КОРОНАВИРУС КҮРТ ӨРШІП, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ЭПИДАХУАЛ НАШАРЛАДЫ

Уақыты: 10.04.2021
Оқылды: 996
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Журналистер үйінде Алматы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асхат ЧАРАПИЕВ және облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Арман ЖАНСЕҢГІРОВПЕН «Алматы облысында коронавирусқа қарсы жаппай екпе салу» тақырыбында баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Алматы облысында сырқат белгісімен тәулігіне тіркелетіндер саны өсіп барады. Үй жағдайында 600-ден астам адам індеттің белгісі байқалмайтын түрі бойынша ем алуда. Сырқаттанудың алдын алу бойынша 17 компьютерлік томография, 53 рентген аппараты, 534 өкпені жасанды желдету аппараты жұмыс істейді. Барлығы 17 аурухана оттегі аппаратымен жабдықталған. Індетпен күреске 3455 медициналық қызметкер тартылған. Облыс бойынша барлығы 14 зертхана жұмыс істейді. Зертханада тәулігіне 9 мың зерттеу жүргізіледі. 

 

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асхат Сәкенұлының айтуынша, бірінші компонент бойынша 24803 адам екпе алған. Олардың 11887-сі медицина қызметкері, 7809-ы ұстаз, 563-і мемлекеттік қызметкер. Қалғандары әртүрлі санаттағы тұрғындар.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Арман Серікұлының сөзінше КВИ-дің өсу қарқыны соңғы екі аптада артқан. Мысалы, Текелі қаласында 803, Талдықорғанда 3850, Көксуда 601, Қараталда 586, Ескелдіде 466, Панфиловта 1119, Ұйғыр ауданында 482 жағдай тіркелген.

Осы жайттарға байланысты «Алматы облысының аумағында карантин режимі және кейбір шектеу шараларын күшейту туралы» қаулы шықты. Сәуірдің 12-сінен бастап күшіне енетін қаулыда сауда-саттық орындар сағат 10:00-ден 17:00-ге дейін жұмыс істейді. Аудан, қалааралық және туристік автобустар жұмысын тоқтатады. Сенбі-жексенбіде кинотеатрлар жұмыс істемейді.

Дәрігерлер жақында Рамазан айының басталатынын айта келіп, көпшілік бір-бірін ауызашарға шақыруды қою керектігін ескертті. Дастарқанда басқосу инкубация кезеңіндегі сырқаттардың індетті бір-біріне жұқтыруы мүмкін екенін айтады. Бұл инфекция қаупінің жоғарылауына және сол арқылы эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына әкелуі мүмкін деп ескертті эпидемиологиялық мамандар.

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды