арбау мен алдауға түсетіндер көп. Тағы заңды сұрақ туындайды, алаяқтар иландырып, қалтасындағысын беруге итермелеген адамдарды құқық қорғаушылар сендіре алмайтын болғаны ма? Н. Сәбитұлының сөзінше, жастар арбау мен алдауға көне қоймайды екен. Олардың интернет сауаттылығы, ІТ технологиядан жеткілікті хабары бар. Жергілікті құқық қорғаушылар әлеуметтік желілерге сақтыққа шақырған, алданбауға үгіттеген 3268 видеоролик жариялаған. Жастар мұны көріп, қамсыз қалмайды екен. Ал алаяқтардың арбауына әдетте 45-70 жас аралығындағы тұрғындар иланып қалады.

Жуырда Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Ринат Зайытов алаяқтық жасайтындардың 80 %-ті намаз оқитындар деп қоғамды бір шулатқаны бар еді. Бұл ақпарат нақты не жалған екенін айтқан кісінің өзі білер. Бірақ жұрт көп шоғырланатын жерлерде құқық қорғаушылар сақтық шараларына шақыратын жиындарды жиі өткізіп тұрады. Мұндай шара әр аптада жұма намазы өтетін сәтте мешітте де ұйымдастырылады. Намаз оқитындарды да алаяқтардың арбауынан қорғау қажет.

P.S. Кибер қылмыскерлер уақыт талабына сай жаңғырып, дамып отырады. Алдау-арбау әрекеттерін жетілдіреді. «Cyberpol» барынша қарекет етіп, тұрғындардың қылмыскер құрығына ілікпеуіне әрекет етеді. Дейтұрғанмен, тұрғындардың да сақ болғаны абзал. Данышпан Абай «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап, әуре етеді ішіне қулық сақтап, өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап», – дейді. Хакімнің тілін алыңыз, оқырман.

Дастанбек Садық
Фото: көрнекілікке алынды