ӘКІМ ОРЫНБАСАРЫ: "ГАЗЕТ-ЖУРНАЛ ОҚЫМАЙМЫН, ТЕЛЕДИДАРҒА УАҚЫТ ЖОҚ"

Уақыты: 28.10.2019
Оқылды: 1720
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Белгілі журналист Болат Абаған өзінің "Facebook" парақшасына бұқаралық ақпарат құралдарының қажеті шамалы деп өзеуреген әкім орынбасары туралы ашына пост жазды. Журналистердің жұмысын жоққа шығарған әкім орынбасары онымен қоймай, газет-журнал оқымайтындығын, тіпті, теледидар да көрмейтіндігін алға тартқан.

"Бір әкімнің идеология жөніндегі орынбасары: "Газет-жорнал оқымаймын, теледидарға да уақыт жоқ. Бар жаңалықты әлеуметтік желіден естимін. Осы дәстүрлі БАҚ қаншалықты қажет?" - деп айды аспанға шығарыпты. "Газет- халықтың көзі, құлағы һәм тілі" дегенді айтқан қайран Ахаң мұны естісе, естен танар еді. Бір аймақтың идеологиясына жетекшілік етіп отырған жанның сиқы осы! Әлеуметтік желілердің асыра сілтеуі мен журналист бола алмай қалған блогерлерді әулие тұтқан басшының ойы жақсылыққа апармасы анық", - делінген көптің талқылауына түскен жазбада.

Пост бойынша пікір білдірушілердің басым көпшілігі әкім орынбасарының рухани жұтаңдығын сынға алса, енді бір бөлігі шындықты айтыпты десіп жатыр. Пікір жазғандардың қатарында "Ана тілі" газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан ойланбай сөйлеген орынбасарды: "Нағыз бейшара екен", - десе, Динара Мыңжасарқызы бастаған бір топ желі қолданушылары аты-жөнін атап, түсін түстеуді сұраған.

Көп талқысына түскен жазбаны "Нұр Отан" партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев та назарға алып, халықтың санасы өзгергенін, шетелдің ықпалы да жоқ еместігін көп нүкте арқылы астарлап жазып, соңында бәріне өзіміз кінәлі екенін жеткізген.

Ал соңғы кезде әлеуметтік желіні белсенді қолданып жүрген кәсіпкер, ауылшаруашылығының маманы Алмасбек Садырбаев не де болса, әкім орынбасары шындықты айтқанын, газет-журнал өткен шақ екенін, тіпті, "Нью-Иорк Таймс", "Уашингтон Пост" секілді әлемдік басылымдардың қағаз варианты құрдымға кеткенін нық сеніммен жазған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды