КҮЛКІ КҮНІ ҚАЙДАН ШЫҚҚАН?

Уақыты: 05.04.2019
Оқылды: 2788
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

1 сәуір – Күлкі күні. Осы күн тосыннан айтылған жаңалықтарға, өтірік әңгімелер мен әзіл аралас әрекеттерге толы.  Осылайша,  әлемнің көптеген елдерінің тұрғындары бір-бірін алдап, шуақты көктемді күлкімен қарсы алуды әдетке айналдырғалы қашан?!  Ал біздің елге бұл мейрам қайдан келген?  

Аталмыш күннің та­рихы сонау ХVI ғасырдан бастау алады. Мейрамның шығу тегінен нақты деректер жоқ. Дегенмен, сәуірдің алғашқы күнін тойлау дәстүрі  Франция, Ұлы-британия мен Швеция халықтарының арасында қалыптасқан. Күлкі күні жайлы жазылған ең танымал деректерде Еуропаның көптеген елдері үшін 1 сәуір  күн мен түннің теңелген күні ретінде аталып өтілген деседі. Оған қоса, Пасха мейрамын тойлаумен қатар келген күннің идеологиялық жақтарын да ескермеске болмайды. Яғни, бұл күнді  діні мен ділі бір,  Еуропа халықтарына ортақ мейрам деп қарастырған дұрыс. Ертеректе осы  күні адамдар бір-біріне жаңажылдық сыйлықтар беріп, өтірік әңгімелер құрастырып, барынша көп адамды сендіруге тырысқан. Ал енді бірі  қисынсыз тапсырмалар беріп, елде жоқ бір затты тауып келуге жіберген екен. Біздің елге бұл мейрам Еуропадан Ресей арқылы келген. Ал орыс халқы бұл күнді атап өтуді І Петр дәуірінен  бастаған. 
Қазақ қоғамына  жат  болса да, бұл күн жастар арасында өте танымал. Күлкі күнін атап өту, өтірік әңгімелер, алдаулар бір сәттік қана қуанышқа себеп. Арзан күлкіге әуес адамдардың әр сөзі мен әрекеті  өтірікпен байланысты. Бұл ақырындап әдетке айналып бара жатқандай. Осылайша біздің мәдениетіміз бен дәстүрімізге тән қалжың, әзіл-әңгімелер бүгінде өз кейпін жоғалтуда.  Ертеректе шынайылықтан алшақ әңгімелер мен оқиғалар, қалжың сөздер халықтың көңілін көтеріп, күйбең тіршіліктің қиындықтарын бір сәтке болса да ұмыту мақсатымен айтылған. Арнайы жиын-тойларда қалжың араласқан айтыстар өтетін. Өтірік өлеңдер де халық арасында танымал болған. Бірақ ол қалжыңдар мән-мағынаға толы еді. Астарлы әзіл айта білу де үлкен өнер ретінде бағаланатын. Ал алдап-сулап айласын асыратын адамдар халық арасын­да жаман атаққа ие болған. Бүгінде бір-бірін алдап, өтірік әңгімелерге сендіруге құмар адамдардың қиялында  шек жоқ. Тек достарын, таныстарын, жақындарын алдаумен тоқтамай, тіпті жедел жәрдем, құтқару қызметтеріне хабарласып, жалған мәлімет беретіндер де бар. Әлеуметтік же­лілер, мессенджерлер арқылы өтірік ақпарат таратуды да қызық са­найтын азаматтардың қатары көбеюде. Көп жағдайда бұл әрекеттердің соңы үлкен даумен аяқталып жатуы таңғаларлық емес.
 Сәуір айында айтылатын әзілдер мен алдаулар зиянсыз әрі шынымен де күлкілі болу керек. Алдап кө­ңілін көтергіңіз келген адам жақын до­сыңыз немесе туы­­сыңыз болса да, барынша абай болуға тырысыңыз. Айтылған өтірік сөздің арты өкінішке әкеп соқпасына ешкім кепіл бола алмайды. 
Күлкі өмірді ұзарта­ды. Бірақ алдап немесе қисынсыз әрекеттер жасап, біреуді күлдіремін деп өзіңіз күлкіге қалып жүрмеңіз.

Айсұлу ЧЕЛЕКЕН