ЖЫЛДАМДЫҚТЫ ТАҢДАЙ БІЛ

Уақыты: 02.08.2016
Оқылды: 1719
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Салауатты өмір салтын ұстану – бүгінгі күннің талабы. Сол талаптың үдесінен шығу үшін әрі тұр­ғындар ара­сын­да спорттық шаралардың маңыз­ды­лы­ғын дәріптеу мақсатында Талдықорғанда картингтен «Жылдам­дықты таңдай біл!» атты жарыс өтті.

Бұл спорттық жарысты облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы ұйымдастырды. Оған 50-ден аса адам қатысып, өз арасындағы мықтыларын анықтады.  Шара «СТОП Қылмыс» акциясы аясында өткізілді. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Айдын Нұрмұхамбетовтың айтуынша, жарысты ұйымдастырудағы мақсат – қоғамда жұмыссыз, уақытын бос өткізіп жүрген жастарды тиянақты тіршілікке баулу.

– Облыс әкімінің қолдауымен біздің облысымызда жастар тұжырымдамасы кеңінен жүзеге асырылып келеді. Соның бір бағыты –   жастар ісі жөніндегі комитеттерді құру. Алдағы уақытта осындай комитеттер құрып, пайдалы да тиімді шараларды көптеп ұйымдастыратын боламыз, – дейді Айдын Нұрмұхамбетов.

Жарысты ұйымдастырушылардың пікірінше, картинг спорты адамды машинаны жақсы жүргізе білуге, батылдық пен ержүректікке баулиды. Осы орайда, “картинг” атауына аз-кем тоқталып өткеніміз артық болмас. Бұл терминнің ағылшын тілінен тіке аударғандағы мағынасы “спорттық шағын көлік”  дегенді білдіреді. Айта кетейік, аталмыш спорт түрі  Қазақстанға 1967 жылы келіп, алғашқы сайыс  1972 жылы өтті. Қазіргі таңда еліміздің барлық өңірінде халықтың ерекше қызығушылығын туғызуда. Талдықорғанда да арнайы орталық бар. Оған келушілер де көп. 

Осылайша, жарыс жолында тартысты ойын өрнегін көрсеткен шеберлер арнайы кубок және мақтау қағаздарына ие болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, спорттық шара мұнымен тоқтамақ емес. Алда әлі командалық ойын түрлерін өткізу жоспарланып отыр.