АЛАКӨЛДЕ ЖАСЫ ТОҚСАНҒА ТАЯҒАН ҚАРИЯ ВАКЦИНА САЛДЫРЫП АЛДЫ

Уақыты: 07.08.2021
Оқылды: 873
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Әлем жұртшылығын әбігерге салған коронавирус індетінің беті қайтар емес. Пандемияның қыспағында тұрған ауданда індетке қарсы күресті күшейту, қалыптасқан ахуалды жеңілдету, індет салдарларын жою барысында бірқатар ілкімді жұмыстар атқарылуда.

Қазіргі таңда халық арасында екпе алу жайлы, вакцинаға қарсы теріс пікір қалыптасып, жаңсақ әңгімелер сананы улау үстінде. Алайда дерттен сақтанудың жалғыз жолы – вакцина алу. Дана халқымыздың «Ауырып ем іздегенше ауырмаудың жолын ізде» деген аталы сөзін жалау еткен Жыланды ауылының тумасы 87 жастағы Кеңесбек қария Оспановтың өзі де, отбасы мүшелерінің барлығы дерлік екпе алған.

– Екпе алу арқылы адам жұқпалы аурулардың таралуын болдырмайды және өз отбасы мен қоғам мүшелерін, яғни балаларды, иммундық жүйесі әлсіреген өзіміз сияқты қарт адамдарды қорғайды. Осы уақытқа дейін жоспарлы вакциналау, әлемде миллиардтаған адамдардың өмірін сақтап қалған. Сондықтан біз бірауыздан отбасымызбен екпе алуға шешім қабылдадық. Көпшілікке вакцинадан қорқудың қажеті жоқ екенін айтқым келеді, – дейді қария.

Жалпы Алакөл ауданына 37 мың дана вакцина әкелінген. Олардың ішінде: «QazVac», «Hayat-Vax», «CoronaVac», «Спутник-V» түрлері бар. Бүгінге дейін екпенің бірінші компонентін 19 мың тұрғын алса, екінші компонентін 12 мың адам қабылдаған. Қауіпті вирусты вакцина алумен ғана тежеу мүмкін болғандықтан екпе салдыруға жауапкершілікпен қарап, өзіміздің және жақындарымыздың денсаулығын сақтауға үлесімізді қосайық.

Қасиет АРЫСТАН,

Алакөл ауданы әкімінің баспасөз хатшысы

Алматы облысы