Ағайын-ырысың, көрші тынысың

Уақыты: 04.03.2017
Оқылды: 2653
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қазақтың көрнекті жазушысы Оралхан Бөкейдің «Атау кере» романы көзі қарақты оқырманның жадында болар. Әр сөйлемі, бөлімі есіңізде ме? деп сұрау ақылға қоныңқырамас. Дей тұрғанмен, басты үш кейіпкердің бірі саналар Тағанның монологына мән бермеу мүмкін емес. Ол үнемі «Біз осы неге?» – деген сауал тастап барып күйінішін күй қылып толғаушы еді ғой. Бүгінгі таңда кез келген мәселеге Тағанның көзімен қарайтын болсақ, сол сауалды бір емес, жүз, тіпті мың мәрте қоятынымыз анық... 

Біз осы неге халық құндылығын құнттамай келеміз? Бабалардың басқан ізіне үңіліп, олардың ғибратты ғұмырын жыр қылғанда тамсанып, таңданып алатынымыз анық. Бірақ рухани қазынаға қалай кенелгенін, халқын сүйіп, адамзатты бауыр көріп, ағайынын құрметтеп, көршімен тонның ішкі бауындай етене болғандығының сырына қаныққымыз келмейтіндей көрінеді. Бұл көпке қаратып айтқан сөз, «жапқан жала, жаққан күйе» емес. Сол көпті көлегейлейтін, «бір қарын майды шірітер» жандарға айтылған, оларға деген күйініштен туған сауал. Егер халқының қасиетін арттырып тұрған, сонау мыңжылдықтар шеруінде өркениетті ел саналған Алаштың басты байлығы, өзгеден артықшылығы дін мен дәстүрінде жатқанын аңғарар еді. Оны ұққан жан бесік пен бейіттің арасындағы тұтам тағдырын жақсылықпен, қайырымдылық, ізгілікпен өткізер еді-ау...
Иә, бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің қатарына адамдардың бір-біріне деген мейірімділігінің кемшін түсіп тұрғаны кіреді. Неге? Тіршілік харекетімен жүріп, «сананы тұрмыс билейдінің» керімен кеткендіктен бе? Олай десек, отбасының берекесіне ұйытқы, алтын асықтай ұл, күміс қасықтай қыз тәрбиелеген, туған-туыс, ауыл-аймағына сыйлы болып күн кешіп жүргендер жоқ емес. Олар да тұрмыс қамын ойлап, бейнетті тіршілік кешуде. Бірақ адами қасиеттен алшақтап, ақиқат шеңберінен аттап жатқан жоқ. Сондықтан да, қалай өмір сүргісі келсе адамының өз еркінде деп бір түйсек, екіншіден, дініміз бен дәстүрімізді толық түсінбегендіктен, бабалар өмірін көзбен көргенімен, көңілге түймеудің салдарынан адами қа-   рым-қатынастың қазығын берік қаға алмауда десек, ділмарсып кеткендігіміз бола қоймас.
АҒАЙЫН Тату Болса... Жақсылықта жүгіріп, қиындықта қасыңнан табылар туыстардың араздасуы қиын-ақ. Мың құбылған қоғамда талай адамның жүйкесі сыр беріп, жақынын жақтырмай, сөз көтеруден қалып жатқаны белгілі жайт. Тіпті, араларына дүние-байлық түсіп, сол үшін бір-бірін көрместей болып жүрген жандар баршылық. «Сабыр түбі – сары алтын»,  – деп қандай жағдайға тап келсе де ағайынның көңілін қалдырмауды өмірлік қағидасындай көрген халықтың дәстүрлі өмір салтына зер салсақ, әулетін басқарған қариялар «қазаны басқаның қайғысы басқа» боларын біліп, туысымен араздасу тұрмақ, ағайыннан ірге бөліп кетуге жол бермегенін әдебиет пен тарих, этнографиялық жазбалардан оқып, біліп жүрміз. Тіпті, тірі шежіре саналар ақ- сақалды аталарымыз бен ақ- жаулықты аналарымыздың аузынан ағайыннан асқан жанашыр жоқтығын, бірліксіз береке болмайтынын жиі естиміз. Сөйте тұра қамшының сабындай қысқа өмірде бірге туған бауырымызға қырын қарайтынымыз саналыны мойындатар келеңсіз көрініс емес пе? Бұл жағынан келгенде дәстүрге барлау жасасақ, «Өзіңнен туған жас бала, сақалы шығып жат болмай», – деген жыраулардың жырын расқа айналдырмай, бірлік, татулық