ҰЗЫНАҒАШ ОРТА МЕКТЕБІНДЕ 71 МҰҒАЛІМ КОВИДКЕ ҚАРСЫ ЕКПЕ ҚАБЫЛДАДЫ

Уақыты: 08.08.2021
Оқылды: 1218
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Атың өшкір ауру елімізді дендеп барады. Коронавирус жұқтырғандар қатарының көптігі көпшілікті алаңдатып отыр. Бұған тосқауыл қоюдың бірден-бір жолы екпе екенін халыққа түсіндіріп жатқан мамандардың кеңесі өз нәтижесін беруде. Жамбыл ауданының білім саласы қызметкерлері де мұны алғашқылардың бірі болып жете ұғынды.

Қазіргі кезде аудан мектептеріндегі педагогикалық құрамның басым бөлігі коронавирусқа қарсы вакцина алды. Бұл істің жауапкершілігін дұрыс түсінгендердің бірі – аудан орталығындағы Ұзынағаш орта мектебінің ұжымы.

Білім мекемесінің директоры Раушан Ермұханованың айтуынша, мұнда екпе алуға тиісті қызметкерлердің дені екпенің екі компонентін де қабылдапты. Нақтырақ айтатын болсақ, білім шаңырағында барлығы 87 мұғалім еңбек ететін болса, соның 71-і екпе салдырған.

Қалғандарына келсек, вакцина алмағандардың түрлі себептері бар. Тарқатып айтқанда, мұғалімдердің ішінде үшеуінің аяғы ауыр болса, 8 қызметкер әртүрлі сырқаттарымен дәрігерлердің есебінде тұрғандықтан, оларға екпе салдыруға болмайды, 5 ұстаз-ана бала күтіміне байланысты декреттік демалыста.

Мұғалімдер арасында екпе алмағандардың осындай әртүрлі дәлелді себептері бар. Ал техникалық қызметкерлерге келсек, білім мекемесінде олардың саны 47 болса, солардың 43-і вакцина салдырған, 2 жұмыскер дәрігерлердің есебінде тұрғандар, ал 2 адам жүктілігіне байланысты екпе алудан босатылды.

Осы орайда мектеп басшысының екпеге байланысты пікірін сұрап білдік. «Бұл індетке байланысты шығарылған вакциналау төңірегінде адамдар арасында күмән әлі де сейілмей тұрғанын естіп-біліп жүрміз. Себебі әлеуметтік желілерде бір-біріне қарама-қайшы ақпараттар ағыны өте көп. Соны тыңдаған халықтың пікірі де екіұдай. Алайда бұған аса жауапкершілікпен қарап, ақпараттың ақ-қарасын ажырата білуіміз керек. Әсіресе, біз сияқты балалармен тікелей жұмыс істейтін педагогтардың жауапкершілігі еселене түседі. Ертеңгі күні біздің кінәмізден балалар ауырып қалатындай жағдай болмас үшін өте мұқият болып, қажетті сақтық шараларын жасауымыз керек. Өз денсаулығымызды алдымен ойласақ, бала денсаулығын одан бір де кем ойламауға тиіспіз. Сондықтан да мұны біздің ұстаздар ұжымы жақсы түсінді және барлығы екпе алуға қарсы еместігін білдіріп, іс жүзінде соны көрсетіп те жатыр. Бастысы – ертеңгі күні оқушылар сабаққа келгенде олар қауіпсіз ортада білім алулары керек. Адамның ауруға қарсы күресу қабілетін күшейтетін вакцинаны салдырудан ұстаздар қашпауы керек. Әсіресе, біз сияқты балалармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтіндер үшін бұл аса маңызды», – деді Раушан Әсетқызы.

Ауданда қазіргі кезде коронавирус індетіне қарсы екпе салу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы

Алматы облысы