Зиратқа зұлымдық

Уақыты: 20.07.2018
Оқылды: 1432
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Редакциямызға «Талдықорғанның шығаберісінде орналасқан Наймансай қалың қорымындағы Манарбек Биғайұлының зиратына қойылған тасын бұзып алып кетіпті» деген хабар түсті.

Марқұмның жары Ғалия Құсайынова: «Жұбайымның қайтыс болғанына биыл бір жыл толуына орай Құран бағыштауға барғанбыз. Көңілім түсіп қайтты. Күйеуім қайтыс болғанда 300 мың теңгеге бейітінің басына қойған тасын қатыгездер алып кетіпті. Зираттың есігінен сүйретіп шығарған тастың ізін көріп жүрегім ауырды. Бұл масқара ғой! Осыны көре сала  Ескелді аудандық ІІБ қызметкерлеріне арыз-шағым жаздық. Тасты қайта жасаттық. Мені алаңдатып отырғаны басқа да қарапайым халықтың зираты тоналмаса екен», – деп мұңын шақты. 
«Өлі разы болмай, тірі байымайды». Ойпыр-ай, өлілер мекенінен зират тасын ұрлап, зұлымдық жасап қайда барамыз? Бағзы дәуірден бері текті халықтың ұрпағы едік қой. Өткенімізге үңілсек, қазақта мұндай жантүршігерлік әрекетке жол берілмеген. Тіпті, келеңсіз оқиғаның ұшы шықса болды, балалар естімесін деп, үлкендер «Тәйт» деп тыйып тастаған. Сонда халқымыздың көнеден қалған әдет-ғұрпы, мейірімділігі, еліне деген жанашырлығы жоғалып бара жатқаны ма? «Ұят», «Обал», «Жаман болады» деген үш-ақ ауыз сөзге тоқтаған елде барып тұрған зұлымдықтың орын алуы қатты қынжылтады. Қалай болғанда да қылмыскерлер табылып, тиісті жазасын алуы тиіс. Сондай-ақ, кейінгі толқын жастарды имандылыққа, адамгершілікке тәрбиелеу үлкен парыз деп білеміз.
Шариғатымызда да ұрлық жасауға тыйым салынған. Бұл күнәні істегендерге дүниеде де, ақыретте де ауыр азап бар. Біреудің мал-мүлкін рұқсатсыз, заңсыз түрде алудың барлық түрі ұрлыққа жатады. Ұрлық –  ауыр күнә. Ұрлық істеген адам иманынан айырылады. «Ұрпақ түбі – қорлық» екенін естен шығармайық, ағайын!

Айдар ҚАЛИЕВ