үшін жатбауырлыққа жол бермей әмеңгерлік жоралғысын сақтағанның өзі, ағайын, құданың арасын алыстатпаудың қамы емес пе?.. Салтымыздағы  осындай жоралғыларды санамалап берсек, халқымыз ағайын арасындағы татулықты басты орынға қойғанын аңғарамыз. Ал енді Ислам діні жазбаларына сүйенсек, «Алла үшін ең сүйікті іс – Аллаға иман келтіру, сосын туыстық байланысты сақтау, сосын жақсылыққа үндеп, жамандықтан тыю. Алла үшін ең жаман іс – Аллаға серік қосу, сосын туыстық байланысты үзу», – деген Пайғамбардан (с.ғ.с) жеткен хадис бар. Осының өзінен-ақ адам баласы үшін туыстық қарым-қатынастың алар орны ерекше екенін аңғаруға болады. Ал енді Әнес ибн Мәліктен жеткен риуаятта Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кімде-кім ырызық-несібесінің молаюын немесе ғұмырының ұзақ болуын қаласа, туыстық байланысты жалғасын», – деген екен. Қарап отырсақ, бұл айтылған діни ескертпелер мен қазақтың дәстүрлі өміріндегі тыйымдар, туысты жақындастырар жоралғылар ағайын-туғанның адамзат өміріндегі рөлінің қандай екенін ажыратып береді. Ол үшін кешегілердің сара жолына бір сәт үңіліп, шариғи үкімді назарда ұстасақ жеткілікті. 
КӨРШІ АҚЫСЫ... Әлімсақтан қазақ «Көрші ақысы –  Тәңір ақысы», – деп біліп, алыстағы ағайыннан жақындағы көршісін артық көргенін жақсы білеміз. Бұл адамды алалау емес. Тек қарым-қатынасқа қарай айтылған ұтымды ой деп білген жөн. Жоғарыда кей ағайынның араластығы төменгі сатыда өрбитіндігін айтып өттік. Дегенмен, «көрсең көзің тоятындай» әулеттер жетерлік. Сол секілді көршісін «Құдай қосқан» деп бағалап, жақынындай аралас-құралас та болатындар бар. Бұл көңіл қуантарлық жайт. Алайда, өткенін түгендемей, болашаққа бағдар жасай алмайтын халықтың мінезі бойынша тағы да бабалар өмірі мен бүгінгі күнді  салыстырып көрелік. Өткен ғасырда халқымыз ауыл, қауым болып араласып, көршісімен етене болғандығын алдыңғы толқынға дәлелдеп жатудың қажеті шамалы. Тек көзі қарақты жас оқырмандардың кейбіріне ертегідей көрінуі мүмкін. Мәселен, біз танып өскен үлкендер: «қос үйдің арасында кіріп-шығып жүретін есік болғаны жақсы. Көршімен жақын болған жөн», – деп айтып отырушы еді. Ал қазір іргелес жатқан үйлердің ортасына салынған тас қабырғадан есік тұрмақ саңлау таба аламайсыз. Қал сұрамақ түгілі қансырап жатсаң да  мойын бұрмайтындай күйге түсіп, көршімен қарым-қатынас орнатудан қалып бара жатқанымыз жасырын емес. (Тас қаладағы тас есіктер жайы айтпаса да түсінікті). Осындай олқылықтарды санамалап берсек, бабалардың тектілігі неде жатқанын аңғара аламыз. Әрине, ол дін мен дәстүр құндылығында емес пе?! Мәселен, Ұқба ибн Амирден жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.ғ.с): «Қиямет күні ең бірінші дауласатындар – көршілер», – деп ескертіп кеткен. Осының өзінен-ақ адамзаттың өмірін тұтас қамтыған илләһи ілімнің үкімінде «Көрші ақысы» барын аңғарамыз. Ал, неге біз осы бабалардың асыл қасиетін, ділмарлығын сөз еткенде көсемсіп, шешенсиміз де, олардың дәстүрі һәм имани жолымен жүруге талпынбаймыз?! Неге біз осы тектілік жайлы толғанғанда таң асырамыз да, дана халықтың құндылықтарын құнттамаймыз?! Хәкім Абай айтқанда әр адам айына бір есеп беріп, осы сауалды өзіне қойса, кемшілікті түзетудің амалы даналар салған даңғылда екенін ұғынса, ағайынның татулығы мен көршінің жақындығы басты байлықтың санатында екенін сезінер еді-ау. 

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